Жарнама
Қоғам

Ат қоюға атүсті қарамайық!

Жақында «Atr.kz» сайтында «Есіміңіз кім?» деген танымдық материал жарияланды. Онда балаға Алланың көркем есімін беруге болмайтыны, бұл үшін есімнің алдына «Абд» қосымшасын қою керектігі айтылған. Осыған орай, ой білдіргенді жөн көрдім.

71ddb438ca3ad93a32afb1a61c2eebd4

Қазір балаға беріліп жатқан есімдер қазақы қалыптан айырылып барады. Бұл туралы газет тілшілері де талай жазып жүр. Мәселен, қыздарына Тэймия, Зейна, Сафият, Шахкерім, Наира, ал, ұл туса, Абдусалам, Хан және Альхам деп ат қойғандардың өзі бұл сөздердің шығу тегін біле ме екен? Айталық, «Зейна» есімі «көркем» деген мәнге ие. Осыны алмастыра алатын Әсем, Көркем, Сұлу деген қазақтың төл аттары көп емес пе?

Шыр етіп дүниеге келген шаранаға халқымыз атты бекерге азан шақырып қоймаған. Өйткені, адамды қалай атасаң, алдағы өмірі де соған байланысты өрбиді деген түсінік қалыптасқан. Яғни, ең жақсы есімді таңдай отырып, оның иесіне дүниедегі бар жақсылықты тілеп, бата берген. Міне, атадан балаға жалғасып келе жатқан ғұрыптың артында осындай астары бар.

Бұдан бөлек, қыз балаға қойылған Бекшойын, Парасат, Теона, Ханкелді, Хансұлу, Ханшайым, Тасним, Танаиса деген аттарды да естіп жатамыз. Сондай-ақ, Алиислам, Альхам, Темірлан, Хан, Ибраhим, Мұзаффар, Абдуссәләм деген есімдер тағы бар. Ал, қазіргі қолданыстағы ең танымал аттар қандай екенін білесіз бе? Олар – Алихан, Амир, Али, Санжар, Арлан, Альтаир, Арсен, Мансур, Алинұр, Алдияр, Омар, Алан. Қыздарда – Медина, Айлин, Айша, Амина, Раяна, Сафия, Адия, Амира.

Адамның атына қарап отырып, оның ұлтын, салт-дәстүрін, тек өзіне ғана тән қасиеттерін топшылай аласыз. Тіпті, алақандай аттың өзінен толықтай ел тарихына, өткен өнегесіне қанығуға болады. Сондықтан бұл мәселеге келгенде салғырттық танытпайық дегім келеді. Ат ауыздығымен алысып, етігімен су кешкен ертедегі ер есімдерін алып қараңыз. Қылышынан қан тамған сұрапыл соғысты бастан кешкен ұрпақтың есімдері батырлыққа, батылдыққа, ұлтжандылыққа шақырып тұрады.

Ал, табиғатпен тілдесіп, шұрайлы қоныстарды мекен еткен бейбіт халық сұлулықты, тазалықты, табиғи үйлесімділікті дәріптейтін аттарды таңдаған. Өзімізге келсек, қазақ тіл-көзден аман болсын деген ниетпен жаман аттарды да қойып отырған. Сөйтіп, «жаман айтпай жақсы жоқ», деп жамандықтан сақтанған. Әрине, бұл – менің жеке пікірім. Егер айтарыма алып-қосарларыңыз болса, жауап күтемін.

Наурызбай МҰХТАРҰЛЫ,

Атырау қаласының тұрғыны.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button