ҒАСЫРЛЫҚ ҒҰМЫР
-Жаратқан иеміз қуат беріп, биыл 100 жасқа толып отырмын, айналайын, –дейді жүзінші көктемін қарсы алған соғыс ардагері Байғазы қария. — Өткен ғасырда, яғни, бұдан жүз жыл бұрын Қызылқоға ауданындағы Тайсойған өңірінде дүниеге келіппін. Мен он алты жасқа толған 1930 жылы әкеміз Байет пен анамыз Қази үш баласымен осы Есбол ауылына көшіп келіпті. Сол кезде бұл ауыл Кулагино аталатын, мұнда «Правда» деген колхоз болды. Мені де колхоздың мүшелігіне қабылдады. Мүше болған соң пішен шабу, егін егу, мал бағу секілді қат-қабат жұмыстарын атқарып жүрдік.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталған сәтте орда бұзар отызға толмаған жас жігіт еді. Ер-азаматтың бәрі соғысқа аттанып жатты. Кезек Байғазыға да келгенде «соғысқа бармаймын» деп тартынып қалған жоқ. Осылайша, 1942 жылдың басында соғысқа аттанып жүре берді. Осы кезде майдан даласы от пен оққа оранып жатыр еді. Алғашында майдан даласында екі айлық оқу-жаттығудан өтіп, мергендігімен көзге түскен қазақ жауынгері көппен бірге Харьков, Минск қалаларын жаудан тазартуға атсалысты. Кейін Сталинград түбіндегі шайқастың бел ортасынан табылды.
Сталинградты қорғауда бірнеше рет жарақат алды. Әсіресе, Дзержинск стансасы үшін болған ұрыс майдангердің есінде мәңгі сақталып қалған. Өйткені, дәл осы станса түбінде жаудың қарша бораған оғы бас көтертпей, бір адым алға жылжу мүмкін болмады. Оның үстіне төбеден түскен бомба да майдан даласын астан-кестен етіп жатты.
— Майдан даласында өліп жатқандарға ешкімнің де қарауға мұршасы жоқ. Кейін шегінуге де болмайды. Тек алға жылжу қажет. Жаудың бекінісін бұзып, бетін қайтаруға ұмтыла бердік. Көп адам қырылып қалды ғой. Біздің ротаға Дзержинск стансасын азат ету тапсырмасы берілді. Әуеден тасталып жатқан бомбаның есебі жоқ. Оқ қарша борап тұр. Есімді медсанбатта жидым…
Жүз жасаған майдангер біраз уақыт көзін жұмып, үнсіз отырып қалды. Бәлкім, майдан даласында жау оғынан қаза тапқан қаруластары есіне түсті ме екен? Әлде, ауыр жарақатынан ыңырсып жатқан қаруластарының жан дауысы құлақ түбіне келді ме? Майдангерді сұрақтың астына алып, қинағымыз келмеді. Дегенмен, жарақаты жеңіл болмағанына қанықтық. Дзержинск стансасын жау қолынан азат ету үшін ұрыста Байғазы Байетұлы бекінген тұста бомба жарылған. Ал оның зардабы қазақ жауынгеріне оңай болмады. Басынан ауыр контузия алыпты. Қара санының етін жұлып кеткен жарақаты және ауыр. Әскери госпитальдарда ұзақ емделіп, 1943 жылдың аяғында елге І топтағы мүгедек болып оралды.
Оқ пен оттың ортасынан оралған майдангер бірден «Правда» колхозына жұмысқа тұруға тілек білдіргенімен, І топтағы мүгедекке еңбек етуге болмайды екен. Заңның талабына бағыну қажет. Амалсыздан мүгедектігін ІІ топқа ауыстыруына мәжбүр болды. Шаруашылықтың әр жұмысын атқарудан бас тартпады. Ешкімнің ала жібін аттаған жоқ. Жеңістің сағаты соғылардан бір жыл бұрын өмірлік жары Жәмішпен дәм-тұзы жарасып, шаңырақ көтерді. Отбасында іңгәлап он сәби өмірге келді. Байғазы қария бүгінде өз ұрпағынан 30-дан аса немере сүйді. Ал, шөберелерінің қатары да 30-дан асты.
-Жаратқан иеміздің ерекше сыйы ғой бұл,-дейді майдангер қария жүз жасауының құпиясына қаныққымыз келіп қойған сауалымызға орай. — Көмек сұраған жанның бәріне қамқор қолымды создым. Сондайда үлкендер «Анаңның жасына жет, айналайын!» деуші еді. Сол үлкендердің берген батасы мен алғысы Алланың құлағына шалынған шығар. Шешем Қази 1976 жылы 114 жасында өмірден өтіп еді…
Бұл күнде мәуелі бәйтерекке айналған Байғазы қарияның қара шаңырағының шаттығын кенже ұлы Марат шалқытып отыр. Мараттың өзі де келін түсірген. Балаларынан өрбіген шөберелері алдына отырып алып, «Ата, мынаны қашан алдыңыз?» деп әрбір орден-медальдарының сырын білуге таласады. Бір ғасырлық ғұмырында көрген қиындығына мойымаған майдангер: «Ауылдың Мұрат Орақов пен Мәрзия Жұмағалиева деген дәрігерлері шақырсам болды, күн-түн демей қасымнан табылады. Жылы сөзімен көңілімді көтереді, ем-домымен сырқатымды емдейді. Ауданның басшылары ауылға келіп, жағдайымды сұрап тұрады. Ал, балаларым мен немере-шөберелерімнің маған деген көңілі тіптен алабөтен, бәріне де мәпелеп отырғанына ризамын» дейді.
Қаққан қазықтай тік отыратын еңсесі биік майдангер құжат бойынша алдағы 9 мамырда жүз жасқа толады. «Тәуелсіз еліміз тыныш болсын. Қазақстанды әлемге танытқан Нұрсұлтан Назарбаев – елдің бағына туған азамат қой. Елдің де, Елбасының да абыройы арта берсін» деген баталы сөзін аузынан тастамаған майдангерге ұрпағының ортасында аман-есен отыруына тілектестігімізді білдіріп аттандық.
Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ.
Есбол ауылы,
Индер ауданы.