ҒАСЫР ЖАСАҒАН ӘЖЕ

«Есік алдында төбе болса, ерттеулі атпен тең, үйіңде қартың болса, жазулы хатпен тең» демекші, қарттарымыз - тамырын тереңге жіберген бәйтерегіміз, тереңдегі тарихымыз, адастырмайтын ақылшымыз, ақ дастарханға бата берер дуалымыз. Расында да, құрыштан құйған құдіреттей болып төріңде дария көңіл қарт адам отырса, бақ пен берекенің бастауы емес пе?! Көсем сөзді қарттарын қадірлеу–адам баласының қанына әлімсақтан сіңген қасиет. 

Таяуда Исатай ауданының орталығы – Аққыстау селосында тұратын Суханберлина Жарқын әжей жүз жасқа келді. Өткен ғасырдың 30-40 жылдары елдегі ашаршылық, қуғын-сүргін, сұрапыл соғыстың жеңісін жақындату үшін тылдағы ауыр да азапқа толы тірлік. Бұл – Жарқын әжей сияқты сол қиыншылықтарды көзімен көрген тірі куәгерлердің жастық шағында басынан өткерген қиындықтарының тарихымызға хатталған парақтарының негізгілері ғана. Аудан әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков пен аудандық мәслихат хатшысы Жұмажан Қадимов, ауылдық округ әкімі Мүтиғолла Насихановтар ауылдағы берекелі шаңырақ, өнегелі отбасы Суханберлиндер әулетіне арнайы барып, ғасырлық ғұмыр кешу бақытына ие болған Жарқын әжейді құттықтады.

Бүгінде балаларының, немере, шөберелерінің ортасында ғибратты да бақытты тірлік пен әдемі қартаю үлгісін көрсетіп отырған  әжей де елдің тыныштығы мен бірлігін, ұрпақтардың амандығын тілейді.

– Біздің жас кезіміз жұмыс таңдайтын заман емес еді. Қайда жұмсаса сонда бардық. Талай қиын кезеңдерді өткердік қой. Қазіргідей «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» мына заманда менде арман жоқ десе де болады. Балаларым, немере-шөберелерім қасымда. Ел аман, жұрт тыныш. Не ішемін, не киемін демейсің, еңбек еткен адамға бәрі табылады. Біз мұндай заманды көреміз деп ойлаған да жоқпыз, – деді 100 жастағы әжеміз ағынан жарылып, риясыз көңілмен.

Қазақы қалжыңымен, қиыннан қиыстырар айтқыштығымен жұртшылық жадында қалған Әбілқасым қартпен бірге Жарқын әжеміз 7 ұл-қыз өсіріп, тәрбиеледі. Оқытты-тоқытты, бүгінде елдің  азаматтары қатарында жүргеніне шүкіршілік етеді. Отағасының да о дүниелік болғанына отыз жылдан асты. Бүгінде өмірден ерте кеткен ұлы Нұрланының орнын ұстап қалған келіні Ләйлә мен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы болып қызмет атқаратын бауырына басып өсірген немересі Еркебұланның  аялы қамқорлығында ұрпақ рахатын көріп отырған жайы бар.

Көзі ашық, көкірегі ояу, елдегі жаңалықтарға елең етіп, газет-журналдарды күні кешеге дейін көзілдіріксіз оқитын, теледидар жаңалықтарын жібермей тыңдайтын Жарқын әже немере-шөберелеріне әңгімесін айтады, көңілі де сергек. Бір ғасыр ғұмыр кешкен ардақты әже сол бір замандардағы қиын-қыстау кезеңде ел үшін жасаған ерен еңбектерін есіне түсіріп, игі істерге ізгі ниетін жеткізіп, «сендер де 100 жасаңдар» деген ақ батасын берді.

Бақытжан ЖҰМАТ,

Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз