
Астанада рухани тәлім мен жастар көшбасшылығы сөз болды
Астанада Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Пәкістанның Исламабад қаласында орналасқан Халықаралық ислам университетінің Исламды зерттеу институты бірлесіп, «Ұрпақтар сұхбаты: рухани тәлімгерлік және жастар көшбасшылығы» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өткізді.
«Бұл маңызды басқосудың басты мақсаты – ұрпақаралық және конфессияаралық диалогты нығайтып, жастардың көшбасшылық әлеуетін арттыру жолында рухани тәлімгерліктің орнын айқындау. Сонымен қатар, қатысушылар цифрлық заман ағымындағы сенім мен құндылықтардың өзгерісіне де назар аударды» деді ұйымдастырушылар.

Жиын барысында діннің жаһандық бейбітшілікке қосар үлесі, діни төзімділік мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ күш қолданудың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Осы орайда конфессияаралық ынтымақтастықты тереңдетіп, өзара құрмет пен сенімге негізделген халықаралық әріптестікті өрістету қажеттігі айтылды.
Дөңгелек үстелге Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы басқармасының төрағасы міндетін атқарушы Марат Қалижанов пен Халықаралық ислам университетінің Исламды зерттеу институтының бас директоры, профессор, доктор Мұхаммад Зия-уль-Хак қатысып, рухани тәлімгерліктің қазіргі қоғамдағы маңыздылығы жөнінде пайымды пікірлерімен бөлісті.
Үш бөлімнен тұратын мазмұнды бағдарлама аясында қатысушылар дінаралық түсіністік пен ұрпақтар сабақтастығының өзектілігіне тоқталды. Сонымен қатар, 2024 жылы өткен І Жас діни лидерлер форумының қорытындылары сараланып, жастар арасында көшбасшылықты қалыптастыру тетіктері талқыланды.
Жиын соңында қатысушылар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің дін саласына ықпалы жайында пікір алмасты. Сондай-ақ, алдағы уақытта өтетін ІІ Жас діни лидерлер форумына қатысты ұсыныстарын білдірді.
Айт кетейік, аталған іс-шара гибридті форматта ұйымдастырылып, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде синхронды аудармамен қамтамасыз етілді.
Майра ЕРҒАЛИ