Жарнама
Қоғам

АСТАНА – АЗАТТЫҚТЫҢ ЖЕМІСІ

 

Келбеті бар көз тартар

Қала төріндегі бірегей нысан Бәйтерек сынды биіктеген Астана айшықтары әлем назарында. «Бұл – мәңгіліктің қаласы, болашақтың бастауы. Оның түлеуі мен түрленуі әлі алда» деген пікірлердің жаны бар. Еуропалық сән мен қазақы сымбат қатар өрілген кешендер мен теңдесіз ғимараттар түрлі өркениеттердің сәтті табысуы іспетті. Әлемге аты әйгілі сәулеткерлердің небір үздік жобалары Сарыарқа төсінде жүзеге асып, көз қуанышына айналды.

Ұлт мақтанышына баланған Бәйтерек – Астананың мызғымас символы. Белгілі британдық архитектор Норман Фостердің пирамида үлгісіндегі «Бейбітшілік және келісім» сарайы –бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарынан орын алған алып кешен. Ал, «Хан шатыры» сауда ойын-сауық орталығы әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат болса, «Думан» орталығы теңізден алыс орналасқан океанариум ретінде танымал. Сонымен қатар, 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған он мың орындық «Сарыарқа» бірегей велотрегі, халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдыны, «Астана Опера» секілді ғимараттар Астана сәулетін еселеп арттырып тұрғанын айта кеткен жөн. 

Елбасы мен Елорда – егіз ұғым

Әр елдің астанасы – сол елдің төл­құжаты. «Астанасына қарап, елін таниды» деген Елбасы сөзінде терең мән бар. Мемлекет басшысының «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «Қалалардың да адамдар сияқты өз тағдыры болады. Олардың әрқайсысының өз аты, қайталанбайтын өмірбаяны, дүниеде ешбір жерге ұқсамайтын өзіндік айрықша мінезі мен бел­­гілері бар» деген жолдар бар. Расында да, жаңа Астана тарихы — ертегіге бергісіз ақиқат. Елорданың өзгелерге үлгі боларлық тұстары жетерлік. Тұрғындарының жыл санап еселеп артуы Астанамыздың дүние жүзі бойынша дамып келе жатқан ең жас қала екенін білдіреді.

Сонымен қатар, ертеңіне қол созған Елорда – жастардың қаласы, болашақтың бастауы, келер күннің келісті боларының берік кепілі, халқымыз үшін тәуелсіздік пен өсіп-өркендеудің алтын тұғыры. Президенттің перзентіндей болған Астанаға Елбасының идеялық еңбегі ғана сіңген жоқ, қаланы жасыл желекке көмкерген бас бағбаны да, ажарын сәнді еткен бас сәулетшісі де Мемлекет басшысы болды. Сондықтан да, Елбасы мен Елорда – егіз ұғым. Уақыттан оза шапқан бүгінгі Астана – тұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сенімінің көрінісі, арманы мен тілегінің кепілі. 

Ел мерейі – ЭКСПО-2017

Алдағы 2017 жылдың 10 шілдесінен бастап 10 қыркүйегіне дейін Елорда төрінде Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі ұйымдастырылмақ. Ауқымды шараның тізгінін ұстар елді таңдау рәсімі 2012 жылдың 22 қарашасында Франция астанасы Парижде ЭКСПО халықаралық бюросы Бас ассамблеясының 152-ші сессиясы барысында белгілі болды. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша Астана үшін 103 мүше-мемлекет дауыс берсе, бельгиялық Льеж қаласы 44 дауыс жинады.

Ұйымдастырушылармен таңдалған тақырып Future Energy (Болашақ қуаты) болып табылады. Ал, үстіміздегі жылдың сәуір айында Елбасы болашаққа арналған үндеуі бар құты-капсуланы іргетасқа қалап, Астана төрінде өтетін халықаралық мамандандырылған көрме нысандарының құрылысына рұқсат берді. Осылайша, Елордадағы «Назарбаев Университетінің» қарама-қарсы жағы алып құрылыс алаңына айналмақ. «Бұл–бүкіл Қазақстан үшін аса маңызды оқиға. Осы жылдар бойында мен Астанадағы көптеген нысандардың құрылысына бастау бердім. Қазірдің өзінде Елорда тамаша күйге енді. Ал, 2017 жылы біздің бас қаламыздың 20 жылдығы «ЭКСПО-2017»-нің ашылуымен тұспа-тұс келмек» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұндай көрме кешені секілді нысанның Астанада, тіпті, Қазақстан бойынша бұрын-соңды салынбағандығын мәлім еткен-ді.

Елордадағы жаңа ғимараттар мен құрылымдардың негізі «жасыл» энергетикамен қамтамасыз етіледі және ғалымдар мен жастар үшін үлкен зертханалық зерттеулер жүргізетін орын қызметін атқарады. Тұтастай алғанда кешен құрамында төрт мың пәтер, үлкен қонақ үй, Конгресс-холл, жабық қала бой көтереді. Сайып келгенде, ауқымды шараның Астана төрінде өтуі төрткүл дүниеге Елордамыздың да, күллі еліміздің де жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. 

Тоғыз жолдың тоғысында…

Инфрақұрылымдық желінің дамуы – ел өркендеуінің басты кепілі. Бұл саланы оңтайландыру жолдарын кеңінен қарастырған Қазақстан да осынау әлемдік талаптың үдесінен шығуға тырысуда. Елбасы «Нұрлы Жол — болашаққа бастар жол» атты жаңа Жолдауында осы бағытты егжей-тегжейлі талдап, нақты бағыт-бағдар ұсынып отыр. Және бұл жыл сайынғы Жолдаулардың басты тақырыптарының бірі болып келеді. Нәтиже айқын. Қазіргі уақытта тоғыз жолдың торабында, Ұлы Жібек жолының күретамырында бой көтерген Астана Елбасымыздың бастамасымен ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажайыптардың бірі болып отырғандығына күмән жоқ.

Жыл санап, транзиттік тынысы ашылып келе жатқан еліміздің жолдарын салу барысында әлемдегі озат елдердің тәжіри­бесі меңгеріліп, озық технологиялар енгізілуде. Бұл ретте халықаралық талаптарға сай Астана-Бурабай автотабанының ақылы жүйемен жұмыс жасауға көшкенін айрықша атап өтуге болады. Ал, Ресей, Қазақстан, Қытай арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік жолының жалпы ұзындығы 8445 шақырым болса, соның 2 787 шақырымы біздің ел аумағы арқылы өтеді. Өз кезегінде республиканың бес облысын басып өтетін халықаралық трассаның бойынан орын тебетін түрлі нысандар арқылы жұмыссыздық секілді мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік туып, сервистік қызмет жүйесі дамитыны сөзсіз.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button