АССАМБЛЕЯ ТУРАЛЫ АРНАЙЫ КУРС БОЛСА…
Көп ұлттың басын қосқан шара мемлекеттік тілде жүрді. Және басқосу барысында мемлекеттік тіл мәселесі, қазақстандық патриотизм, Ассамблеяның мән-маңызын одан әрі арттыру жайы кеңінен қозғалды. Мәселен, философия ғылымдарының докторы Өмірбек Бекежан «Ассамблеяның мәні мен рөлі, қазақстандық қоғамның көп ұлтты сипаты жайында жиі айтылады, әр ұлттың өкілдеріне жеткізіледі. Бірақ, көп жағдайда оқу орындарында оқымайтын жастар осындай тәрбиелік жұмыстардан тыс қалатын сияқты. Ондай жағдайда оларға өзге елдің ұстанымдарын, көзқарастарын, идеологиясын тарату оңай бола түседі» деп ұрпақ тәрбиесінде Ассамблеяның маңызын арттыру қажеттігі туралы орынды мәселе көтерген.
Расымен де, бірлігіміздің ұйытқысына айналған Ассамблеяны балабақша, мектеп бағдарламасында арнайы курс етіп оқыту ұсынысы – құптарлық іс. Бала жастайынан өзге ұлт өкілдерімен қарым-қатынас, сыйластық орнатуды үйреніп өсетін болады. Өзге ұлттардың тілін, дінін, мәдениетін құрметтеуді үйренеді. Сөйтіп, бала ешуақытта ақылға сыймайтын әрекеттерге бармайды. Бірліктің мәнін жете ұғынады. Және өз елінің патриоты болып өседі. Сонымен бірге, Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі арта түсетін болады.
Жалпы, әр ұлттың рухани құндылықтарын, мәдениетін жете білу – халық арасындағы байланысты бекітіп, құрметті арттырады. Бұл бағытта Ассамблея атқарып отырған жұмыстардың орны айрықша. Ел арасында өтіп жатқан көптеген мәдени шаралар мен маңызды жобалар сан ұлттардың арасындағы сыйластықты одан әрі нығайтады деп білемін.
Анарбек НОДЯРОВ,
Ұйғырлар қоғамы филиалының төрағасы.