
Аспаз боламын!
Атырауда ерекше жастар аспаздықтың қыр-сырын меңгерді. Үшкүндік оқу курсы аясында олар тәтті әрі пайдалы тағамдар әзірлеп үйренді.

Жақында «Ұшқын» әлеуметтік жобасы шеңберінде өткен «Аспаздық мүмкіндіктер» мамандыққа бағыттау және практикалық дағдылар курсында жиырмаға тарта ерекше жас неше түрлі тағам дайындады. «Ерекше Ана – Ерекшем 16+» қоғамдық қоры ұйымдастырған шарада олар қаладағы белгілі мейрамханалардың біріне барып негізгі практикалық дағдыларды үйренді.
Қатысушылар оқу-бағдарламасының бірінші күнінде аспаздық кәсіптің ерекшеліктерімен танысты. Ал, екінші және үшінші күндері практикалық сабақ жүргізілді. Мұнда ерекше жандар қарапайым және пайдалы тағамдарды дайындау тәсілін көріп, жасады. Олар аспаздармен бірге салаттармен тіскебасарлар және дессерт дайындады. Іс-шара соңында қатысушыларға «Аспаздық мүмкіндіктер» курсынан өткенін растайтын арнайы сертификаттар табысталды. Бір қатысушы жұмыс орнына жолдама алды.
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ