
Аспанға ұмтылған арман
(Атыраулық ұшқыштың әңгімесі)
Әуе кеңістігін бағындыру – көп адамның бала күнгі арманы. Алайда, ұшқыш болу үшін мол қаржылық мүмкіндік пен мықты таныс керек деп ойлайтындар да аз емес. Бұл пікірді жоққа шығарып, өз күшімен ұшқыш атанған жандардың бірі – атыраулық Нұрдәулет Аманқос. Небәрі жиырма екі жастағы ұшқышпен Атырауда өткен «Ab-Initio» ұшқыштарды даярлау бағдарламасына арналған «Ашық есік» күнінде танысып, онымен жақынырақ әңгімелесудің сәті түскен еді. Нұрдәулет өз арманын «Ab-Initio» бағдарламасының арқасында жүзеге асырыпты. Қазір – «Эйр Астана» әуе компаниясының кәсіби ұшқышы.
Бұрын-соңды авиацияға мүлде қызығушылық танытпаған Нұрдәулет ХІ сыныпта оқып жүргенде YouTube қарап отырып, экраннан «Өз арманыңды жүзеге асыр» деген жарнама көлденеңдей беріпті. Әуелі оны өткізіп жібергісі келгенімен, райынан қайтып қалады. Сол бейнежарнама оның өмірін өзгертіп жіберген.
– Басында жай ғана жарнама екен деп қарадым, бірақ онда айтылған мәлімет мені ойландырып тастады. Өйткені ұшқыш болу мүмкін емес, бұл тек байлардың немесе арнайы таныстары барлардың ғана қолынан келеді деп ойлайтынмын. Бірақ тереңірек үңілсем, бұл бағдарламаға кез келген адам құжат тапсыра алады екен, — дейді Нұрдәулет.
Бейнежазбада ұшқыш болудың мүмкіндігі туралы айтылып, «Ab-Initio» бағдарламасы жайлы ақпарат берілген. Нұрдәулет іздене келе, бағдарламаға қатысқан студенттерді тауып, олардың қарапайым отбасынан шыққанын, ешқандай ерекше таныссыз, өз күшімен оқуға түскенін айтыпты. Осылайша, ол да өзінің бағын сынап көру үшін бағдарламаға тапсыруға шешім қабылдайды.
«Ab-Initio» бағдарламасы – авиация саласында тәжірибесі жоқ, бірақ дарынды, талантты және ынталы жастарды оқытуға арналған жоба. 18 бен 34 жас аралығындағы кез келген Қазақстан азаматы бұл бағдарламаға қатыса алады екен.
2021 жылы он сегіз жасқа толған бойда өтініш беріп, іріктеуден өткен Нұрдәулет тоғыз айлық сынақ кезеңдерінен сүрінбей өтеді. Қыркүйек айында қабылданғаны туралы хабарлама алған ол «Эйр Астана» компаниясымен келісім-шартқа отырып, кәсіби ұшқыш болуға қадам басады.
– Іріктеу кезеңдері өте қиын болды. Әртүрлі тесттер, медициналық тексерулер, психологиялық сынақтардан өту қажет. Бірақ ең бастысы – өзіңе деген сенім. Егер ұшқыш болуға шын құштарлық болса, қорықпай, барлық сынақтан өтуге дайын болу керек, — дейді ол.
Нұрдәулет «Ab-Initio» бағдарлама-сының арқасында тек ұшқыш атанып қоймай, көптеген мүмкіндіктерге ие болды. Компания қызметкері ретінде әуе билеттерін 90% жеңілдікпен пайдаланып, бизнес-класс рейстерімен саяхаттайды. Бұл оның авиация саласында өз орнын тауып, кәсіби деңгейде өсуіне зор ықпал еткен.
– Ең алғаш рейске шыққаным әлі есімде. Кабинада отырсам да, осы жетістікке жеткеніме әлі сенімді емес едім. Біртіндеп бәріне де бойым үйренді. Ең бастысы – жауапкершілік пен үнемі үйренуге ұмтылу, — деп Нұрдәулет жігерлене түскендей болды.
Тұманды күндері қону – ұшқыштың кәсіби шеберлігін сынға салатын ең күрделі сәттердің бірі. Әсіресе тұман қалың болса, ұшақты дәл әрі қауіпсіз қондыру зор жауапкершілікті талап етеді.
– Осыдан бір жарым ай бұрын Кореядан Алматыға бағыт алған рейсте мен осындай қиындыққа тап болдым. 11600 метр биікте ұшып келе жатқан біз қонуға дайындалдық. Бірақ жерді көру мүмкін емес, айнала тұтас бұлт пен қалың тұман. Тіпті, алдымен көзге шалынатын Алматының биік нүктелері – Көктөбе мен Шымбұлақ та көрінбейді. Ұшақты аман-сау қондыру үшін ұшқыштың тәжірибесі мен ептілігі дәл осы жерде аңғарылады. Біздің ұшу бағытымыз қалыпты болғанымен, ұшып-қону жолағы тек 60 метр қалғанда анық көрінді. Сонда ғана желдің бағыты мен күшін, ауадағы турбуленттілікті есепке ала отырып, ұшақты дұрыс бағытта ұстап тұруға тырыстық. Мұндайда қол, аяқ және көздің үйлесімді жұмысы шешуші роль атқарады. Ұшқыш ұшып-қону жолағының орналасуын, желдің әсерін, ұшақтың бағытын бірден бағамдап, қолымен, аяғымен тиісті тетіктерге қажетті түзетулер енгізуі тиіс. Ұшақты өте қатты немесе тым жұмсақ қондырмау үшін дәлдік пен сезгіштік те қажет. Әр қозғалыс, әр шешім жолаушылардың қауіпсіздігі үшін аса маңызды, — дейді жас болса да кәсіби қалып танытқан ұшқыш.
Тұманда қону – ұшқыштан жоғары кәсіби дайындық пен салқынқандылықты талап ететін күрделі процесс. Ондай сәтте әуеде қалықтап келе жатып, уақыт пен кеңістікті дәл есептей отырып, лайнерді жерге жұмсақ қондыру – нағыз шеберліктің көрінісі.
Бүгінде Нұрдәулет өз тәжірибесімен бөлісіп, жастарға авиация саласының ашық екенін, ұшқыш болу үшін тек өзіңе сену керектігін айтып келеді. Қарапайым отбасыдан шыққан оның ұшқыш болуы – арманның қалай да орындалатынына жарқын мысал. «Ab-Initio» бағдарламасы – авиацияға қызығатын, бірақ қаржылық немесе отбасылық жағдайына байланысты күмәнданатын кез келген адам үшін зор мүмкіндік.
– Егер шын беріліп армандаса, барлық мүмкіндік бар. Бастысы – сенім, ізденіс және табандылық таныту. Мен де сенген жоқпын, бірақ қазір әуеде еркін ұшып жүрмін! — дейді Нұрдәулет жай ғана езу тартып.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Коллажды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ