ӘСКЕРИ ӨМІРГЕ ҚЫЗДАР ДА ҚЫЗЫҒАДЫ
Осындай айтулы шара қарсаңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің №2016 әскери бөлім базасында «Ашық есік» күні болып өтті. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен жүзеге асқан шарада қала мектептері мен лицей-колледждерде оқитын 260 оқушы әскери бөлім құрылымымен танысты. Олар сапқа тұрып, әскери бұйрықтарды орындағаннан кейін бөлімнің тарихы бойынша шағын дәріс тыңдап, қару-жарақты құрастыру, ит ұстау, қылмыскерді құрықтау тәсілдерімен танысты.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Андрей Беляевтің айтуынша, мұндай шаралардың жастарға әскери-патриоттық тәрбие беріп, отаншылдыққа баулуда атқаратын ролі зор. Мұнда келген жасөспірімдер әскерде қызмет етудің қыр-сыры жайында толық мағлұмат ала алады.
-Біз бүгін көп нәрсе үйрендік. Алғашқы әскери дайындық сабағынан шеп құрудан бастап қаруды жинап-құрастыруға дейін үйренген едік. Бұл жерде алған білімімізді толықтыруға мүмкіндік алдық. Өзім келесі жылы медициналық оқу орнына тапсырғым келеді, сол себепті, әскери өмірді біле бергеннің артықшылығы жоқ деп ойлаймын. Сол сияқты, қыздардың ішінде болашағын әскери қызметпен байланыстырып қарайтындар аз емес,-дейді Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Сая Сәрсенбаева.
Әскери бөлім командирі Болат Әбсематовтан білгеніміз, №2016 әскери бөлімінде қазіргі таңда, негізінен, Ақмола, Қызылорда, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарының сарбаздары Отан алдындағы борышын өтеуде. Офицерлер мен жеке штаб қызметкерлері отбасыларымен бірге жатақханамен қамтылып, балаларына арнап бөлім аумағының бір шетінен ойын алаңы салынған.
Құралай ОРАЗ.