ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕГІ БІР КҮН
ЖАТТЫҒУДА ШЫҢДАЛАДЫ ЖАС ӨРЕН…
Бүгінгі жас өрен — ертең Отанын қорғайтын ер. Сондықтан, әскери бөлімнің бүгінгі тынысымен танысуға бұл жолы жергілікті колледж студенттері мен мектептердің біраз оқушысы келіпті.
— Әскери-патриоттық тәрбие беру, жастарды әскери қызметке даярлау — бүгіндегі басты мәселелердің бірі. Осы бағытта елімізде ауқымды жұмыстар жүруде. Биылғы қазан айында Астанада алғаш рет Қазақстан Президенті, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының қатысуымен І әскери-патриоттық форумы өтеді. Ол шын мәнінде, кейінгі буынға әсері ерекше ауқымды шара болмақшы. Бүгінгі «Ашық есік күні» де соның ауқымында өтіп жатыр, — дейді №41433 әскери бөлімнің командирі Ұлан Нұрғазиев.
Студенттер мен жоғары сынып оқушыларынан тұратын топ алдымен казармаларды аралады, жауынгерлердің киім үлгілерімен танысты. Оның ішінде күнделікті киетін киімнен бастап, соғыс кезінде пайдаланатын жарақтардың барлығы да бар. Әсіресе, жастардың бес қаруын сайланған барлаушыларға қызығушылығы ерекше болған секілді. Біз де сарбаздардың қару-жарағымен жақынырақ таныстық. Міне, барлаушының мойнына асқан автоматы, белдігіне қыстырған пышағы. Бір қарағанда, бұрынғы қарулардан еш айырмашылығы жоқ, алайда, жақынырақ танысқанда ерекшелігі көп екендігін байқадық. Мәселен, кәдімгі пышақтың кішкене құрылғысын қозғасаң, тапаншаға айналып шыға келеді. Осылайша, сындарлы сәт туғанда ол барлаушыны ажалдан құтқарып қалмақшы. «Альпийский» арнайы бөлімше ротасының керек-жарағы да өзгеше. Сарбаздың көзіндегі «көзілдірік» күндіз де, түнде де көреді екен. Оған ерекше назар аударуымыз бекер емес. Бұрын «түнгі дүрбі» тек түнде ғана қосылатын, командирлер қымбат дүниенің жарықтың әсерінен жарамсыз болып қалуына алаңдайтын. Ал, қазіргісіне ондай қауіп жоқ. Қасымыздағы әскери адам мұның себебін жаңа технологиямен байланыстырады, яғни, қаруымыз негізінен Ресейдікі болғанымен, сарбаздардың керек-жарағына израильдік жетістіктер пайдаланылып жатқан көрінеді. Айтпақшы, әскери бөлімнің ауласына бұрынғы көз көрген кеңестік-ресейлік әскери техникаларымен қатар, түріктің жеңіл бронды техникасы да қойылыпты. Өзге қару-жарақтар самсап тұр, оны айналшықтап жүрген жастар да көп. Соның бірнешеуін әдейілеп сөзге тарттық.
Аян Жамбылов Теңдік ауылындағы Қайырғали Смағұлов атындағы орта мектептің 11- сынып оқушысы екен. «Жауынгерлердің киім-кешек үлгілері, әскери техникаларымен танысып жатырмыз. Қасымдағы балалармен бірге суретке де түсіп үлгердік» дейді ол. Қасындағы сыныптасы Райымбек Тасқыновтың пікірі де осы тұрғыда өрбіді. «Мен бұл әскери бөлімге былтыр да келгенмін. Жауынгерлердің өмірімен, техникаларымен танысып, жақсы әсер алдым. Сөз жоқ, осыдан кейін әскерге барғым келіп кетті» дейді ол. Тағы бір 11-сынып оқушысы Әлішер Жалғасов: «Бізге бұл шара өте ұнады. Мен әскери училищеде оқып, әскери адам болғым келеді. Бұл күн біздің есімізде ерекшелігімен қалады», — деп ойын айтты. Ал, мектептерде алғашқы әскери дайындық пәнінен дәріс беретін Мұхамеджан Тұқманбетов шәкірттер үшін мұндай таныстырылымның көп естігеннен бір рет көргендегі пайдасы зор болатындығына тоқталды. «Әскери бөлімде қарауға тұрарлықтай көп дүние бар. Атыс қарулары мен техникалар жетілдірілген, арасында шетелден әкелінгендері де аз емес. Оның үстіне кейінгі буын өкілдеріне бронды әскери техниканың рөліне отырып, кеңірек танысуына мүмкіндік берілді. Олар өздерін механик немесе атқыштың орнына қойып, кәдімгі жауынгер ретінде сезіне алады. Осыдан соң мектептегі сабағымыз да жеңіл, әрі қызықты өтетіндігіне сенімім бар», — дейді ол.
Жиналғандарға Р-142 КШМ радиостанциясы көрсетілді. Әрбір жабдық, қару-жарақ тереңірек таныстырылды. Атырау қалалық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарма бастығы Сейіткерім Арапбаевты да осыннан жолықтырдық. Құрылым басшысының айтуынша, мұндай шаралардың жастарды әскери қызметке дайындауда маңызы зор. Сарбаздардың өмірін өз көздерімен көрген, қаруларын қолдарына ұстаған кейінгі толқынның бойында жауынгерлік өмірге деген қызығушылықтары оянады, отансүйгіштік қабілеттері артады.
— І әскери-патриоттық форумның қоғамдық-саяси маңызын ескере отырып, арнайы медиа-жоспар да жасақтадық. Мұнда ауқымды, әрі жауапты науқанға әзірлік жұмыстары көрініс табады, — деген басқарма басшысы «журналистер бұл шараларға өз үлестерін қосса» деген тілегін де білдірді.
АЛАҢДАҒЫ АЙҚАС
«Ашық есік күніне» келушілердің назары ендігі бір сәтте арнайы жабдықталған алаңға ауды. Жауынгерлер осы сәтте нағыз ұрыс қимылдары кезіндегідей қызу әрекетке кірісіп кеткен болатын. Командирдің әмірі берілгені сол еді, жан-жақтан пулемет, автоматтар тарсылдай ата жөнелді. Қиқу салған сарбаздар өздеріне берілген тапсырма бойынша кедергілерден өтіп келеді. Тікенек сым, биік дуал олардың жолына тосқауыл болар емес. Жанкештілікпен сарбаздар мәреге жетті. Байқаймын, шараға қатынасушылардың назары алаңдағы айқасқа ерекше ауған. Отан қорғаушылардың қолма-қол ұрысқа түсіп, атой салуы да олардың жанарын еріксіз байлады. Енді бірінде жауынгер алыстан жүгіріп келіп, қатарласа иіліп тұрған қаруластарының үстінен секіре тепті, көлденең ұстаған зат та күл-талқаны шығып қирады.
Әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында бұрын да аз шара өтіп жатқан жоқ. Бірақ, бұл жолғысы оларға ұқсамады. «Еліміздің бүгіні мен ертеңін айқындатар басты бағыттардың бірі – ол жеткіншек ұрпақ тәрбиесі. Бүгінгі шараны ұйымдастырып, жас өрендерді көбірек қамтып отырғандағы мақсатымыз да осы – жастарды тәрбиелеу. Осындай жұмыстар болашақта да жалғасын таба беретін болады. Сонымен қатар, ерекше тоқталарым, жұртшылық бүгін қазақстандық әскерилердің жауынгерлік мүмкіндігін, қуатын, кәсіби шеберлігін көрді. Бөліміміздің сарбаздары қару-жарақты толық меңгергендігін дәлелдеді. Қазақстан өз әскерімен мақтана алады, қорғанысын қамтамасыз ету бағытында жұмыстана бермек» деп сөзін қорытындылады №41433 әскери бөлімнің командирі Ұлан Нұрғазиев.
Айта кетейік, бүгінде Атырауда 14 әскери-патриоттық клубы жұмыс жасайды. Алдағы уақытта оның арасынан үздік шыққандары республикалық І әскери-патриоттық форумға қатынасуға мүмкіндік алады.
Азамат БАЗАРБАЕВ.