Жарнама
Қоғам

Аштық пен азаптың ақиқаты

*31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Халық қасіретін құжаттардан оқыған сайын жүректегі жара қайтадан сыздайды. Кеңестік тоталитарлық жүйе жүргізген 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін – ұлт тарихындағы ең зұлмат кезеңнің бірі. Бұл – тек ресми айыптармен емес, көмескі күдіктермен де мыңдаған жазықсыз жанды жалмаған нәубет. Сол жылдары мұғалім де, дәрігер де, дін өкілі де, қарапайым шаруа да «халық жауы» атанып, тағдыр тәлкегіне түсті. «Жау іздеген жүйе жаппай сенімсіздікке сүйенді» десек, бұл тұжырымның салмағын архив беттері толықтай дәлелдейді.

Тарихқа тағзым күні аясында Атырау облысы мемлекеттік архивінің бөлім басшысы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия құрамында болған Райса Тастеміровамен (суретте) сұхбаттасқан едік. Тәжірибелі маман архив қорындағы ресми деректер негізінде қуғын-сүргінге ұшыраған бейкүнә жандардың тағдырына тоқталып, зұлмат жылдардың зілі мен жазықсыз жандардың жанайқайын жеткізді. Жазылған шындық – тасқа басылған тағдыр.

Құжатта қатталған шындық

– Райса Кенжеғұлқызы, сұрқия саясаттың салқыны ел санасында ғана емес, құжат бетінде де сақталғаны белгілі. «Тарих – тағылымның таразысы» десек, архив деректерінде біз біле бермейтін қандай ақтаңдақтар сақталған?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде арнайы комиссия құрып, өткен ғасырда қуғын-сүргіннің құрбанына айналған  адамдардың тағдырына шынайы баға беретін кез келгенін, жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – барша қазақтың перзенттік борышы екенін, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру ұрпақ алдындағы зор жауапкершілік екенін айтты. Мемлекет басшысы тарихи миссияны атқару міндетін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияға жүктеді.

Комиссия мүшелері сол міндетті жүзеге асыру жолында жоғары кәсібилік және әділетті қызмет ету керек екенін жақсы түсінді. Қазақ халқының басынан өткен ақтаңдақ жылдары ұлт намысы үшін күрескен, сол үшін жазаланған ардақтыларды саяси тұрғыдан да, құқықтық жағынан да ақтап, олардың күрескерлік өміріне шын бағасын беру мемлекеттік комиссияның мақсаты болды.

Қай дәуірде де бірнәрсе айқын, ол – замана қайғысы ортақ. Ал, замана қайғысы – адам қайғысы болғаны анық. Халқымыздың басынан өткен ХХ ғасырдың басындағы қасіретке толы қиын кезең деректерін архивтерден табуға болады. 1921-1922 жылғы аштық, 1928-1929 жылдардағы тәркілеу, ұжымдастыру, 1931-1932 жылдардағы қолдан жасалған ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін – осы жағдайлардың әсері қазақ халқының басынан өткен ақтаңдақ жылдар деуге толық негіз бар.

– Иә, ашаршылық саясаты да ұлт тағдырына төнген қауіп екенін сарғайған құжат парақтарынан оқуға болатын шығар?..

– Орынды сұрақ. Кеңес өкіметі кезінде жабық тақырыптардың бірі болған ашаршылық қасіретінен Атырау өңірі де зор зардап шеккенін архив деректері айғақтайды. Орал губерниясына қарасты Гурьев уезіндегі ашаршылық жағдайын баяндайтын тарихи құжаттар Ресейдің архив деректерінде «Шаруалардың Кеңес үкіметі мен коммунистік партияның жанашырлығына көңілі көтеріліп жатыр, көмек беріліп жатыр» десе, мына бір деректе жантүршігерлік жайлар жазылған:

«Ашаршылықтан шаруалардың көңіл-күйі өте нашар. Егін салуға деген оң көзқарас болғанмен, олар тұқымның уақытылы жеткізілмеуінен қорқады. Губерниядағы қиын жағдайларға байланысты контрреволюциялық үгіт күшейді. Елде бантитизмнің өршуі саяси жағдайға ұласып, Орал қаласы соғыс жағдайында деп, Гурьев уезі қоршау жағдайында деп жарияланды.

Аштық күшейді. Ашыққан адамдар малды құртып, ит пен мысықты тамаққа пайдалануда. Қабірлерден мәйіттерді қазып алу фактілері орын алған. Іш сүзегі және қайталанатын қызба эпидемиялары дамып келеді. Медициналық кадрлардың, дәрі-дәрмектің жетіспеушілігінен аурудың алдын-алу шаралары әлсіз.»

Одан әрі аштықтағы халықтың тұрмысын баяндайтын деректерде: «Жымпиты, Гурьев уездерінің шаруалары аштықтың күшеюіне байланысты соңғы малын жеп жатыр. Қазақтар басқа аймақтарға қоныс аударуда. Шаруалардың шіркеу құндылықтарына деген, дінге деген көзқарастары теріс бола бастады. Каннибализм жағдайлары көбейіп барады. Көмек өте аз, Гурьев уезінде ашаршылыққа ұшырағандарға көмек көрсетуге жиналған көмекке аптасында бар болғаны 2 миллион рубль жиналып, бірнеше пұт  ұн ғана жиналды. Аштық пен індеттен өлім-жітім асып түсуде», — деген сұмдық деректер бар.

1921 жылғы ашаршылық қолдан ұйымдастырылып, соның арты қазақ ұлтын жоюға ниеттенген саясатқа ұласып, халық жаппай сүргінге ұшырады. Сол кезеңдегі кеңестік биліктің ұшқары саясатынан басталып, қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтың зардаптары, қазақ жерінен халқымыздың ұлт ретінде жойылып кетуі қаупін төндірді. Халық көрші елдерге бас сауғалап кетуге мәжбүр болды. Қолдан жасалған осы қасіретті кезеңнің деректері архив қорларында құжат болып сақталуда.

Архив – үнсіз шежіре. Ал оның әр жолында қайғы мен қасірет қатар өрілген. Мәселен, 1938 жылы Гурьев облысынан жолданған бір ғана анықтаманың өзі тұтас бір кезеңнің рухани, саяси жағдайынан хабар береді. Онда облыстағы мектеп мұғалімдері арасынан «өзге пиғылды», яғни «кеңес билігіне қарсы» адамдардың шыққаны, мұғалімдер тарапынан «жағымсыз» көріністердің жиілегені баяндалады.

Құжаттарда облыс мектептерінде «антикеңестік элементтердің үлесі айтарлықтай» екені жазылған. Гурьев педагогикалық колледжінде мұғалімдердің жалпы санынан 15 адам «дұшпандық және жат элемент» деп танылған. Есбол ауданындағы Кулагина орта мектебінде мұғалімдердің 46,6 пайызы – «жат элемент». Елтай мен Горы мектептерінде де бұл көрсеткіш дәл сондай. Қысқасы, байдың баласы немесе Алаш идеясын жақтаған мұғалім болса, тағдыры талқандалып, болашағы бұлыңғыр болған.

– Бұл тек мұғалімдерге қатысты деректер ғана ма? Әлде қуғын-сүргін салқыны өзге салаға да тиді ме?

Әрине, бұл саясат тек ұстаздар қауымымен шектелген жоқ. Көзі ашық адамның бәрі «күмәнді топ» ретінде қаралды.

Доссор ауданының мысалы – соның дәлелі. Мұндағы мұғалімдердің ішінде 13 адамның БК(б)П мүшесі емес екені көрсетілген. Олардың үшеуі «бөтен, жау элемент» ретінде арнайы аталған. Тіпті, сол мұғалімдердің бірі – неміс тілі пәнінің мұғалімі Искандерян Германиядан саусағына тағуға арналған, фашистік белгісі бар сақина әкеліпті. Осы бір болмашы деректің өзі күдікке себеп болып, адам тағдырын күйреткен.

Түймедейді түйедей қылған заманның тірлігі – осы. Бұл ұлт тағдырына төнген қауіп болды.

Зұлмат заманның ызғары

– Зұлмат заманның ызғары тек мектеп қабырғасында ғана емес, өндіріс ошақтарына да жеткені белгілі. Осы тұрғыда қандай деректер бар?

– Тағы бір жабық партия жиналысында Гурьев облысындағы борат өнеркәсібі – «Индерборстрой» мекемесінің табиғи байлығы жөнінен әлемде екінші орында тұрғаны айтылған. Алайда осы кәсіпорынды «сатқындар мен шетел жансыздары басқарып отыр» деген мәлімет те бар.

Қараңызшы, ел игілігі үшін жұмыс істеп тұрған нысанның өзіне күйе жағылып, ішіндегі адамдар бір сәтте қылмыскерге айналып шыға келген.

– «Дінді ұстанған – дұшпан» дегендей, дін өкілдеріне де қысым көп болғаны рас па?

– Қай заманда болсын, дінді ұстанған адам рухани тірегінен айырылмаған. Бірақ кеңестік жүйенің қолшоқпарлары бұл тіректі де қиратқысы келді. 1938 жылғы шілдедегі Есбол аудандық ІІХК бөлімі бастығының анықтамасында дәстүрлі дін өкілдері Мұхат Бердиев, Тасжан (Тасман) Есжанов, Нұғман Хасанов, Сапар Лұқпанов, Хақан Ихласов, Атағолла Жақауов, Айтмағамбет Мәмбетов, Мүти Шәріпов, Салық Хұсниденов, Лұқпан Дүйісовтер «Кеңес өкіметіне қарсы ұйымға қатысқандар» деп жазылған. Тек болжамға сүйенген сипаттама болса да, олардың барлығы «сенімсіз тұлға» ретінде қудалауға ұшыраған.

Осы аудандағы қарапайым кәсіп иелері Байзулла Иманбаев, Әшім Қабасов, Рашим Қамиев, Жұқаш Мастеков, Мұхит Шамарданов сынды азаматтар да «халық жауы» атанып, тағдыры тәлкекке түскен. Бұлардың арасында балта шапқан ұстасы да, киім тіккен шебері де бар.

– Яғни, бір сөзбен айтқанда, кімнің кім екені емес, кім болып көрінетіні маңызды болған ғой…

– Дәл солай. Бұл – тарихтың ащы сабағы. «Жау жоқ деме, жар астында» дегенді ту еткен билік өз халқына сенімсіздікпен қарады. Қолда бар құжаттарда аты аталған қаншама адам «қауіпті элемент» қатарына қосып, «сенімсіз» деген таңба басылған. Мұндай анықтаманың соңы неге апарып соқтыратынын бәріміз білеміз – репрессия, айдауға кету, кейбір жағдайда ату жазасы.

Тарихқа тағзым ету

– «Жазықсыздың жанайқайы естілмеген заманда әділет өлді» дейді. Бұл нәубеттің ауқымы қаншалықты болды?

– Көптеген адамдар тек «баймен байланысы бар», «молданың баласы» деген желеумен қуғынға ұшырап кете барған. Бір адамның арызы, біреудің аноним хаты өмірді өзгертіп, күллі бір әулеттің шаңырағын ортасына түсірді.

Тарихи жадты мемлекет саясаты жасайды десек, осы кезеңге әділет тұрғысынан қайта үңілу – парыз. Зұлмат жылдардың жазықсыз жапа шеккен әрбір тағдыры – жеке қасірет. Олар ұмытылмауы тиіс.

– Ендеше халық жадында сақталу – маңызды мәселе…

– Әлбетте. Ел бойынша Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссиялар архив қорларында қарқынды жұмыс істеді. Комиссия мүшелері саяси қуғын-сүргін, яғни тарих қатпарындағы ақтаңдақтар туралы, 1928-1929 ж.ж. байлардың мал-мүлкін тәркілеу, Қазақстандағы аштық жайлаған нәубет жылдар, ұжымдастыру, 1937 жылдардағы нәубет науқаны кезінде «үштік сотымен» жазықсыз жазаланғандар және оларды ақтау туралы, дін істері, арнайы жер аударылғандар, депортация жөніндегі құпиясыздандырылған құжаттардағы деректермен танысуға қол жеткізді.

Жалпы,  қасіретті кезеңде солақай саясаттан жапа шегіп, ұзақ жыл түрме азабын көрген, рухани құндылығынан айырылып, жазықсыз атылған жандарды ақтау өткен тарихты ұмытпауды, келеңсіз жағдайдың қайталанбауын болашақ ұрпаққа ұғындыру үшін қажет болды.

Құжаттарды парақтай отырып, кеңес өкіметіне, оны құруға жан-тәнімен қызмет еткен көптеген қазақ зиялылары тәркілеу, ұжымдастыру жұмыстарының басында жүріп, «үлкен террор» атанған 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.

Қанша жыл өтсе де, тоталитарлық режим құрбандарының қаны мен көз жасы ұлт жадында жаңғырып тұруы керек. «Өткенін ұмытқан ел – болашақтан үміт күтпесін» дейді. Сол себепті әр атаудың, әр есімнің тасада қалмай, ақталғанын, есте сақталғанын қалаймыз.

– Әңгімеңізге рақмет! Тарихқа тағзым ету – бүгінгі буынның борышы екенін ұғындырдыңыз.

– Рақмет. Меніңше, халықтың бастан өткергенін жасыру емес, жария ету – шынайы Тәуелсіздіктің белгісі.

Сұхбаттасқан Майра ЕРҒАЛИ

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button