Асарлатып үй салып жатыр
Қайырымдылық деген асыл қасиетті қай қоғамда да бойына сіңіріп, үнемі үлгі болып жүретін жандардың қатары аз емес. Әсіресе, бүгінгідей алмағайып уақытта оның қадір-қасиеті тым артып отыр. Ал қолынан келсе де көмек қолын созуды ар санап, жақсылыққа ұмтылмайтын адамдардың барын көргенде іштей қынжылып қаласыз. Расында өмірде жомарт адамның жақсы ісі мен мейірімге толы жүрегі үзілген үмітті жалғап, тірліктегі түйткілдің азаюына сеп болып жатыр. Сондай азаматтардың бір шоғыры біздің ортамызда да бар.
Атыраулық бір топ жігіт СМП-163 шағынауданындағы баспанасы еріген қар мен жаңбыр суынан тұруға жарамсыз болып қалған мұқтаж азаматтың отбасы үшін жаңа үй салып беріп жатыр. Мамыр айында бастаған жігіттер әуелі өзара ақылдасып, осы істі жұмыла атқаруды шешкен. Артынша өздері секілді ниеттес, пікірлес, тілеулес азаматтардан қаражат жинап, қолдарынан келгенінше жұмысты бастап кетіпті.
Бүгінде үйдің тасы толықтай қаланған, енді төбесін жауып жатыр. Бір айға жуық уақытта халықтың көмегінің арқасында біраз шаруа жүзеге асыпты. Өздерін көпшілікке жария қылмауды өтінген бастамашы жігіттер қайырымдылықты жарнамаламау керек деген қағиданы ұстанады екен. Сонда да біз жақсылықпен жарысқан азаматтардың бірінен құрылыстың барысы туралы айтып беруін өтінген соң амалсыздан келісім берді. Өзін Руслан Даньялов деп таныстырған азамат жаңа үйдің төбесін хай-тек стилі бойынша жасап жатқанын айтады. Осы арқылы қамқор азаматтардан жиналып жатқан қаражатты да құрылысқа толықтай жұмсау үшін үнемдеуді көздейді екен.
– Ағамыздың денсаулығы жұмыс істеуге жарамайды. Өзінен үлкен екі апасының бірі денсаулығына байланысты жәрдемақы алады екен. Зейнет жасына жеткен тағы бір апасының мектеп жасындағы жиендері бар. Сол елді мекеннің жанашыр азаматтары осы уақытқа дейін ескі үйге жылу қазандығы мен салқындатқышын қондырып, лас суын құдықтан сорғызып келді. Кейін қар еріп, жаңбыр жауғанда үйдің ішіне кірген судан дымқыл тартып, ызғар өткен соң тұруға жарамсыз болып қалды. Осының бәрін көрген соң кешікпей қаражат жинауды бастап кеттік. Жергілікті азаматтар топырақ төсеп, оны нығыздауға көмектесті, іргетасын құйған да жергілікті азаматтар. Енді тасын қалап, төбесін жабуды қолға алдық. Оған гастарбайтерлерден құралған бригада жалдадық. Жиналып жатқан қаражаттың есебінен мұқтаж отбасыға үй жалдап бергенімізге үш айдай болды, — деді Р.Даньялов.
Көлемі 11,5х10 шаршы метрлік жаңа үйдің ішкі қабырғасы гипсокартонмен бөлінеді. Жоспар бойынша үйде кіреберіс, тамбур, дәретхана мен жуынатын бөлме, асхана, қонақ күтетін және бірнеше жатын бөлме болады.
Бастамашы жігіттер мұсылманша жыл санауы бойынша «Зулхиджа» деп аталатын қажылық айында сауапты іс жасауға асығып, қолұшын созғандарға да ерекше алғысын білдіреді. Көптің демеуімен қаражат ойдағыдай жиналса үйдің құрылысын тамыздың аяғын дейін тәмамдап, отбасын жаңа қонысқа кіргізуді жоспарлап отыр.
– Қазір жерасты суының деңгейі көтеріліп тұр. Ол жердің суын тасып тауыса алмасымыз анық. Сондықтан барлық жұмыстың бәрін үйлестіріп, соңынан үйдің септигін ғана орнататындай етуді жоспарлап отырмыз. Бұл үйде ағайынды екі отбасы тұрады. Бастаған ісімізді соңына дейін бітіруді көздеп отырмыз. Үйге 2400 тас сатып алып, жанашыр бауырларымыз қолдан келгенше құрал-жабдықпен және ақшалай көмектесіп жатыр. Бір қайырымды жан жақында 100 мың теңгеге қиыршықтас алып берді. Осындай азаматтардың көмегімен ойлаған нәтижеге қол жетеді деп ойлаймын. Бұл отбасыны бұрыннан білеміз. Осындай жағдайды көре отырып, үнсіз қалу ыңғайсыз болды. Бұл жұмыс көпшілікпен бітіп жатқан шаруа. Қайырымдылық асыл дініміз – Исламда да ерекше бағаланады. Ілгеріде өткен өмірлері ізгілікке толы жандардың жолы әрқашан үлгі. Сондықтан бұған сансыз сауаптан үміт еткен азаматтар ғана атсалысып жатыр, — деді жанашыр азамат.
Қайырымды жігіттер жаңа үйдің бір жақ бөлігіне қосымша жалдайтын бөлме салып беріп жатыр. Бұл – осы отбасының азғантай да болса қажетіне жарасын деген ой. Мұқтаж отбасы бұрын өз күшімен шағын етіп іргетас құйып үй салғысы келіпті, бірақ оған қалтасы көтермеген. Ендеше, қайырымдылықты сөзбен емес, іспен дәлелдеуді мақсат тұтқан жігіттердің әрекеті сәтті болып, мұқтаж отбасын қуантатын күнге жетулеріне тілекшіміз.
Төменде игілікті іске бастамашы болып жүрген азаматтардың есепшоты мен байланыс нөмірін қалдырамыз. Сіздер де жақсылыққа септесіп, асарға үлесіңізді қоса аласыз!
Kaspi Gold: 4400 4301 7309 6287
Kaspi Gold: +7 775 166 53 55 Багытжан С.
Құрылыс жөніндегі сұрақтар бойынша:
+7 775 117 19 39 Арман А.
Алмас ҚАБДОЛОВ