Жарнама
Қоғам

Арзан – әрдайым ұтымды деген сөз емес: үйге ақша салудан бұрын нені білуіңіз керек? 

Қазір Атырау қаласында тұрғын үй кешендері көптеп салынып жатыр. Әрбір құрылыс компаниясы түрлі жолмен үлестік құрылысқа салымшы тартып келеді. Өкінішке қарай, салымшылар уәде етілген пәтерді ала алмаған және ақшасынан да айырылып қалған жағдайлар да бар. 

Атырау облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының (МСҚБ) басшысы Ерлан Қабдинов ҚР «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңына сәйкес, елімізде үлестік қатысу үш тәсілмен ұйымдастырылатынын еске салады: нысанды екінші деңгейдегі банктің қаржыландыруы, көп пәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту, сондай-ақ бірыңғай оператор – «Қазақстандық тұрғын үй компаниясынан» кепілдік алу.  

Бастапқы екі жағдайда құрылыс салушы үлескерлердің қаражатын тартуға әкімдіктен рұқсат алуға міндетті, ал үшіншісінде бірыңғай оператормен кепілдік шартын жасасуы тиіс.

«Құрылыс салушыда көрсетілген құжаттар болған жағдайда азаматтар мен заңды тұлғалардың қаражаты сақталуына кепілдік бар. Сондықтан, тұрғын үйге сенімді түрде қол жеткізу үшін, әкімдіктің рұқсаты немесе бірыңғай оператордың кепілдігі бар объектілерге ғана қаражат салуға шақырамыз», — дейді Е. Қабдинов.

Сондай-ақ, «үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты» жоқ құрылыс салушылардан пәтер сатып алатын азаматтар үлескерлер болып табылмайды. Үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсатты қоса алғанда, барлық рұқсат құжаттары бар құрылыс салушылардың тұрғын үй кешендеріне қаражат құятын азаматтар ғана үлескерлер болып саналады. Тек осы жағдайда ғана үлескерлердің тұрғын үй кешендерінің құрылысына қосқан барлық салымдары сақтандырылады. Тіпті, құрылыс салушы банкротқа ұшыраса да, сақтандырылған ақша тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтауға жұмсалады.

«Салынып жатқан тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алмас бұрын, құрылыс салушыдан құжаттардың толық жиынтығын сұрауға баса кеңес береміз. Тіпті, үлескерлердің ақшасын тартуға берілген рұқсат құжатына дейін сұрау керек, өйткені үлескерлер тұрғын үй сатып алу кезінде рұқсат беру құжаттамасымен танысуды талап етуге құқылы. Ал, тараптардың құқықтық қатынастары қалалық әкімдікте тіркелетін үлестік қатысу туралы шартпен ғана бекітіледі. Қолданыстағы заңнамадан тыс жасалған барлық мәмілелер (алдын ала брондау шарты, резервтеу шарты, инвестициялау шарты, талап ету құқығын беру шарты) көп пәтерлі тұрғын үй кешендерінің сатып алушыларын тиісті дәрежеде қорғамайды», — деп атап өтті Е. Қабдинов. 

Сондай-ақ, ол ҚР «Ттұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңы кооператив иелерін қорғамайтынын айтты. Әсіресе, тұрғын үй-құрылыс кооперативтері (ТҚК) арқылы тұрғын үй кешені құрылысына ақша салуға шешім қабылдағандар осыны ескеруі керек. Тұрғын үй-құрылыс кооперативтері көбіне шаршы метрге төмен нарықтық баға ұсынатынына назар аудару керек, бұл әрине, сатып алушыларды қызықтырады. Бірақ, бүгінде тұрғын үй кешенін ондай бағамен талаптарға сәйкес және белгіленген мерзімде салу қиындап барады. Арзан – әрдайым ұтымды деген сөз емес! 

ТҚК құру құрылыс компанияларына ыңғайлы, өйткені ол ҚР «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңына және осыған ұқсас шарттар жасасудың басқа да нысандарына қарағанда, сатып алушыны аз дәрежеде қорғайды. ТҚК-дағы пай иесінің құқықтары кооперативтің жарғысымен анықталады, ал оны құрылыс компаниясы нақты мүшелер кіргенге дейін дайындайды. Демек, бұл құжат құрылыс компаниясының мүддесін көбірек көздейді.

ТҚК-да құрылыс салушылар үшін құқықтық позициялардың икемділігі де маңызды, өйткені «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңмен салыстырғанда, сатып алушының мүддесі мұнда аз қорғалған, өйткені пай иесінің құқықтары кооперативтің жарғысымен анықталады.

Сондай-ақ, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңы бойынша тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің (ТҚК) салымшылары үлескерлер болып табылмайтынын, егер құрылыс салушы салымшыларға тұрғын салынып бітпеген үйді тұрғын үй-құрылыс кооперативін (ТҚК) құру арқылы сатса, олар пайшылар болып саналатынын атап өткен жөн. Бұл жағдайда болашақ тұрғындар шаршы метрді емес, пай сатып алады. 

Осы айтылғандарға байланысты, Атырау облысы және қала әкімдігі, МСҚБ басқармасы сатып алушылар мен сатушылар арасындағы әрбір мәмілені, оның ішінде жылжымайтын мүлік сатып алуды бақылауға өкілеттігі жоқ екенін атап өткім келеді. Әрбір салымшы аяқталмаған тұрғын үй кешеніне ақша салу кезінде өзінің жауапкершілігін сезінуі тиіс.

Сондықтан, азаматтарды тағы да сақ болуға шақырамыз. Тұрғын үй кешенін салушы кооператив пе, әлде үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты бар құрылыс компаниясы ма, осыны анықтап алу қажет. Шартты мұқият зерделеу, заңгерге жүгіну, тек тексерілген құрылыс салушыларға сену керек.

«Құрылыс компанияларының назарын Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңымен тиісті рұқсатсыз үлескерлердің қаражатын тартуға тыйым салынатынына аударғым келеді. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 320-бабы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы бойынша кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысқаны үшін жауапкершілік көзделген», — деп атап өтті Е. Қабдинов.

Құрылыс компаниясына рұқсат құжаттары берілгені туралы ақпарат алу үшін азаматтар қала немесе облыс әкімдігіне жазбаша түрде жүгіне алады немесе Баймұханов көшесі, 16 «б», «Назерке» бизнес-орталығы (ескі АХАЖ маңы) мекенжайында орналасқан МСҚБ басқармасына тікелей келе алады. Анықтама телефоны: 52-45-41.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button