АРТЫНА АЙШЫҚТЫ ІЗ ҚАЛДЫРҒАН
Қара шаруаның қайраткері еді
Атырау өңіріне айшықты із тастаған абзал ағаның өмірдерегіне, қызмет сатыларына үңіле түссең, Саламат Мұқашев, Оңайбай Көшеков, Жәрдем Кейкин, Есен Тасқынбаев, Мұсабай Сағынбаев, Мелләт Сабырқызы, Шафих Ізбасов сынды қайраткер тұлғалармен үзеңгі жолдас, сенімді серіктес сипатындағы бейнесі көрініс береді.
Алматы жоғары партия мектебінің және Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясының түлегі Мырзағұл Кенғановтың елдік мақсат, өмірлік-өңірлік мұраттар тұрғысынан қай салада, қай өңірде қандай қызмет атқармасын, жауапкершілік жүгінің мың батпан салмағы арқасын жауыр, тартар азабын ауыр етсе де, ерге тән мінез, тұлғаға лайықты ар-намысымен алғы шепте айқұлақтанып, мұқым жұртының абырой-алғысын арқалап, қатепті қара нардай өз күшіне сеніп жүре берген бе дейсің. Алпысыншы жылдардың бастауында елде ауыл шаруашылығын дамытуға бетбұрыс басталғанда, Мырзағұл Ажықұлы «отыз мыңдықтар» сапында қаладағы жайлы жұмыс орнын тастап, Индер ауданындағы Жамбыл атындағы қой өсіруші ұжымшарға қызметке баруға тілек білдіреді. Еңбек кітапшасына сүйенсек, әуелі осындағы Махамбет өндірістік басқармасы партком хатшысының орынбасары міндетін атқарған екен. Содан арада біраз уақыт өткеннен кейін, «жамбылдықтар» облысқа танымал қара шаруаның қайраткерін басқарма төрағалығына бірауыздан сайлап, үлкен сенім көрсетеді. Міне, осы кезден шаруашылықтың өсу, өрлеу кезеңі басталады. Жамбыл атындағы ұжымшар ұжымының әл-ауқаты түзеліп, шаруашылық жоғары экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізгенін көзіқарақты қариялар бүгінде жылы лебізбен еске алып отырады. Неткен қайсарлық! Алғаш Жылыой жастарын ұйыстырып, үлкен істерге ұйытқы күш болған жастықтың жалаугер, көшбасшы жетекшісі, Исатай аупарткомының бірінші хатшысы (Новобогат), Индер ауданының Жамбыл атындағы және Ембі ауданының «Ембі» қой өсіру кеңшарларының директоры, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы іспетті сан алуан лауазымдық қызметтері – оның өнегелі өмірнамасының тарихи тараулары.
Ауылшаруашылық басқармасының басшысы болған кезеңде (1970-1976) облыс көлемінде «Ет малдарын өсіру және бордақылау жөніндегі мемлекеттік-кооперативтік бірлестігін» ұйымдастыру туралы аса құнды мәселе көтеріп, ол өңір басшылығынан қолдау тауып, кейін оның қат-қабат ұйымдастыру жұмыстарының басында өзі жүріп, өз қолымен құрды және тұңғыш директоры да өзі болды.
Елін сүйген, туған жерін көкірегіне түйген ер еңбегі еш кетер ме?! Республикалық мәні бар дербес зейнеткер санатындағы ағамыз «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерін де өңіріне жарқыратып таққан. Қазақстан Компартиясы XIV-XVI съездерінің делегаты, ҚК Гурьев облыстық комитетінің мүшесі және облыстық Кеңестің депутаты жөніндегі құжаттары көненің көзіндей, күбір етер сөзіндей, тарихтың өзіндей әсер береді.
М.Кенғанов қара шаруаның қайраткері ғана емес, жорналшы да болған («Соц. Қазақстан», 1961ж,, №27 куәлігі), ақындықты, әншілікті мұрат тұтқан өнерлі жан еді.
Отбасылық мұрағатта облыстық «Социалистік құрылыс» газеті редакциясының да оған ұсынған грамотасы сақтаулы. Онда «Шаруашылық пен мәдени құрылыстың жоспарларын жүзеге асыру ісінде баспасөз жұмысына белсене қатысқаныңыз үшін…» деп жазылыпты.
«Үлкен істерді үдетіп, іркілістерді іреп жүретін игі мақсаттардың ірі тұлғасы қолы қалт еткенде әуелетіп ән салып, жан сүйсінтіп жыр жазатын ерекше болмысты адам болған», — дейді замандастары. Оның ән мәтіндері мен жырлардан тұратын «Өлеңім менің – Кең Жылыой» атты жинағы осыдан он бес жыл бұрын жарық көрді. «Кең Жылой» әнін бірден-бір әуеніне келтіріп салатын азамат еді, — деп еске алады Мелләт Сабырқызы өзінің «Атырауым – аңсарым» атты кітабында, — мен мұнда келген жылы совхоз басшысы болып бұрынғы колхоз қайраткері Ажық деген кісінің баласы Мырзағұл Кенғанов жұмыс істейді екен. Совхоздың жерін, өңірдің халқын таныстыруда мен үшін бұл кісінің көмегі аз болған жоқ. Бірақ, көп ұзамай Мырзекең облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы болып ауысып кетті. Мырзекеңнің кейінгі өмір жолы облысқа таныс».
Иманды болғыр, көзі тірі болса биыл сексен жеті жасқа толып, өзі қасиетті табалдырығынан аман-есен аттасам екен деп армандайтын XXI ғасырдың төрінде ақсақалдық абыз жасымен өткені мен жеткенін ойша шолып, өзі көзімен көріп, азаттықтың елең-алаң шағындағы алаш жұртының қуанышына куә болуға жазған тағдырыма мың тәубе деп, Ел Тәуелсіздігінің орнықты, мызғымас сипат алып, байлығымен де, нарлығымен де бүкіл әлемге танылғандығына шүкіршілік етіп отырар ма еді, қайтер еді?!
Жылыой жастарының жетекшісі болды
Ол он алты жасында Жылыой аудандық комсомол комитетінің екінші, жиырмаға толғанда бірінші хатшысы болды.
Жастар ұйымы тізгінін алғаш ұстаған 1944 жылы тылдағы комсомолдар жексенбіліктер ұйымдастырып, майданға киім, азық-түлік эшалондарын жөнелтті. Еңбек нормаларын 200-300 пайызға дейін орындап, жанқиярлықтың үлгісін көрсетті. Мұнай өндіру еселеп артты, тары егісі кең өріс алды. Комсомолдар қатары 1067-ге дейін өсті. Майданда құралайды көзге атқан мерген Есқайыр Халықовтың есімі Одаққа мәшһүр болды.
Көп кешікпей алғыр жас ҚК(б)П ОК жанындағы екі жылдық партия мектебіне оқуға жіберіледі. Саяси білімін жетілдірген М.Кенғановты алда жауапты қызметтер күтіп тұр еді. 1951 жылы маусымда ол Жылыой аупарткомында партия-кәсіподақ және комсомол ұйымдары бөлімінің, одан кейін 1960 жылы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі лауазымдық қызметтерін атқарады. Өзгелер секілді ол да партияның адал жауынгері болды. Күнделігіне «Жырлаймын мен партиялық сенімді, бала жастан дем беріп, ашқан данам көзімді, өмір-өзен көшінде, жетілдірген өзімді, ардақтаймын өзіңді» деп жазды. Ал, 1978 жылы қыркүйекте Новобогат аупарткомының бірінші хатшысы болып сайланды. Ауданды сегіз жылға жуық басқарып, серпілісті даму жолын басынан өткерді.
Айрықша қолтаңба
Мырзағұл Ажықұлының, әсіресе, Атырау өңірінің ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан айрықша қолтаңбасы бар. Ол он жылдай облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, одан кейін Махамбет өндірістік басқармасының партком хатшысының орынбасары, екі жыл өткен соң, яғни, 1964 жылдың 22 маусымында «Жамбыл» қой өсіру кеңшарына басшы болып барып, оны алты жылдай басқарғаннан кейін Ембі ауданының «Ембі» совхозының директоры қызметіне тағайындалады. Совхоз алдыңғы қатарлы шаруашылық атанды. Қой малы отыз бес мыңнан, ірі қара сиыр екі мыңнан асып жығылды. Сол жылдары ферма басшылары болып Жексен Өрбісінов, Алшын Селбаев, Әсемғали Исахаев, Аман Жұмабаев, Әбдірахман Сартаев жемісті еңбек етті. М.Кенғанов бастап кеткен даңғайыр шаруалардың дүбірін үзбей, делбесін ұстаған ізбасарлары Нұржан Сұлтанов, Тұрлан Тәжікеевтердің тұсында бұл шаруашылық асыл тұқымды қаракөл қой кеңшары деңгейіне дейін көтерілді.
Байқап отырсаңыздар, зейнет демалысына қалғанға дейінгі соңғы ширек ғасыр ғұмырын ауыл шаруашылығының аптапты көзінде, ауыл тіршілігінің қайнаған өзінде өткерген екен. Бұл жылдар облыс ауыл шаруашылығының өсу, өркендеу, өрге өрлеу кезеңі екенін де айтқан жөн. Бұл кезеңде мал өсіру, әсіресе, қой және ірі қара, жылқы, түйе шаруашылығы мықтап дамыды. Оның облыстық ауылшаруашылық басқармасына басшы болып тұрған кезде өз қолымен жазған есебінде басқармаға қырық шақты совхоз қарайтындығы айтылған.
Өз тарихын қастерлеген өлкетанушы
Көнекөз қариялардың айтуынша, Мырзағұл Ажықұлы ата-бабаларының алтын арқауын түп-тұқияннан таратып, тарқатып, ру шежірелерін риясыз көңілмен ретімен айтуға ұста екен. Шеркеш Жаңабай батырдың ықпалымен Жылыой өңіріндегі Дүйсеке мешіті менмұндалаған тұстан Жемнің Каспийге құяр сағасындағы Қияқ өзегіне дейін, Ұлы Жемнің оңтүстік аймағын шеркештер қоныс еткен. Ал, Дербіс (қаракемпір) ұрпақтары Мойнақ-Қияқ өзегі аралығын өздеріне атақоныс санайды. Мұны өлке тануда өрісті ойлары бар, сексеннің сеңгіріндегі құймақұлақ қария Қоғабай Молдағалиев те растайды. «Мырзекең өлке тарихына зер салып, оны зерделеп отырушы еді», — деп еске алады туысы. Шынында, аталмыш аймақта Мойнақ, Ботабай, Тілеміс, Қарашолақ, Құланөзек сипатты ондаған ескерткіш белгілер (қорымдар) әрәдік көзге шалына береді. Мырзекең қойын дәптеріне «Қазіргі кездегі «Шылып етер» суының бойындағы «Байбарақ», Ақтайлақтағы «Уақ мола», Құлсарыдағы «Төрт басшы» қауымдары өзара өзектес тіндердей бізге беймәлім байланыс-бәйіт сарынын суық қойнына бүгіп жатқан жоқ па екен?!» – деген де ой-түйінін түртіп қойыпты.
Мырзағұл Ажықұлының «Өтен батыр» әңгімесі – Ақтоғайұлы туралы осы уақытқа дейін айтылып, жазылып келген деректердің дәлдігі жағынан ең тыңы, әрі шұрайлысы. Бұл туынды кезінде Қазақстан әдебиетті зерттеу қоғамының «Халық фольклорын жинайық» бастамасына тікелей атсалысып, Өтен батыр туралы сонау қырқыншы жылдардың өзінде деректер жинаған білімпаз Ашығалы Тағановпен ұзын-сонар сұхбаттан кейін дүниеге келеді. Шығармада сара сараптама мол. Қазақтар мен түркімендерді патшалық езгіде ұстауда он бес жыл тұрып, 1883 жылы бұзылған «Қызылқала» отаршыл бекінісі – қызыл қан төгілген қырғынның қасірет жұрнағы. Бұл ретте «Тарихтың ес-санадан өшпейтіндігі-ау, 1940 жылдары Жылыой ауданында Қызылқала ауылдық Кеңесі дейтін де болған» депті Мырзекең.
Иә, ол туған елінің нағыз патриоты болатын. Туған топырақ туралы толғанысы да, ерекше еді. Онысы өзіне тән ұқыптылықпен қойын дәптерінде сыр мен жыр болып өріліп қалыпты.
Мырзағұл аға «Кең Жылыой» атты өлеңінде былай дейді:
Кең Жылыой – ата қоныс,
ата мекен,
Ұрпағын желеп-жебеп
жатады екен.
Дем беріп, жүрегіме
қан жүгірткен,
Киеңе, қасиетіңе,
батаңа елітем!
Пәниде – тамырың,
бақида қабірің болатын туған топырақтың құдіреті, міне, осы!
Мырзағұл Кенғанов зейнет демалысына қалған тұста Атырау қаласында зәулім де сәулетті баспанасы бола тұра, онда байыздап тұра алмай, «Туған жер, қайдасың?» деп Жылыойына тартып кеткен ғой. Бұған не дерсің?! Қырда туып, қыраңда ер жеткен өр тұлғаның шешімі осылай болған. Келе сала алыс-жақыннан ағайын-тума, ет-жақындарын түгел жиып, есендігін, кейінгі толқын жас буынға көсемдігін танытып, еліне ес болатын, есерлікке сес болатын, ақылгөй аға, дана баба дейтіндей ел ағасы болып өтіпті өмірден. Қияқ ауылдық Кеңесінің Мойнақ қыр-жалынан түлеп ұшқан тастүлектің сонардан салған соқпақты ғұмырында артына сыз қалдырмай, із қалдырғаны қандай мерей! Бір үйдің баласы болмай, көп үйдің санасы болғаны, бір тонның жағасы болмай, көп жұрттың ағасы болғаны неткен сүйінішті! Бекет ата туған құнарлы топырақта өнген түйір дәннің көктеуі көркем, өсуі өміршең болатынын осыдан-ақ көруге болар еді.
Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз,
Жылыой ауданы.