Артықшылығы көп әріп
Мен негізі 1940-шы жылдарда латын әліпбиінде оқып, білім ала бастаған жандардың бірімін.
Біз бірінші сыныпты, екінші бойдың партасындағы оқушылар үшінші сыныпты оқыды. Үшінші сыныптықтар таза латынша оқып, жазып жүрді. Біз қазіргі жазуды үйрендік. Бірақ, байқағаным, сол кездегі үлкен балаларға еліктеп латынша әріпті тез меңгеріп кеттік. Оқуға өте ыңғайлы еді. Керісінше, қазіргі жазуға (кириллицаға) үйрене алмай көп жүрдік.
Сегізінші сыныпқа көшкенде немісше жазып үйрендік. Онда да латын әріптеріне ұқсас болғандықтан, оқуды да, жазуды да тез үйреніп кеттім. Қазір латынша жазуды еркін оқи аламын. Оның үстіне смартфондар, компьютерлердің бәрінің тілі латын әліпбиімен бірдей.
Осы ретте айта кетейін, қазір бос уақытымыз көп болғандықтан, үйде кітап оқимыз, өткен-кеткенді еске алып естеліктер жазамын. Бір күні бұрынғы кітаптарымды қарап отырып, «Қазақ көркем әдебиеті» баспасынан жарық көрген «Тарту» («Тartu») деген кітапты тауып алып, ондағы латынша жазылған өлеңдердің мәтінін қазақшалап қойдым. Жамбыл Жабаевтың, Асқар Тоқмағамбетовтың, Нұрпейіс Байғаниннің өлеңдері басылыпты. «Қара жорға» күйіне лайықталған мәтін де бар.
Мен өнер саласында жүргендіктен, шет мемлекеттерде де көп болдым. Сол кезде көргенім, өнер туындыларының көбі латын әліпбиінде жазылған және оны аудару арқылы түпнұсқасын жоғалту қаупі бар.
Сонымен қатар, біздің келешек ұрпақ ғылыми-техникалық инновация дәуірінде өмір сүруде. Ал, техника тілі ағылшынша емес пе? Сол үшін жастар қазірден бастап латын әліпбиінде жазып үйренсін, дағдылансын деймін.
Қайыржан МАХМУТОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері, ардагер актер