ҚАРТТАРЫМ АМАН –САУ ЖҮРСІНШІ…

Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгiлген белiне сүйеу болу - бiздiң қазақ халқының ата дәстүрi. Ұрпағы құрметтеген ата-ана әр кезде де бақытты. Осы орайда бүгінгі буынның ардақты ата, ақ жаулықты әже турасында ойларын білмек болып, студенттер арасына сауал тастаған болатынбыз.

 

Ерболат ІЗДЕН:
– Мен – атамның баласымын. Атамды әке, әжемді анам деп өстім. Қазіргі күні олар өмірден өтіп кетсе де, әлі іздеймін. Ата-әже – қай үйдің де ұйытқысы. Дана Абайдың Абай болуына Зере әжеміздің пайдасы аз тимегенін білеміз. Қазіргі таңда кейбір тасжүректер егде тартқан жандарды қарттар үйіне өткізіп жатады. Солар «атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» дегенді біліп жүрсе деймін.

Хұсни ХАМЗА:
– Ықылым заманнан бері ата мен әже отбасы институтының қызметін атқаруда. Әжелеріміз ене болып, келін тәрбиелейді, аталарымыз немерелерін ыстық құшақтарына алып, өнегелі, өсиетті сөздерін бойына сіңіріп, ұрпағының тәрбиелі, саналы боп өсуіне үлестерін қосады. Осы орайда, мен де өз әжемді сағынышпен еске аламын. Жанынан бір елі тастамай, ел аралатып, ағайынмен таныстыратын да, ертегі айтып, басымнан сипайтын да әжем болды. Басына түскен ауырлықты мойымай көтере білген, сонысымен бізге үлгі боп көрінген де осы әжем еді. Шаңырағымыздың ұйытқысы бола білген сыйлы әжемнің орнын енді анам жалғастыруда.

Диас АЙБАРОВ:
– Атам мен әжемнің бауырына салған немересімін. Атам – зейнеткер, Индер ауданының құрметті азаматы. Әжем «Алтын алқа» иегері. Қандай жетістікке жетсем де оған ықпал еткен ата-әжемнің арқасы. Қатарластарыма қай жерде жүрсек те ата-әжелерімізге қамқор болайық, оларды сыйлайық дегім келеді. Бұл сөздің астарында қамқорлық жасап, бірнәрсе сатып алу не сыйға тарту секілді қасиеттер емес, қарапайым ізгілік, кішіпейілділік, көліктерде орын ұсыну, үлкендер отырған жерде жеңіл әзілмен жеңілтектік танытпау сынды қасиеттер жатқанын қатарластарым сезіне білсе деймін.

Абай Ақмұрзиев,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік
университетінің студенті.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз