АРШЫП АЛАР АҚИҚАТ
Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары ғылым мен мәдениетті саясиландыруға барынша күш жұмсалды. Сол жылдардағы мұрағат құжаттарынан Қазақстандағы бұл саяси науқанда «қызыл идеолог» Иван Петрович Храмковтың әсіре белсенділігін аңғаруға болады. Осы жерде «ашық аспанына бұлт үйірген, қара түнек орнатқан бұл бейбақ кім еді?» деген заңды сұрақ туындайды.
Әр жылдары слесарь, заводта партия ұйымының хатшысы, аудандық комсомол ұйымының хатшысы қызметтерінде болған ол 1948 жылы Жоғары партия мектебін сырттай аяқтаған соң, БК(б)П Орталық Комитеті идеологиялық жұмыстар деңгейін көтеруге жәрдемдеседі деген желеумен Қазақстанға жіберіледі. Сөйтіп, Қазақстан К(б)П ОК-нің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады.
…1950 жылдың шілде айында Қазақ КСР ІІМ Мұрағат басқармасының бастығы И.З.Чумак БК(б)П Орталық Комитетіне жіберген құпия хатында Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі И.П.Храмковтың тапсырмасы бойынша мұрағат басқармасының 1949 жылы шығарған «Алма-Ата в период октября и в годы гражданской войны (Летопись событий)» атты кітабын талқылап және көпшілік пайдаланудан алып тастауға тапсырма берілгендігін баяндаған. Қазақстан К(б)П ОК-ті өз тарапынан кітапта «елеулі кемшіліктердің» бар екенін мұрағат басқармасына ескертеді. Атап айтсақ, кітаптың бірінші тарауында революция жылдарында бұқара халықты ұйымдастыру және мобилизациялау шараларында негізінен контрреволюциялық күштердің құжаттары енгізіліп, көп орын берілгендігі ерекше назарда ұсталды. Кітапқа бұл құжаттардың енгізілуіне байланысты З.И.Чумак өз көзқарасын төмендегіше білдіреді:
Жарық көрген «жылнама» партиялық тұрғыда жазылғандығы туралы 1950 жылдың «Большевик Казахстана» журналының №3 және «Казахстанская правда» газетінің 9 сәуірдегі сандарында оң пікір жазылған. Назар аударатын жағдай И.З.Чумак бұл істі қолдан ұйымдастырып отырғандар барлығын ашына айта келіп, аталған мәселені кейбір тарихшылар мен КСРО ІІМ мұрағат Бас басқармасындағы бірлі-жарымды қызметкерлердің мемлекеттік мұрағат қорларындағы материалдарды пайдалануды жете бағаламайтын көзқарастарын таңуға пайдаланатындығы туралы пікірін ашық айтты.
…Айтылған пікірді өмірдің өзі дәлелдеп бергені сол, іле-шала 1950 жылдың желтоқсан айында тарихшы-ғалым Е.Бекмахановқа қарсы баспасөз бетінде «шабуыл» басталды.
И.З.Чумакпен әңгіме барысында И.П.Храмков тарихи материалдар жинағын шығару өзінің «партиялық» көзқарасы бойынша мемлекеттік мұрағаттар ісі еместігін айтады. Бұл кезеңдерде мемлекеттік мұрағат қорын пайдаланудың нәтижесінде тарихи құжаттарға сыни көзқараспен қараған зерттеушілер қудалауға түсе бастады. Ленинград пен Москвада «Ленинград ісі», «Дәрігерлер ісі» дейтін саяси науқандар қызу жүріп жатқан кезде Қазақстанда «Бекмаханов ісі» дейтін іс қолдан жасалды. Е.Бекмаханов 1943 жылы Алматыда мұрағат деректері бойынша жарық көрген «Қазақ КСР тарихы» атты күрделі еңбектің негізгі авторларының бірі болды. Бұл еңбекті жазуға үлкен авторлар ұжымы, оның ішінде соғыс жылдарында Алматыға көшіп келген белгілі кеңес тарихшылары А.М.Панкратова, Б.Д.Греков, И.М.Дружинин, А.П.Кучкин қатысқан болатын.
1950 жылғы желтоқсанның 26-сында «Правда» газетінде «Қазақстан тарихы мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан баяндайық» деген мақала жарияланып, Е.Бекмаханов қатты сынға алынды. Ол еңбектің 14-тарауында К.Қасымовтың басшылығымен болған көтеріліс тарихын жазған болатын. Бұл кітаптың кейбір сыншылары оны «орысқа қарсы жазылған және онда Ресейге қарсы ұлт-азаттық көтерілістер дәріптелген» деген айыптар тақты.
1951-1953 жылдардағы қуғын-сүргінге күні бүгінгі дейін саяси баға беріліп, жазықсыз жазаланғандардың тізімі жарияланған жоқ. Қазақ ғалымдары Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Ә.Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев, Қ.Мұхаметханов, Б.Сүлейменов және басқалар қудалауға ұшырады.
Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық көтерілісті реакциялық-монархиялық деп жариялау туралы ой И.П.Храмковтан өрбіген. Жазушы М.Сәрсекеннің жазуынша, бұл мәселе бойынша қозғаушы болатын мақала жергілікті тарихшылардың көмегімен және «Правда» газетінің тілшілері А.Черниченко мен В.Озеровтің қатысуымен бөлім меңгерушісінің кабинетінде даярланды (М.Сәрсеке. Ермұхан Бекмаханов. Ғұмырнама. –Астана: Фолиант, 2010 жыл). Бұл мақалаға республика партия ұйымының бірінші хатшысы қол қояды деп күтілді.
Бірақ, Қазақстан КП(б) бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов «Бекмаханов ісіне» байланысты «Соғыс күндерінде қазақ жауынгерлеріне жазған үндеу хатта «Кенесары мен Наурызбай батырлардың рухы жебеуші болсын!» деген сөзімнен қалайша танамын?» деп үзілді-кесілді бас тартқан соң, И.П.Храмков жергілікті тарихшылар Х.Айдарова, Т.Шойынбаев және А.Якунинге қол қойдырған. Алайда, қазақстандық қол қойған үш тарихшының іс-әрекеті амалсыздан болған шара болғанымен, ар алдында, ғылымға деген адалдықтан аттағандарын жоққа шығаруға болмас.
Е.Бекмахановтың сыншылары «қазақтар мемлекеттілікті тек Қазан төңкерісінен кейін ғана алды» деп «данагөйлікке» салынып, «қазақ халқының тарихында мемлекеттілік болып көрмеген» деген сандырыққа дейін барды.
Қуғын-сүргін науқанының дем берушісі И.П.Храмков пен жандайшаптары ойлаған мақсаттарына жетті. Айыпталған Е.Бекмаханов 1951 жылы партия қатарынан шығарылып, ғылыми атақ дәрежелерінен айырылып, «қоғамға зиянды элемент» ретінде оқытушылық жұмыстан аластатылды. 1952 жылы күзде тұтқынға алынып, кеңестік сот үкімімен 25 жылға бас бостандығынан айырылып, Шығыс Сібірдегі Бодайбо қаласындағы тұтқындар лагеріне айдалды. Ғалымның кейінгі тағдыры көпшілік оқырманға белгілі деген ойдамыз.
Тарих тек ғылым үшін зерттелмейді. Ол ең алдымен, өткен тарихтан тағылым, сабақ алу үшін зерттеледі. Қазақтың көрнекті тарихшысының басынан өткен тауқымет төл тарихымызды бұрмалаушыларға сабақ болуға тиіс.
Аққали АХМЕТ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.