Арманға жетелеген ақ үміт
Үміт – өмірдің үзілмес жібі, үміт бар жерде өмір бар, ал үміт жоқ жер, су қараңғы, тұңғиық. Менің арманға жетелеген ақ үмітімнің басы Атыраудан басталды. Анамның жанды сөзге құмарлығы, менің үмітімді үлпілдетіп, желкенімді тікейтті. Мен журналистика мамандығын таңдадым. Кішкентай кезімде аудан орталығына кеткен анамды автобустан күтіп отырып өлең жолдарын ұйқастыра беретінмін. Менің арманымның алауы сол ұйқастармен жағылған секілді.
Мектеп қабырғасында өлеңді мәнерлеп оқып, аудандық сайыстарға қатысатынмын. Қатысқан жарыстардан бос қайтпай, жүлдемен оралушы едім. Әсіресе, ақиық Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді жаттағанымыз, оны мәнеріне келтіре оқығанда сырқатты бала, қасіретті ана, сыңарынан айрылған қаралы аққу образы жүрегімде мәңгілікке жазылып қалды. Бұл поэма менің «журналистикада оқысам» деген арманымды біржола шегелеп тастады. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң Ақтөбе жоғары техникалық колледжіне оқуға түстім. Мұнда да өлеңге деген араным қатты ашылды. Ұстаздарым да менен үміт күте берді. Мен республикалық сайыстарға қатысып, шыңдала бердім. Жан-жағымдағы осындай шығармашылық орта журналистика саласында бағымды сынауға итермеледі. Арманыма жетелеген ақ үмітім мені жар ортада тастамасын дегендей, кейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіндегі журналистика мамандығының студенті атандым. Бүгінде аталған оқу орнында оқып, ізденіп, жазып, өзімді жетілдіріп келемін. Армандар алдамайды! Лайым да солай болғай!
Гүлханым ТАЛҒАТ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ІІ курс студенті
Сурет: infotimes.kz