ӘРҚАШАН ДА БІРГЕМІЗ!
Ал, бұл жобаны бес тұғырлы реформаға негізделген, «100 нақты қадамнан» тұратын Ұлт жоспары аясында жүзеге асыру көзделген. Осыған орай, бүгіндері ұлан-байтақ еліміздің барлық аймақтарында Ассамблеяның бастамасымен «Менің елім – Мәңгілік ел» атты кең көлемді акциясы ұйымдастырылды. Нәтижесінде, осы идеяны қолдаған отандастарымыздан 10 мыңнан астам ұсыныс, пікір, тілек жинақталды. Бұл лекте қазақстандық украиндардың басын біріктіретін «Довира» этномәдени бірлестігінің мүшелері де оны толығымен қуаттап, күнделікті өмірімізге енуіне белсенді атсалысты.
Айтайын дегенім, жақында ғана мерекеленген Атырау қаласының 375 жылдық мерейтойына арналған шаралар барысында да осындай оң үрдіс кеңінен көрініс тапты. Сол күні, өзге ұлттық-мәдени орталықтармен бірге біз де мерекелік алаңның бір шетіне өз үйімізді орнаттық. Келген қонақтар украин халқының ұлттық киімдерін, салт-дәстүрлері мен тағамдарын тамашалады. Бұдан бөлек, бірлестік жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Балаларға қуаныш сыйла», «Естелік», «Әйел-ананы аялайық» тақырыбындағы қайырымдылық шараларынан да тыс қалмай, қоғам мүддесін көздеген ізгілікті істерге мұрындық болып келеді. Сонымен қатар, мемлекеттік мерекелер, ұлттық және діни мейрамдарға арналған шаралардың да бел ортасынан табылады.
Таяу күндері біздің қобызшылар дуэті ел ордасы – Астана қаласында өтетін «Менің өлкем» деп аталатын халықтық музыка аспаптарында орындаушылардың республикалық конкурсына қатыспақшы. Онда украинның ұлттық киімдерін киген қыздарымыз көне қазақ аспабында украин мен қазақтың ұлттық әуендерін ойнайды. Менің ойымша, дәл осындай шаралардың арқасында бауырлас халықтардың мәдениеті мен салт-дәстүрі бір-бірімен бұрынғыдан да гөрі жақындаса түспек. Мұның өзі, бүгіндері елімізде берік қалыптасқан, бүкіл әлемде мойындалған толеранттылықтың қазақстандық моделінің салмағын одан сайын арттырары сөзсіз.
Ольга ПАВЛЕНКО, «Довира» украин этномәдени бірлестігінің жетекшісі.