АРДАҚТЫ АНАЛАРҒА ҚҰРМЕТ
Алдымен, шаһар басшысы Ұлы Отан соғысының ардагері Гүлжамал Әбдірахманованы құттықтады.
— Әйел – тіршіліктің бастау бұлағы, әлемнің ажырамас бөлігі, сұлулықтың асыл тәжі. Ұрпақ өсірумен қатар, ел еңсесінің көтеріле түсуіне өз үлесін қосып келе жатқан қазақ әйелдері қандай да болмасын құрметке лайық. Қашан да үлкенді құрметтеуді азаматтық парызы санаған қазақ халқында ананы сыйлау – тәрбиенің өзегі. Туған өлкеміздің өсіп-өркендеуі жолындағы еткен еңбектеріңіз бен қосқан үлестеріңіз үшін зор алғысымды білдіруге рұқсат етіңіз, — деген Нұрлыбек Жұмахметұлы Алғыс хат, естелік сыйлық пен гүл шоқтарын сыйға тартты.
Гүлжамал Әбдірахманова — қоғам қайраткері, ардагер-ұстаз Сабыр Қазыбаевтың жары. Бала кезінде дәрігер болуды армандаған ару мектеп бітірген, яғни, 1942 жылдың 22 шілдесінде майданға, Қиыр Шығысқа аттанады. Отан қорғаушылар қатарында 25-Армия 121-батальонда байланысшы болады. 1945 жылы елге оралып, ұзақ жыл «Ембімұнайгаз» кәсіпшілігінде бухгалтер болып қызмет етеді, тіпті 70 жасқа дейін жұмыс-тан қол үзбеген.
Одан кейін Нұрлыбек Жұмахметұлы тыл ардагері Хатима Сағынбаеваның шаңырағына келіп, ізгі ниетке толы ыстық ықыласын білдірді.
Хатима Сағынбаева – 35 жыл қажымай еңбек етіп, күш-жігерін жастар тәрбиесі мен біліміне жұмсаған ардақты жан. Бүгінде алты баласынан 14 немере, 16 шөбере сүйіп отырған ол өзін сый-құрметке бөлеген басшыларға алғысын айтты.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.