Ардагерлер кеңесі: алты айда не бітірді?
Жақында өткен облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті конференциясында осы сауалға жауап берілді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында әділетті, дамыған қоғам құру жолында қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің жұмысын жандандыруды қолға алуды тапсырғаны мәлім. Соған байланысты қазір қоғамдық бірлестіктердің сапасы мен санына әлдеқайда ден қойыла бастады. Олар өз аймағындағы әлеуметтік ахуалды сараптап, тиісті шешім қабылдаумен айналысады.
Конференция жұмысына облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қатысты. Есепті мерзімде атқарылған жұмыстардың жайын облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов баяндады. Оның айтуынша, биыл Кеңестің ұйымдастыруымен көптеген тарихи-танымдық, тағылымды шаралар өткізілді. Солардың қатарында облыс орталығында, Исатай және Индер аудандарында соғыс және еңбек ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы Орынғали Қарасаев туралы «Тектілік тұғырынан таймаған» атты естелік кітабының тұсаукесерін айрықша айтуға болар еді.
Есепті кезеңде ардагерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, аға буын өкілдерінің денсаулығын шыңдауға бағытталған волейбол, бильярд, мұз астынан балық аулау, шахмат және үстел теннисінен сайыстар өтіп, оған 200-ге жуық ардагер спортшы қатысты. Ұлы Жеңістің 78 жылдығына арналған «Ерлік – елге мұра» атты тыл ардагерлері мен Кеңес Одағы батырлары ұрпақтарының кездесуі әсерлі өтті. Соңынан кеш қонақтарына «Атырау облысының алдындағы еңбегі үшін», «Қас батыр» медальдары тапсырылып, арнайы сый-құрмет көрсетілген. Облыс орталығында өткен сенбілікке 80-ге жуық ардагер қатысып, Лесхоз шағынауданында 600-ге тарта ағаш көшетін отырғызды. Сонымен бірге олар Махамбет, Индер, Құрманғазы аудандарындағы көктемгі дала жұмыстарына, Мақат, Жылыой, Қызылқоға, Исатай аудандарындағы тазалық жұмыстарына қолғабыстарын тигізді.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетімен бірлесіп саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Қасіретті жылдар жаңғырығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция да ұйымдастырылды. Кейін конференция материалдары кітапша болып басылып шықты.
Ардагерлерді қолдауда белсенділік танытып жүрген NCOC, Уорли Парсонс компанияларына облыстық кеңестің «Мейірімді жүрек» медалі мен сертификаттар тапсырылды. «Аз қамтылған зейнеткерлерге көмек» республикалық акциясы аясында қала, аудандардағы күнелтісі төмен, көмекке мұқтаж жалғызбасты 144 зейнеткерге көмек көрсетілді.
Облыстық кеңес жергілікті ардагерлер ұйымдарының жұмыстарына қолдау көрсетіп жүрген, жас ұрпақты тәрбиелеуде нәтижелі жұмыстар жүргізген тұлғаларды марапаттау мақсатында «Тәлімгер», «Мейірімді жүрек» медальдарын тағайындады. 5 меценат, 2 компания «Мейірімді жүрек», 5 ардагер «Тәлімгер» медалімен марапатталды.
Осыларды әңгімесіне арқау еткен Серік Қалжанұлы көкейде жүрген ойларын да ортаға салды. Оның айтуынша, қоғамдық өмірдің барлық саласында, әсіресе, зейнеткерлердің тұрғылықты жері бойынша ардагерлер ұйымдарының белсенділігін арттыруға назар аударылуы қажет. Жекелеген ұйымдарда өз қызметіне сыншылдықпен талдау жасау, неғұрлым өткір мәселелерді шешуде табандылық жетіспейді, ал негізгі жұмыс саласы біржолғы іс-шаралар өткізумен шектеледі. Қарттардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуда, медициналық, сауда қызметтерін көрсетуде жеделдік қажет. Жастарға патриоттық және адамгершілік тәрбие берудегі мүмкіндіктер толық пайдаланылмай келеді. Бұл қызметте жүйелілікті, нақтылық және мақсаткерлікті жетілдіре түскен жөн.
Мұны облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, білім беру саласының ардагері, Атырау қаласының Құрметті азаматы Жәукен Көшенов те қостады.
Жарты жылда атқарған жұмыстары жөнінде қалалық және аудандық ардагерлер кеңестерінің есептері тыңдалды.
Конференция жұмысын қорытындылаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов қоғамдық бірлестіктің қызметін саралай келіп, алдағы жұмыс жоспарына тоқталды. Кеңестің жұмысын жандандыру үшін қандай қадамдар жасау қажеттігі төңірегінде ұтымды ұсыныстары, пайымды пікірлерімен бөлісті.
– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың ашылуында «бұл арқаны кеңге салып отыратын жиын емес» деген болатын. Осыны ескере отырып, біз де бос әңгімеге жол бермей, өзара ақылдасып, жұмысымызға сын көзбен қарап, баға беріп, алда тұрған асуларға бағдар жасау міндетін алдымызға қойдық. Келешекте сол мақсат үдесінен шықтық деп ойлаймын. Оны жасалған баяндамалардан да байқадық. Дегенмен, әлі де болса жергілікті және бастауыш ұйымдардың жұмысында жетілдіре түсетін тұстар да аз емес, — деді Мұрат Сақтайұлы.
Жұмыстағы бірсарындылық, жаңашылдықтың төмен деңгейін аудандық және ауылдық ұйымдар ескергені жөн. Жалпақшешейлікке жол бермей, жақсы бастамаларды дамытуда көпшіліктің ортақ ұғыммен жұмылуына ерекше ден қойылса қандай ғанибет. Жекелеген өңірлерде жерді, суды тиімді пайдалану, шабындық, жайылымдық өрісін кеңейту, мал басын өсіру, оның өнімін көбейту, бизнесті дамыту сияқты істерді шешуде, аға ұрпақтың тәжірибесі мен тәлімінің тиімді жақтары ескерілмей келеді.
Соңғы кезде ардагерлердің беделі мен аталық сөзінен тоқтамға келіп, жанұяны сақтау, ұрпақ тәрбиесіне бас болу, ішімдіктен арылу сияқты қоғамға жат қылықтарды жоюға үлкен септігін тигізген, ауыл ақсақалдарынан құрылған билер кеңесінің жұмысын қайтадан жандандыру қажет.
Қазір облыста кеңестің 264 бастауыш ұйымы тіркелген. Әйтсе де, олардың бәрі бірдей белсенді емес. Кезінде біршама мекемелер нарық қатынастарына көшуге байланысты жұмысын тоқтатты. Соларда жұмыс жасаған бүгінгі зейнеткерлермен жұмыс өте нашар. Тек Атырау қаласының өзінде жүздеген зейнеткер ұстаздар, кезінде талай адамға өмір сыйлаған дәрігерлер, байланыс, құрылыс, сауда, су шаруашылығы саласы қызметкерлері осындай жағдайда жүр.
Облыстық ардагерлер кеңесі 2024 жылы келелі шараларға дайындалуда. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы ел тарихында айрықша орны бар, атақты хандарымыз ордасын тіккен әйгілі де, шежірелі Сарайшықта өткізілмек. Бұл аға буын өкілдеріне де жоғары жауапкершілік, зор міндет жүктейді. Атап айтқанда, бүгінгі Сарайшық шаһарын сәндік тұрғыдан қалпына келтіру мәселесі, келген қонақтар тек Керуен сарайды жағалап, ескі қорымдарды аралаумен шектелмейді. Олар ауылдың мектебін, ауруханасын, саябақтарын, бизнес құрылымдарын, басқа да әлеуметтік нысандарын көріп, олардың тыныс-тіршілігімен танысулары керек. Мәртебелі меймандарға өңір бейнесінің жаңғыруын, ұлттың сана-сезімін, бұрынғы Хан ордасының «ел бесігіне» айналғанын көрсету қажет. Осы секілді елдік мұратқа жетелейтін ауқымды шаралардың ұйымшылдықпен және жоғары деңгейде өтуіне ардагерлер де үлес қосып, белсенді түрде атсалысуы шарт.
Ардагерлер қауымының тікелей атсалысатын шарасының бірі – Махамбеттің 220 жылдығы. Республика көлемінде негізгі салмақ Атырау өңіріне түскелі тұр. Күні бүгінге дейін батырдың мазарына дейінгі жолдың салынбауы, әрине, бәрімізге сын. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қыруар шаруаның іске асуы – басты міндет. Халық батырының құрметіне «Дауылпаз» ескерткіш медалін шығару жоспарланып, оның эскиздік нұсқасы мақұлданып, орындаушыға жолданған, қалған шаруа қаражатқа байланысты.
Күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселенің бірі – көше атауларын беру туралы. Түскен өтініштер облыстық ономастика комиссиясында қаралып, ауыл көшелеріне белгілі бір тұлғаның атын беру жөнінде шешім қабылданады. Ал, қала аумағындағы көшелер мен нысандарға берілетін тұлғалар аттары, республикалық ономастика комиссиясының шешіміне сай «тарихи тұлғалар» тізіліміне енгізілгеннен кейін ғана жүзеге асырылады. Осындай өтініштер санының көптігіне байланысты түсіп жатқан наразылықтар да жеткілікті. Осы бағытта түсінік жұмыстарын жүргізу де келелі міндеттің бірі.
Ойындағысын осылай түйіндеген Кеңес төрағасы Мұрат Өтешов алда тұрған үлкен науқанның бірі ретінде баспасөзге жазылу маусымын атады. Оның пікірінше, бұрын «баспасөзге жазылу – әркімнің міндеті» десек, қазір «әркімнің өз ісі» деушілер көп. Бір кездері 20-30 мың данамен таралған облыстық «Atyraý» және «Прикаспийская коммуна» газеттерінің жағдайы жыл сайын мүшкілденіп барады.
– Облыстағы мыңдаған ардагер республикалық, ведомстволық газет-журналдарды демеушілік көмек арқылы жаздырып алады. Алға қарай, жергілікті мерзімді басылымдарға жазылу мәселесіне мән беріп, оған да өз үлесімізді қосу азаматтық парызымызға айналғаны артық емес. Енді екі жылдан соң тойланатын Ұлы Жеңістің 80 жылдығы да ардагерлерден бұл датаның тиісті дәрежеде аталып өтуіне белсенділікпен атсалысуды талап етеді, — деп, Мұрат Сақтайұлы елдік мақсаттағы істерге үнемі сергек көзқарас танытуға шақырды.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Әнуар Әбілғазиев