Жарнама
Қоғам

ӘРБІРІМІЗГЕ СЫН БОЛҒАНДА… биылғы тасқын нені көрсетті немесе оның алдын алу туралы пікір

Құрметті оқырмандар! 1993-1994 жылдары Махамбет ауданына тасқын  су келген шақта «Жайық шұғыласы» газетінде жарық көрген мақаламды оқырмандар назарына тағы бір рет ұсынып отырмын.

Автор

«Табиғат құбылыстарының сырын, себебін білген адам – бақытты адам», — дейді ойшыл-данышпандар. Адамзатқа талай зиян шектірген су тасқындары жөнінде ертедегі аңыздар мен ертегілер желісінен құрылған Таурат шежіресінде оның жантүршігерлік зардаптары бейнеленіп, жазылған.

Қай кезде де халқымыздың бүкіл тіршілігі табиғатқа тәуелді болғаннан соң әрбір жылдың, әрбір маусымның ерекшелігін көңілге тоқып, ой елегінен өткізіп отырған. Содан да болар, көнекөз қариялар ит жылын «қауіп-қатер жылы» деп есептеп, одан бекер сескенбесе керек.

«Жұт жеті ағайынды» дегендей, биылғы жылы қаңтар, ақпандағы қатты аяз бен наурыздағы ақ боран қысты едәуір ұзартып жіберді ғой. Еділ мен Жайық арасында қар анағұрлым көп жиналып, нормадан 2 есеге артық болды. Сөйтіп халық шаруашылығы мен елді мекендерді өр суынан болатын су тасқынынан қорғау мақсатында Атырау облыстық азаматтық қорғаныс штабының бастығы, облыс әкімі Сағат Түгелбаевтың 16 наурызда бұйрығы шықты. Бұдан кейін тиісінше аудан әкімінің өкімдері болды.

Табиғат апатының алдын алу мақсатында наурыздың 15-ші жұлдызында Ақжайық селосы тұрғындарының жалпы жиналысы өткізіліп, онда село әкімшілігі ұсынған шаралар кеңінен талқыланды. Жұртшылықтың құнды ұсыныс-пікірлері басшылыққа алынды. Селоны қоршаған дамбыларды көтеру, егінді алқаптарға баратын каналдарға, жолдарға қосымша тұрбалар салу, жыңғыл, қазық, қамыс тоқымаларын әзірлеу, малды көшіру кеңінен сөз болып, жүзеге асырыла бастады. Село әкімшілігінің кеңшармен бірлескен іс-қимылы нәтижесінде облыстық су ресурстары комитеті арқылы диаметрі бір, ұзындығы 30 метр тұрба тасылып, Атыраудан қуатты С-130 тракторы, астық комбинатынан 16 тонна ұн әкелінді.

Село тұрғындары арасынан топ құрылып, жыңғыл, қазық дайындалып, тасылып алынды. Әрбір жанұя мүшелеріне сай ұзындығы 6 шақырым, 400 метр дамбыны көтеру жұмыстары тапсырылып, ол жедел орындалды. Жеке қожалық малдары қырға шығарылып, бір жерден бақтырылды. Кеңшардың әкімшілігі, инженер-техникалық мамандар, мұғалімдер, селолық округ әкімшілігіне қарасты мекеме қызметкерлері уақытпен санаспай еңбек етті. Тәулігіне 2 рет жергілікті радиохабарлары ұйымдастырылып, су мөлшері мен осал тұстары құлақтандырылып, отырылды. Су жағаларына түнде үлкен қуатты прожекторлар қойылды. Әсіресе мамыр айының 14-22 аралығында судың мөлшері сағаттап өсіп, елге үлкен қауіп төндірді. Су «Коровник», «7 ауыл» секілді елді мекендерді алып кетті. Сондай-ақ, 200 бастық сиыр қорасы, түйе комплексі, 60 бастық сиыр қорасы, 15 малшылар үйі, мал азықтары суда қалды. 600 киловаттық 4 трансформатор, 6 су насосы, 3 НАП су насосы жарамсыз бодды. Осы тасқын зардаптарына сай облыс әкімі Сағат Түгелбаев, аудан әкімі Жанай Беркалиев, оның орынбасары Мәндірғали Оразғалиев бастаған топ тік ұшақпен, баржамен көмекке келді. Тек қана село орталығы қоршалып, егін алқаптары су астында тұрды. Барлық зиян мөлшері 15 миллионнан астам теңге болып, өзі «тақырда» отырған  кеңшарға қиындық әкелді. Қазір ақша іздеп кеңшар басшылары жоғарыдан үміт күтуде.

Дегенмен «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады»  деген сөз тегіннен тегін айтылмаса керек. Халықтың күші ел басына түскен қиыншылықта  көрінді.  «Көп түкірсе көл»  деген, қол күшімен қыруар жұмыс бітті. Халықтың күшін тасқынға тосқауыл етіп шебер ұйымдастыра білген мектеп директоры Қуаныш Нұралиев, бас агроном Жәнібек Қашаубаев, күндіз-түні кірпік ілмей трактордан түспеген атыраулық Николай Никонов, ауыл жігіттері Төлеген Жылқышиев, Бөлеген Бекимов, Қайролла Мұстафин, Жәрдем Аяпов, Қайыржан Тұрсынғалиев, Есенжан Бисенғалиев және басқалардың еңбектеріне село тұрғындары дән риза.

Жасыратыны жоқ, осындай апат келіп қалғанда ауыртпалықты бірге иықтасып көтеру орнына жеке малымен, үй-жанымен қаша жөнелген «ағалар» да болды. Сонау 1942 және 1957 жылдардағы суды көрген қайсыбір көнекөз қариялар су жақындағанда үйден бұқпантайлап шықпай қалды. «Су келмейді, келсе де ауылдың басшылары құтқаруға тиіс» деп, Құрбан айттың етіне тыңқия тойып, сазан қуып кеткен азаматтар да кездесті.

Биылғы тасқын судың азды-көпті сабақтарын ой елегінен өткізіп, ауданның тасқын судан қорғау комитетіне төмендегідей ұсыныс-пікір білдіремін: біріншіден, табиғаттың бұл апаты осы ғасырдың аяғына дейін созылатынын ғалымдар мерзімді баспасөз беттерінде дәлелдеп жүр. Сондықтан оны халық арасында кеңінен насихаттап, адамдардың психологиясын жетілдіруге тиіспіз. Осы мақсатта оқулар өткізіп, газет бетін пайдалану керек. Екіншіден, аудандық су жүйесі басқармасы қазірден бастап каналдарды бұзып, тұрба салатын орындарды анықтауы тиіс. Үшіншіден, су тасқыны кезінде төбесін бірде-бір рет көрсетпей, шақырғанда келмеген Индер жол басқармасы тас жол бойына қосымша су шығатын тұрбалар салуы тиіс. Төртіншіден, ақша қаражатын сылтауратып қысқарып қалған гидротехник-мелиоратор штатын кеңшар басшылары қайтадан қосуы қажет. Бесіншіден, бұрынғы жабылып қалған су жағасын қорғайтын комитеттерді қайтадан ашуды немесе жергілікті жерден бір адамдық болса да штатын ұстауды ұйымдастырған жөн.

Осы шараларды іске асырмасақ опық жеріміз сөзсіз. Мұны тек іс басында жүргендер ғана емес, елдің әрбір азаматы ойлауға тиіс.

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,

Ақжайық селолық округінің әкімі

«Жайық шұғыласы», 28 маусым, 1994 жыл

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button