ӘРБІР СПОРТШЫ – ЕЛДІҢ ПАТРИОТЫ
«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасы енді «100 нақты қадаммен» толықты. Президент жариялаған 5 институционалды бағыттың Біртектілік пен бірлік саласы жалпы идеология саласына, соның ішінде, әдебиет пен өнер, спорт, оқу мен ғылымның интеграциясына тығыз байланысты. Соның ішінде Мәңгілік ел патриоттық актісі біз үшін өте-мөте жақын.
Осы орайда Атырау облысында жастардың бойында патриоттық тәрбиені қалыптастыру, мемлекеттің абыройын қорғау, ел беделін асқақтату, ұлттық құндылықтарымыз болып есептелетін – Әнұран мен көк Туымызды аспанда қалықтату бағытында бірқатар нәтижелі жұмыстар жүзеге асуда.
Атап айтқанда, дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында Айболат Ыстыбаев алтын медаль иегері атанды. Ал, ауыр атлет Ниджат Рахимов АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тағып, келер жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадаға жолдаманы ұтып алды. Облыс спорты тарихында болмаған бұл екі алтын медаль, қос чемпион Атырау өңірінің спорттағы жетістігін дәлелдей түсті. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі спортшы Әнуар Сариев Кореяда дзюдодан өткен халықаралық турнирде топ жарып, келер жылы Бразилияда өтетін паралимпиадалық ойындарға жолдаманы еншіледі. Әлем чемпионаттарына адал еңбегімен қол жеткізген құлсарылық Талғат Жұмағалиев пен ауыр салмақты жас өрен Кирилл Литвиновтардың есімдері де ерекше атауға лайықты.
Атырау спортының дамуына айрықша қарқын қосқан отыз спорт түрі бойынша құрылған облыстық федерациялардың қызметін де атап өткен жөн. 2015 жылы әуесқойлар арасында өткен халықаралық додаларда еліміздің намысын қорғаған спортшылардың маңдай тері мен жаттықтырушылардың ерен еңбектері өз жемісін берді. Кикбокстан Азия және әлем чемпионы Абзал Дүсіпов, қазақ күресінен Сұңғат Закарияев, бокстан Назым Ищановалардың есімдері қазақ спорты тарихында алтын әріптермен жазылып қалары анық.
Облыс спорты үшін табысқа толы болған өткен жылда 15 нысан жаңадан салынды. Спортпен шұғылданушылар саны былтырғымен салыстырғанда 25,2 пайызға көбейді.
Нұржан ЕРМҰХАНОВ,
облыстық дене
шынықтыру және
спорт басқармасының басшысы.