ӘРБІР НӨМІР – ТҰНҒАН ӨМІР

Облыстық «Атырау» газетінің көшпелі редакциясы – Мақат ауданында
Мұнайлы аймақ айнасы – «Атырау» газетіне биылғы жылдың екінші жартысына жазылу жүріп жатыр. Осы уақытта газет тілшілерінің жылдағы үрдіс бойынша оқырмандармен жүздесіп, өз жұмыстарынан есеп беруі және алдағы межелерімен бөлісуі дәстүрге айналған. Осындай кездесу таяуда Мақат ауданында өтті.

 ОҚЫРМАНДЫ НЕ МАЗАЛАЙДЫ?

Кездесуде оқырмандар ой тиегін ағытып, көкейдегі сұрақтарымен алмасты. Әсіресе, мұғалімдер мен дәрігерлер салмақты ойларын ортаға салды. Мақат аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Ербол ЕРМАҒАМБЕТОВ: «Атырау» газетіне жылда жазылып жүрміз. Біз газеттен облыста болып жатқан ең маңызды жаңалықтармен қоса, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, көпшіліктің пікірін қалыптастыратын мақалаларды жиі көргіміз келеді. Мысалы, қазіргі таңда газетке барлық мұғалімдер өз жұмысынан есепті мақала бергісі келеді. Бізге өтіп жатқан шаралар туралы мақала емес, білім беру саласы бойынша толғақты ойларды қаузаған материалдар керек», – деген ойын жеткізді. Сондай-ақ, мұғалімдер атынан білім бөлімінің басшысы Ербол Қонысбайұлы «халық пен мемлекеттік орган қызметкерлерінің арасындағы алтын көпір ретінде газетте сұрақ-жауап бетшесі жиі беріліп тұрса» деген тілегін білдірді. 

ГАЗЕТ НЕГЕ КЕШІГІП КЕЛЕДІ?

Ақпараттың құндылығы – оның сол бойда оқылуымен, яғни жеделділігімен маңызды. Қазіргідей ақпарат заманында күнделікті жаңалықты теледидар немесе интернет сайттарынан біліп отыру оңай, әрі қолжетімді болып кетті. Осы орайда мақаттықтар газет ауданға уақтылы жетпейтінін айтып отыр. Мысалы, сейсенбі күні шығатын «Атырау» газетін тұрғындар сәрсенбі күні оқыса, бейсенбілік, сенбілік нөмірмен келесі аптаның дүйсенбісінде танысады екен. Ал, бұл кезде қандайма жаңалықтың да мәні кетеді.
Газеттегі хабар-ошарларды кешігіп оқитын жұртшылыққа газетке жазылу тиімді болмай тұр. Мәселенің мән-жайын білу үшін Мақат аудандық пошта байланыс торабы басшысы Жандос Бейсеновке хабарласқан едік. Оның бізге берген жауабы мынадай болды: «27 мың тұрғыны бар ауданға небәрі төрт бөлімшеде 10 пошта қызметкері қызмет көрсетеді. Олар газеттің бәрін таратып үлгере алмайтын болғандықтан, «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасымен жұмыссыз жүрген адамдарды әкімдікпен келісіп, үш ай пошта қызметіне тартамыз. Сөйтіп, қызметкер аз деп қарап отырмай, жұмысымызды барынша жақсартуға тырысудамыз. Әрине, олар бұрын пошта қызметкерлері болмағасын кідіретін болар. Қазір пошта қызметкерінің жалақылары небәрі – 28 000-30000 теңге. Олардың жалақысы аз болғанымен, жұмыстарының қиындығы көп. Проблемалар да аз емес. Соның бірі – пәтерлерде пошта жәшіктерінің болмауы бізді қынжылтады. Бұл пошта тасушылар үшін де қиындық туғызуда. Себебі, апарған газетті салатын жер болмағандықтан есікке қыстырып кетуге тура келеді. Ол желге ұшып, не жаңбырда қалып бүлінуі мүмкін. Сондықтан, барлық жазылушылар әр аулаға пошта жәшіктерін орнатса, бәріміз үшін тиімді болар еді…».
Ал, Мақат аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат ХАМИДУЛЛИНАДАН білгеніміздей, биылғы жылы «Атырау» газетіне аудан тұрғындарының 51,5 пайызы жазылыпты. Өткен жылы бұл көрсеткіш 74,6 пайызды көрсетсе, биыл 75-80 пайыздық межеден көрінуді жоспарлаған.

АУЫЛДА МАМАНДАР ЖЕТІСПЕЙДІ

Кездесу барысында Мақат ауданындағы толайым табыстардың да куәсі болып қайттық. Биылғы оқу жылында мектепті 4993 бала тәмамдаған. Ұлттық бірыңғай тестілеуге аудан бойынша сегіз мектептен 156 түлек қатысып, орташа балл 60,4 пайызды құрап отыр. Ең жоғары 106 балға Б.Қанатбаев атындағы орта мектептің түлегі Эльназ Жұмабаева ие болған. Ал, «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасымен өткен оқу жылында жеті жас маман келіп, оларға тұрғын үй, көтерме ақылары беріліпті. Дегенмен, ауданда әлі де педагог мамандар жетіспей отыр.
«Математика, орыс тілі, технология пәнінің мұғалімі (ер балаларға) және алғашқы әскери дайындық пәніне (АӘД), орыс сыныптарына мамандар жетіспейді. Мектепке дейінгі бөлімде орыс топтарына мамандар керек. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітірген педагог мамандар сұранысымызбен мүлдем сәйкеспейді.
Жергілікті бюджеттен грант бөліп оқытайық десек, ауданымыздың балалары мұғалімдік мамандыққа бармайды, бәрі бірдей жалақысы жақсы мұнайшы мамандығын таңдап, өндіріс саласына кетеді. Сондықтан, жоғары оқу орындары ауыл, аудандарға қажет мұғалімдерін жіберіп отырса жақсы болар еді. Сонда жас маман да жұмыссыз қалмайды, мектептерде мұғалімдер де жеткілікті болады. Біздің осы пікірімізді газетте жариялап, мәселе етіп көтерулеріңізді сұраймын», – дейді ауданның білім бөлімі басшысы Ербол Ермағамбетов.
Мақаттағы білім бөлімі басшылығы балалар мен жасөспірімдер мектебіне волейбол, баскетбол, гандбол секілді ойын түрлерінен жаттықтырушылар қажеттігін айтып, өткен жылы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына хат жазыпты. Биылғы жылы арнайы штат ашылып, жаттықтырушылар жіберілетіндігі жайында жауап та келіп үлгерген. Ендігі кезекте спорттың түр-түрімен айналысамын деген балаға барлық жағдай жасалып тұр.

 ОРТАҚ МҮДДЕ, ӨРІМТАЛ ОЙ

Мақат аудандық емханасының бас дәрігері Батырбек ОҢДАСЫНОВ «мекеме дәрігерлері барлық газетке жазыла алмайды ғой» деп бізге өкпесін де айтып қалды. Мәселе мәнісі былай екен: аудандық «Мақат тынысы» газетіне жазылатын дәрігерлердің «Атырау», «Прикаспийская коммуна» газетіне қоса жазылуға жалақысы жетпейтін көрінеді. Олардың айтуынша, аудандық басылым да сұраныстарына қанағат бола алады. Дәрігерлер негізінен газетті тек өз саласына қатысты мақаланы оқу үшін алатынын айтады. Дегенмен де, әркім тек өз саласына қатыстыны оқып қана қоймай, жалпы облысымызда қандай жаңалық барын, бағыт-бағдарын жетік білу кез-келген маманға қажет-ақ.
– Басылым беттерінде жиі көтерілетін «Дәрігерлер қағазбастылықтан арылмай тұр» деген өзекті мәселеге үн қосқым келеді. Өйткені, көпшілігі мәселенің мәнісіне бармай қалам тербейді. Көпшілік тілшілер даттап та жатады. Сондықтан, сіздердің газеттеріңіз арқылы пікірімді айтып өтейін», – деді әрі қарай аудандық емхананың бас дәрігері Батырбек Саламатұлы. – Дәрігер әрбір аурудың тарихын электрондық нұсқада жазып отыруы қажет. Өйткені, 2017 жылға қарай емделушінің бала күнінен бергі толық мәліметі электрондық нұсқада тұрады. Кейін науқас қай қалада жүріп дәрігерге қаралса да, ол туралы мәлімет көрініп тұрады. Сол кезде қазіргідей амбулаториялық карта керек болмайды. Осындай жетістікке қол жеткізу үшін дәрігерлер қазірден бастап компьютерге барлық мәліметті түсіреді. Мұны қағазбастылық деп емес, біртіндеп іске асырылып жатқан жұмыстар ретінде қарауымыз керек.
Мақат ауданында жалпы өндірістік жұмыс жөніндегі дәрігер, терапевт, денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы мамандары аса қажет болып отыр. «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасымен өткен жылы екі жас маман келген. Бірі – педиатр, екіншісі Доссор елді мекеніне акушер-гинеколог болып жұмысқа орналасыпты. Екеуі де пәтермен, көтерме ақымен қамтылды. Негізінен ауданда 27 дәрігер жұмыс жасайды. Ал, өңірде өршіп тұрған ауру қатарына қант диабеті, зоб, онкологиялық, жатыр мойны, омырау ісігі аурулары кіреді. Осыған байланысты скринингтік тексерулер уақтылы жасалады. Ал, балалар арасында қаны аздық, көз ауруларының алдын алу бағытында іс-шаралар жүргізілуде.
Қай кезде де баспасөз ұлт мүддесін жоғары қоятын, ел басқарған азаматтардың қолдау-көмегін күтетіні рас. Біздерге жолыққан лауазым иелері, атап айтқанда, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, темір жол мекемелері басшылары, балабақша қызметкерлері, кәсіпкерлер де өз тараптарынан газеттердің таралымын арттыруға қолдау көрсететіндіктерін атап айтты.

 

ТҮЙІН:
Мұнайлы Мақат өңірінің тұрғындары – «Атырау» газетінің байырғы оқырмандары. Газет тарихы қанша жыл болса, сонша уақыт мұнайшылар өмірі оның басты тақырыбы болып келеді. Газет майлы қиян – Мақаттың жетістігіне бірге қуанып, кемшілігімен күресіп отырады. Алдағы уақытта да мұнайлы мекен тынысы газетте жан-жақты жазыла бермек. Редакция басшылығы мақаттықтар газетімізге ұйымшылдықпен жазылады деп сенім білдіреді.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.
Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ.
Мақат ауданы.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз