Қарашүңгіл қорымын білесіз бе?
Қaрaшүңгіл қорымы – 1899 жылы қазақ даласындағы тұңғыш мұнай өндірісімен тaнылған құтты мекен. Оның алғашқы фотосуреті 1903 жылы Санкт-Петербургтен шыққан жинақта жарық көрді. Қорым жергілікті маңызы бар киелі орындардың бірі.
Бізге аталған жердің Жылыой ауданындағы Аққұдық ауылынан солтүстікке қарай 12 шақырым жердегі Қарашүңгіл сорында орналасқаны мәлім. Қорым Қазақстанның батыс өңіріндегі ең ірі ескерткіштердің бірі болып табылады. Оның пайда болу уақыты ХVІІІ-XX ғасырлар аралығын қамтиды. Қорымның атауы туралы деректердің бірінде мұнай шыққан сордың атымен «қара» және «шұңқыр» сөзінен шыққан десе, халық арасында тараған аңыз бойынша екі ғашықтың атымен байланыстырылады. Яғни, Қара атты жігіт пен Шұңғыл есімді қыз осы жерде қайтыс болып, жерленген деседі.
– Қарашүңгіл қорымы Ұшқан атадан оңтүстік-батысқа қарай 35 км. жерде орналасқан және батыс, шығыс бөліктерге бөлінеді. Қорымның орта жағында әулие-баба зираты бар, оның түрі жай төбешік және басына ағаш қадау орнатылған. Қарашүңгілдегі шикі кірпішпен қаланған бір камералық кесенелер ерекше қызықтырады. Олардың көпшілігінің келбеті киіз үй пішінінде істелген. Бұл қорымдарда Атырауға тән тік бұрышты және сопақша типті қоршау-шегендер көбірек. Әдетте, шеген қос қабатты болып келеді. бір-бірінің үстінде, үстіңгі бөлігі тарлау болады. Мұндай қоршаулар мықты, әрі көпке шыдайды, — дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекция басшысының орынбасары Фархад Байдәулетов.
Ал, жергілікті тарихшылардың айтуынша, Қарашүңгілдегі №7 ұңғымадан 42 метр тереңдіктен тәулігіне шығымдылығы 22-25 тонна құрайтын алғашқы мұнай бұрқағы атқылаған. Осы жерден 100 тонна мұнай алынып, теңізге қарай торсыққа құйылып, жөнелтілген түйе керуенін Каспий теңізінде мұнай тасымалдаушы кеме күтетін болған.
Мәлике МӘЛІК