Жарнама
Қоғам

«АРАБТАР ӨНЕРІМЕ ТАҢДАЙ ҚАҚТЫ»

Ол осы атаулы датаға арнап жеті бірдей картина салды. Бізге жақында Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен шейх Заид пен Сұлтан Әл Нахаян атындағы Әбу-Даби Халықаралық мәдени мұра фестиваліне қатысып келген суретшімен дидарласудың орайы келген еді.

Камила Әбенқызы, әуелі тарихи тақырыпқа қалай келдіңіз, осы жайында айтсаңыз? Өйткені, сіздің тақырыбыңыз бұған дейін романтикалық, абстракциялық сипатта болатын.

— Иә, дұрыс айтасыз, менің тарихи тақырыпта сурет салуым  өзім үшін де жаңалық. Суреттеріме қазақтың ұлттық бояуын енгізіп, ұлттық нақышты, әуезді күштірек етіп көрсетуге мән беретінімді елдің бәрі де біледі. Сол арқылы өз еліме деген махаббатты да көрсетіп, жас ұрпақты елдің тұрмыс-тіршілігімен, дәстүр-салтымен біртұтастықта тәрбиелеген дұрыс, сондықтан ұлттық ою-өрнекті басты назарда ұстаймын.

Ал, биылғы Қазақ хандығының 550 жылдығы маған үлкен ой салды. Мәселен, «Әз Жәнібек хан және Қажы-Тархан» атты картинамды ел аузындағы аңыз бен бүгінгі жағдайлар аясында жаздым. Ол аңызда Әз Жәнібек хан Қажы-Тархан – қазіргі Астрахан қаласын салмақ болады. Алайда, салынған қала бекінісінің қабырғалары құлап қала береді. Сонда хан Асан Қайғы Сәбитұлынан кеңес сұрапты дейді көне аңыз бойынша. Асан би оған: «Таңмен уәзіріңді қала бекінісінің алдына шығар, ол ең бірінші кездескен адамды өлтіріп, бекіністің босағасына көмуі керек, сонда ғана ол құламайтын болады», — депті.

Уәзір ертемен қала қақпасының аузында тұрса, бір қазақ баласы келе жатыр екен, оған жаны ашып қоя береді. Одан кейін бір түрі өзгеше бала келе жатады. Соны Асан би айтқандай етіп, қақпаның босағасына көмеді. Соны естігенде Асан Қайғы: «Бұл мекен ендігі жерде қазаққа қоныс болмайды екен», — деп күрсініпті деседі.

Мен қазіргі Астрахан қаласының сол Әз Жәнібек хан салдырған бекінісін (крепость) көзіммен көрдім және жүрегімді бір өкініш биледі. Ата-бабамыздың табанының ізі қалған жерге арнап жазған бұл картинам сол бабалардың рухына тұрғызған құлпытасым деп білемін.

Тағы бір туындым Бөкей ханға арналды. Ол – Жайық пен Еділдің ортасында бос жатқан Нарын құмына елді көшіріп, қоныстандырған өз заманының үлкен саясаткері. Каспий теңізі мен Нарын құмының фонында берілген ханның ойлы көзбен даланы шолып тұрған кезін бейнеледім.

Сонымен қатар, жеті хан жатқан Сарайшыққа да бір еңбекті арнадым. Қазақ халқына зор еңбек сіңірген қабырғалы үш биді де бір картинама тақырып етіп алдым. Жеті жұрт көшіп, жеті жұрт келіп қонған жердің киелілігін, туған топырақтың қасиетін ашуға тырыстым.

Әрине, ол еңбектердің бағасын халық беретіні даусыз. Сіз бұдан бұрын Дина Нұрпейісованың, Хиуаз Доспанованың, есімі ел аузында қалған сынықшы Қарлығаш Нұрымұлының да портретін сомдадыңыз…

— Мен күй анасы Дина әжеміздің және Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың бейнелерін осы Атыраудан шыққан, баршамыз білетін және өлеңдерін сүйіп оқитын Маржан Ершуованың дастандарын оқығаннан кейін салдым. Ол суреттер елдің көңілінен шықты, жұртшылық жылы қабылдады.

Негізінен мен әдеби туындыларды көп оқимын. Сондықтан шығар, сіздің де «Ақ жылан пір» атты дастаныңызды оқығаннан кейін маған бір ой келді, «осы Қарлығаш баба портретін неге салмасқа?» деген. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдым. Бұл кісі – халықты сырқатынан емдеген тәуіп, мертіккен жандарды сол заматында аяғына тұрғызған сынықшы, Аллаға берілген, діні берік адам. Ондай жанды бейнелеу оңай емес. Мен тіпті,  «Ақ жылан пірмен»  ауырдым деуге болады. Сөйтіп жүргенімде түсімде көрдім, мүмкін маған берілген аян шығар. Таңертең тұрдым да, түсімде көргенімді айнытпай қылқаламмен өрнектеп шықтым.

Ғажап екен. Бұндай түс көру өнер адамдарында кездесіп тұрады. Өзгелерге беймәлім, тек арқалы адамдарға ғана тән құбылыс. Осы жерде бір сұрағым бар, сіз неліктен тағдырыңызды өнермен байланыстырдыңыз?

— Менің әжем мен анам – оюлап текемет басқан, алаша тоқыған жандар. Қиық құрап, көрпеше тігеді. Жас кезімнен көзіме сіңісті болған өнер мені өзінің ырқынан босатпады. Әжем жүн түткізіп, жіп иіртетін, өзімізге кішкене көйлек те тіге қоятынбыз. Қазірде де мен өз киімімді өзім тігем, ұлттық оюлармен белдіктер  жасаймын, құрақ көрпеше, жастық, төсекке дейін қолымнан шыққан дүниелер.

— Өткен жылдың аяғында Біріккен Араб Әмірліктерінде бір ай бойы Халықаралық фестивальға қатыстыңыз. Сол туралы оқырманды хабардар етсек…

— Былтырғы жылдың 15 қарашасы мен 15 желтоқсаны аралығында шейх Заид пен Сұлтан Әл Нахаян атындағы Әбу-Даби Халықаралық мәдени мұра фестивалі өтті. Мен осы фестивальда өз суреттерімнің көрмесін ұйымдастыруға рұқсат алдым. Сөйтіп, Атырау облысынан үш суретші бардық.

Оған 12 мұсылман мемлекеті қатысты.  Олардың да өнерлерімен танысып, тәжірибе алмасуға жағдай жасалды. Мен де батик өнерін танытып, киізден қолөнер дүниелерін (войлок) жасаудан шеберлік сыныбын  өткіздім. Қазақтың ұлттық өнеріне қызығушылық артып, үлкен құрмет көрсетілді. Араб елінде менің жұмыстарымды қарап,  қыз-келіншектердің осынша жұмыс жасап, өнердің ортасында жүргеніне таңырқады. Барған өкілдердің ішінен бірінші болып менің үлкен «Қарлығаш» деген картинамның тұсаукесері өтті. Сөйтіп, сауданы менің туындым ашты.  Қазақстаннан барған 50 адам бірдей қуанды. Оның ішінде аспаздар, «Нұр» ұлттық би ансамблі болды. Сөйтіп, намысты қолдан бермей, Атырау өлкесінің туын желбіретіп келдік.

Рахмет. Алда да шығармашылық табыс тілейміз.

Әңгімелескен:

Гүлзада  НИЕТҚАЛИЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button