Жарнама
Қоғам

ӘР ЖҮРЕКТЕ БОЛАШАҚҚА СЕНІМ БАР

 

Жаңа дәуір 1991 жылдың желтоқсанынан басталды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздіктің сын сағаттарында нардың жүгін көтерген қажырлы қайраткер, дана саясаткер ретінде еліміздің сенімінен шықты. Сөйтіп, халқының үмітін ақтап, егеменді Қазақстан мемлекетінің негізін қалады, іргелі мемлекет құрды. Ең бастысы, мұның барлығына жанжалсыз, жасампаз еңбек арқылы жеттік. Мұндай жетістік бірлікті елі, білікті төрі, ең бастысы, дана басшысы бар қоғамның ғана қолынан келеді.

Рас, абыржушылықтар да, уақытша күйзелістер мен дағдарыстар да кездесті. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету елге де, Елбасына да үлкен сын болды.

Ел экономикасына батыл да жүйелі, жігерлі де жедел өзгерістер енгізілді. Бұл өмір талабы болатын. Қалада да, ауылда да халықтың әл-ауқатын біртіндеп көтеру бағытында игі істер атқарылды.

Кеңес одағынан бөлініп, өз алдына дербестік алған жас мемлекет көл-көсір қиыншылықтарды бастан өткерсе де, Елбасы батыл бастамаларды қолға ала бастады. Нарықтық экономикаға көшу, Астананы Алатаудан Арқаға ауыстыру, еліміздің Ұлттық қорын жасақтау және «Қазақстан-2030» стратегиясын жасау сияқты аса маңызды, ірі жобаларды  жүзеге асырды. Бүгінде еліміз өз мемлекеттілігін біржолата бекітіп, дамудың қазақстандық моделін қалыптастырды. Осы кезеңде ғасырға бергісіз жолдан өтті, ауқымы жағынан орасан табыстарға қол жеткізді.

Президент сол кездегі күрделі жағдайға қарамастан, өз халқына дамудың сара жолын ұсынды. Қазақстандықтар өзінің Көшбасшысына, оның гүлдену мен өркендеуге тезірек жету мақсатындағы барлық идеяларына сенді және іске асуына ықыласты болды.

Біз бүгін керегеміз мықты, шаңырағымыз биік, атымызды әлем таныған, өз жеріміздің несібесін өзіміз иеленіп отырған бақуатты, берекелі елміз. Әрине, қиыншылықтар болады. Ашығын айту керек, қазіргі әлемдік дағдарыс оңай тиіп отырған жоқ. Бірақ, біздің облыстағы ауыл шаруашылығының даму қарқыны көңілге қонады. Шетке көз салмай, өз күнімізді өзіміз көретін мүмкіндіктің бар екендігі көңілге демеу. Келесі жылы Қашаған кен орны іске қосылса, Астраханмен арадағы жол салынса, жағдай едәуір жақсарар еді. Сондықтан, талай ауыртпалықты қайыспай көтерген нар қазақ бұл кедергілерден де өте шығарына күмән жоқ. Тек ел тыныш, еңбек өнімділігі жоғары болсын, халықтың жігері жасымасын деймін.

Тәуелсіздік мерекесі баршамызға құтты болсын!..

Есен ТАСҚЫНБАЕВ,

қоғам және мемлекет қайраткері,

Атырау облысының Құрметті азаматы,

«Парасат» орденінің иегері.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button