Жарнама
Қоғам

«ӘР ТОЛҚЫНЫ ӨНЕГЕ ӨМІР-ӨЗЕН»

 Балуан әрі күйші жігіттің кенеттен кітап жазып тастағаны көпті таңдандырып тастағаны тағы рас. Қара сөздің қадірі қанда бар қасиет-ау! Жеті баулы беріштің жебесіндей суырылған сөздің иесі, әкесі Манап Ғалимов — әдебиет пен мәдениеттің майталманы. Мәкеңнің анасы Мағиса – Еділ мен Жайықтай екпіндеген ерен ақын Насихат Сүгірұлының қарындасы. Нұрсипаттың анасы Зеріп – Құлкештердің құлағына майдай жаққан әдемі лепесті келін. Ал, балуанның апасы – Мөрбан, Рыспай Ғабдиевтей Күй Қағанымен домбыраның пернесінде дәурендеген дәулескер жандар».

Туындының негізгі арқауы 1970-1980 жылдарғы аудан спортының ат байланар алтын қазығы десек те, еркін күресті қадірлеп, ерен еңбектерімен ел құрметіне бөленген азаматтардың, өнер мен қоғам қайраткерлері, спорт ардагерлері, автордың өзімен жұмыстас болған замандастарының естеліктері, республикалық және халықаралық жарыстардың тағылымы көп жайды аңғартады. Деректер мен дәйектер, суреттер галереясы, естеліктер өткен күндерден сыр шертеді, тағылымды ой түйеді. Әсіресе, еркін күрестен КСРО спорт шеберлері – Серік Рахымбердиев, Жақсылық Бақтыбаев, Талғат Бекембаев, Құрал Молдабаев, Сәлік Сұлтангереевтің және жеңіл атлетикадан КСРО спорт шебері Талғат Шартиковтың ой-толғамдары кейінгі толқын жас буындарға, спорт саңлақтарының ізбасарларына тәлім боларлық.

Ал, Атырау облысының Құрметті азаматы, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Орынғали Қарасаев ағамыздың лебізі автордың портретін дәл бергендігімен назар аудартады: «Маңдайы жарқырап, келбетінен үнемі шаттық лебі есіп тұратын, кездескенді тапап өткендей тегеурінді, бойы-сойы да келісті жаралған жас жігіт Нұрсипат Манапұлы. Өзі ұлтымыздың дене шынықтыру-спорт саласында (негізгі жұмысымен бірге) ұзақ жылдар қызмет етіп, ұлттың күрес өнерін дамытуға бір кісідей үлес қосқан азамат, қазір де осы өнерді дамытуға шаршамай-талмай атсалысып жүргенін мақтан тұтады. Оның есімі елге спорт шебері ретінде танымал».

Спортшылардың және аудандық әкімдіктің қолдауына ие болған осы туындының тұсаукесер рәсімі жақында аудандық мұражайда өтті. Жағымды жаңалықтан алдын ала құлақтанып үлгерген спорт жанашырлары көп жиналды.Олар стенд-тақтада көрініс тапқан Н.М.Ғалимовтың, оның ұстазы М.Мәуменовтің еркін күрестегі шәкірттерінің суреттер топтамасымен, сондай-ақ «Спорт жұлдыздары» спорттық-патриоттық басылымында және жергілікті газеттерде жарияланған сараптама материалдармен танысты. 

Соңынан кітап авторы Нұрсипат Манапұлы төл туындысының  тұсаукесер рәсіміне жиналғандарға кітабын тарту етіп, қолтаңбасын қалдырып жатты.

Қаржау Оразбаев,
меншікті тілшіміз.
Жылыой ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button