ӘР ҮЙГЕ ЖЫЛУ СЫЙЛАҒАН
Кәсіпорынның тарихы облыс орталығында жылу энергетикасы саласының өркендеп, дамуымен тығыз сабақтас. Бұдан 40 жыл бұрын Гурьев жылу-электр орталығының жылу желілері цехы мен «Гурьевэнерго» басқармасының орталық жөндеу шеберханасы базасы негізінде құрылған кәсіпорын бұл күнде іргелі кәсіпорынға айналды. Кәсіпорын осы жылдар ішінде өзінің міндеттері мен мақсаттарын айқындап, тұтынушыларды жылумен қамтудағы әлеуетін нақты таныта алды.
1997 -1998 жылдарда Атырау облысы әкімінің шешімі бойынша қаладағы әртүрлі ведомстволық бағыныстағы жылу жүйелері аталған кәсіпорын есебіне берілген болатын. Жасыратыны жоқ, сол кездегі кәсіпорын есебіне алынған жылу жүйелерінің жағдайы қанағаттанғысыз еді. Қысқа мерзім ішінде кәсіпорын ұжымы кездескен қиындықтарға қарамастан, алға қойылған күрделі міндеттерді орындау жолында табандылықпен еңбек етіп, қаладағы бүкіл жылу жүйесін біртіндеп қалыпқа келтірді. Осы жылдарда кәсіпорын өсіп-өркендеумен бірге, қуатты өндірістер сапына қосылды.
Бұл күндері «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамы қала тұрғындары мен қаладағы өндірістік және әлеуметтік сала нысандарын жылу энергиясымен сенімді түрде қамтамасыз ете алатын, жеткілікті материалдық-техникалық базасы, білікті мамандары бар, жақсы еңбек дәстүрі сақталған қуатты кәсіпорын ретінде танылып отыр. Кәсіпорын ұжымының қажырлы еңбегі арқасында 40 жыл бойы қала тұрғындары өз үйлері мен қызмет орындарында өздерін жайлы сезінетін болды. Бұл іске кәсіпорынның әр қызметкерінің қосқан үлесі мол. Сондықтан кәсіпорын ұжымына тұтынушыларды жылумен қамту саласындағы жауапты қызметіне алға қарай да табыс, игі жетістіктер тілеймін.
Дендеріңіз сау, жанұяларыңыз аман болып, отбасында бақытқа, қуанышқа кенеле беріңіздер!
Құрметпен, Атырау облысы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Құрметті Нұрадин Шамшатұлы!
«Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамы ұжымы!
Сіздерді республикадағы ірі өндірістік орталық, өркениетке қол созған мұнайлы астана атанған Атырау қаласының қалыптасуы мен дамуында өзіндік орны бар «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамының 40 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгінде «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамы – заманауи өндірістік базамен, қазіргі әлемдік талаптарға сай арнайы техникалармен жабдықталған қуатты кәсіпорын. Осындай кәсіпорынның қалыптасуында өзіндік орны бар У.М.Мизамғалиев, Л.Н.Ли, Е.К.Ильясов, Р.С.Янаев, В.А.Ганус, А.Б.Аяпбергенов, А.В.Швецов, А.С.Егоров, В.Н.Валышев, С.Ф.Зверев, К.Елеусинов, Б.Тауров сияқты басшылар мен инженерлердің еңбектері орасан зор.
Ел экономикасының күретамыры саналатын Атырау қаласы келбетінің адам танымастай өзгеріп, шырайлы шаһарға айналуы – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағытында атқарылып жатқан сапалы әрі жүйелі жұмыстарыңыздың нәтижесі екені сөзсіз. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен жанқиярлық табандылықтарыңыздың арқасында өңіріміз өндірістік қуаты мен шикізаттық қоры жағынан республикадағы инвестициялық тартымды аймаққа айналып отыр.
Өздеріңіз көріп отырғандай, осындай қызу қарқынды жұмыс тек біздің өңірде. Бұл – ең үлкен жетістік! Сіз бен біздің бірге қол жеткізген ортақ табысымыз, ортақ мақтанышымыз!
Осы орайда сәулетті шаһарымыздың игілігі үшін қызмет етіп жатқан Сіздердің тұтынушылардың сұранысына сай, талап пен талғам үдесінен шығатындай қызмет сапасына зор жауапкершілікпен қарап, тапсырылған істі уақтылы орындауларыңыз өңір экономикасы мен әлеуетінің артуына қосқан мол үлестеріңіз екендігін баса айтар едім.
«Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамының 40 жылдық мерейтойы – барлық игі жақсылықтардың басын біріктіретін, ұжым арасында достық пен ынтымақтастықты нығайтатын мерекелі той. Бұл мереке Сіздердің ұзақ жылғы қажырлы еңбектеріңіздің көрінісі.
Осынау той қарсаңында дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға баянды бақыт, ұзақ ғұмыр, еңбектеріңізге толағай табыстар тілей отырып, осындай қиын да қызықты, игілікті істеріңізде жаңа жетістіктерге жетіп, қаламыздың көркеюіне елеулі үлес қоса берулеріңізге тілектеспін!
Құрметпен, Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев.
Былтыр Атырау энергетикалық кешенінің жарты ғасырлық тойы аталып өтті. Биыл оның құрамдас бір бөлігі – Атырау жылу жүйелеріне тура 40 жыл толып отыр. Осы айтулы күн қарсаңында кәсіпорын басшысы Нұраден ШАМШАТОВПЕН сұхбаттасқан едік.
— Мереке құтты болсын! Алдымен, кәсіпорын тарихын сәл шолып өтсек қайтеді?
— Атырау қаласында орталықтандырылған жылу жүйесінің жылнамасы 1968 жылдан басталады. Яғни, осы жылы жылу-электр орталығынан «Восток» павильонына дейінгі аралықта ұзындығы екі шақырымдай болатын диаметрі 530 миллиметрлік магистральды желі тартылып, оған осы маңдағы тұрғын үйлер қосылды.
Кейін қалада көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік, білім беру мен денсаулық сақтау нысандары, құрылыс пен көлік, өзге де кәсіпорындар көбейді. Оның үстіне, түрлі ведомстволық бағыныстағы қазандықтардың жұмысын тоқтатып, орталықтандырылған жылумен қамтуға көшіру міндеті қойылды. Соған сәйкес «ГурьевЭнерго» басқармасының 1974 жылғы бұйрығымен жылу жүйелері кәсіпорны құрылды.
— Енді бүгінгі күннің тыныс-тіршілігімен таныстыра кетсеңіз.
— Бүгінгі күні кәсіпорын алдына қойылған міндеттер абыроймен орындалып келе жатқанын ерекше атап айтуымыз қажет. Қазіргі кәсіпорын есебінде ұзындығы 212 шақырым болатын жылу желілері (қос тұрбалы) бар, 45 жылу бекеті пайдаланылады. Өткен 40 жыл ішінде кәсіпорында жұмыс жасайтындардың қатары он есеге өсіп, қазір 650 адамнан асып отыр. Атырауда орталықтандырылған жылумен қамту жұмысының жетілдірілуіне сәйкес 1995 жылға дейін қалада мазутпен жұмыс істейтін 55 жылу қазандығы жабылды. Мұның өзі қаладағы экологиялық жағдайды сауықтыру бағытында жасалған елеулі қадам болатын.
Қазіргі мезгілде «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамы жеке өндірістік базасы бар, қазіргі заманғы техникалар және арнаулы механизмдермен жабдықталған қуатты кәсіпорынға айналып отыр. Қырық жылдай уақыт ішінде кәсіпорын уақыт сынына төтеп беріп, тұтынушыларға қызмет көрсету бағытында әжептәуір тәжірибе жинақтады, материалдық-техникалық жағынан нығая түсті. Бұл күндері кәсіпорын есебіндегі магистральды жылу желісі ұзындығы 40 шақырымға жетіп, 22 шақырым жылу тарату және 150 шақырым кварталдық жылу желілері, 45 орталық жылу бекеті мен 2 насос стансасы пайдаланылуда. Күні бүгін акционерлік қоғам құрамында қаладағы тұтынушыларға жылу тарататын 3 жылу жүйесін пайдалану ауданы, бірнеше өндірістік бөлімше бар. Жыл сайын кәсіпорын өз күшімен отыз шақырымнан астам магистральды желі құбырын ауыстырып, 45 шақырымнан астам жылу құбырының жылыорамын жаңартып отыруды қамтамасыз етіп келеді.
Кәсіпорында құбыр изоляциясына жаңа технологияны енгізу және бұл іске тиімді материалдарды пайдалану арқасында 2013 жылы кәсіпорын тарихында алғаш рет, жылудың шығынын белгіленген норматив көлемінен асырмауға қол жетті.
— Ұжымның ұйытқысы оның адамдары емес пе?
— Әрине. Кәсіпорында аға ұрпақтар мен еңбек ардагерлерінің жасампаз істері арқасында кәсіпорынның берік негізі қаланып, болашаққа батыл қадам жасалды, тамаша еңбек дәстүрі кейінгі ұрпақтарға жалғасты. Еңбек ардагерлерін ұлығылау және олардың есімдерін есте қалдыру мақсатында өткен жылы қаладағы орталық жылу бекеттеріне осы сала ардагерлері Л.Н.Ли, У.Мизамғалиев, А.С. Егоров және әкелі-балалы Еспан пен Анатолий Дауылбаевтардың есімдері берілді.
Кәсіпорында соңғы 15-20 жыл бойы үзіліссіз қызмет істеп, өз саласын жете меңгерген мамандар қатары жылдан-жылға көбеюде. Олардың сапында Б.Ө.Мұқаева, Ш.Ә.Байдәулетова, жылу жүйесін пайдалану аудандары, электр шаруашылығы, бақылау-өлшеу аспаптары бөлімдері басшылары Ж.А.Қазанбаев, З.А.Кикбаев, А.М.Ильясов, Г.К.Суфальдияров, М.Т.Сүйесінов, Ж.Елемесов және басқаларды атауға болады. Бас есепші Б.Ө.Мұқаева 17 жыл бойы бас есепшілік қызметті қалтқысыз атқарып, кәсіпорында есеп жұмысының жолға қойылуы жолында табандылықпен еңбек етіп келеді. Сол сияқты ұжымда 13 жыл жоспарлау-экономика бөлімін басқарып, жасы ұлғайған соң еңбек демалысына шыққан Ш.А.Байдәулетова қазір де әріптестерімен бір сапта қызметін жалғастыруда.
Сөз орайы келгенде кәсіпорынның қаз басып, қалыптасуына елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлері мен қарапайым жұмыстарда қызмет істеген майталмандарды айта кеткен артық болмас деп есептейміз. Олардың бірқатары кейінгі кезге дейін ұжымдастарымен бір сапта еңбек етті. Айталық ұзақ жылдар жылу жүйесі саласында қызмет істеп, өндірісте мол тәжірибе жинақтаған еңбек ардагерлері Ж.Қазанбаев, В.Шмагиндер зейнет жасына жетсе де жұмыстан қол үзбей келеді. Олардың бірі жылу жүйесі ауданын басқарып жүрсе, екіншісі маңызды өндірістік бөлімшеде шебер қызметін тыңғылықты атқаруда.
Кәсіпорын ұжымының өткен 40 жыл ішінде жинақтаған тәжірибесі мен бүгінгі күні материалдық-техникалық жабдықталуы, білікті мамандармен қамтылуы қала тұтынушыларын жылу энергиясымен сенімді түрде қамтамасыз етуге және болашаққа сеніммен қарауға негіз қалайды.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.