Әр адам – өз өмірінің иесі

screenshot 8 1 Қоғам

КҮН СУЫТЫП, ЫЗҒАРЛЫ АУА РАЙЫ БАСТАЛЫСЫМЕН КӨШЕ КЕЗІП ЖҮРГЕН БАСПАНАСЫЗДАРДЫҢ БІР ТОБЫ МЕН ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАЗАСЫН ӨТЕГЕНДЕР ПАНАЛАП БАРАТЫН АТЫРАУДА ЖАЛҒЫЗ ОРЫН БАР. ОЛ – «ӨМІРЛІК ҚИЫН ЖАҒДАЙДА ҚАЛҒАН АДАМДАРДЫ ҚАЙТА ӘЛЕУМЕТТЕНДІРУГЕ АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚ» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ ДЕП АТАЛАДЫ.

Айдың-күннің аманында адасқан жандардың жай-күйін білмек мақсатпен ауызекі тілде «Бейімдеу орталығы» атанып кеткен мекемеге əдейі бардық. Мекеменің басты міндеті кемі бір айдың, əрі кеткенде бір жылдың ішінде əлгі адамдарға əлеуметтік, медициналық жəне басқа да көмектер көрсету. Сонымен қатар, қаладағы криминогендік жағдайды жақсарту, санитарлық-эпидемиологиялық, қоғамдық тəртіпті қамтамасыз ету. Мұндағылардың тағдыры əрқилы. Бірі ішімдіктің кесірінен отбасынан айырылып, осы мекенді паналауға мəжбүр болса, енді бірінің іздеушісі жоқ, біздің санамызға «бомж» деген ныспымен сіңіп қалған кезбелер, қаңғыбастар. Көзіміз көргендей, 40 адамға есептелген орталықты паналап жатқандардың арасында түрлі ұлт өкілдері бар. Шамамен 80 пайызы – ер адамдар, қалғандары – əйелдер. Көбінің жас шамасы елуден асқан. Сұрықсыздау, иісі қолқаны алатын орталықты аралап келеміз. Жұпынылау киінген жандар, шаршаңқы жүздер… Көкейде сауал көп-ті… Бірсыпырасына орталық директоры Мереке Жаңбырбаев жауап берді.

Оның айтуынша , мұндағы тұрғындардың тілін табу оңай емес. Көбі ащы суға жақын. Түзу жолға түсетіндері аз. Дені ішкіліктің кесірінен жұмысынан айырылып, құжатсыз қалғандар.

– Орталықтағылардан жылы орын мен тамағы үшін ешқандай ақы талап етілмейді. Егер ішкі тəртіпті бұзып, ішімдік ішсе, төбелес шығарса, бір жылға жеткізбей оларды шығарып жібереміз. Сондай-ақ, оларды қоғамдық жұмыстарға араластырамыз. Есік алдын тазалап, əйел адамдар асхана жұмысына көмектеседі. Қыста, əрине, көбіне жылы орындарында отырып, шахмат, тоғызқұмалақ ойнайды, теледидар көреді, ал əйелдер іс тігіп, пайдалы нəрселермен шұғылданады, – деді орталық басшысы.

Қалыпты өмірге оралып , оңалатындары өте аз. Ішімдікті қоятындары да санаулы. Сондай-ақ, құжаттары жоқтары да жетерлік. Мұнда екі бірдей азамат бұрынғы қызыл түсті паспортпен жүрген көрінеді. Олардың құжаттарын ауыстыру үшін Ресейдің Сочи қаласына сұрау жіберіліпті. Ал, жасы ұлғайған жандарды қарттар үйіне орналастырып, зейнетақысын, мүгедектігін тағайындап, əлеуметтік мəртебесін анықтайды. Бүгінгі күні орталықта 40 адам тұрақтанған, оның бесеуі əйел адам. Орталықтағылардың жай-күйімен танысу мақсатында олардың тұрып жатқан бөлмелерін, асханасын, дəрігерлік қызмет көрсететін орындарын аралап шықтық.

Мұндағылар барға қанағат етуге көнген, себебі олардың «Өз үйім – өлең төсегім» деп арқасын кеңге жаятын өз баспаналары жоқ. Басшының айтуынша, мұнда негізінен жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімінің немесе аурухананың жолдамасымен полицияның қабылдау пункті арқылы келеді. Өздері арыз жазып келіп жатқандар да бар.

– Бізде «Ұтқыр» патрулі жұмыс жасайды. Уақытша тұрағы жоқ адамдарды анықтаймыз, ішке алып келеміз. «Түнде болу» бөлімшесі бар. Онда біздің орталықтың қызметіне жүгінген, алайда, қаңғыбастық өмір салтын өзгерткісі келмейтін адамдарға тəуліктің түнгі уақытында (жаз мезгілінде сағат 21- ден 9-ға дейін, қыста 18-ден 10-ға дейінгі уақыт) кереует орын беріледі, – деді «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта əлеуметтендіруге арналған орталық» КММ басшысы Мереке Дүйсенұлы.

screenshot 10 5

ҮМІТСІЗ ШАЙТАН…

Бұл баспананың негізгі тұрғындары – үйінен айырылып, далада қалған қаңғыбастар. Бірінші кездескен кейіпкеріміз 1981 жылы туған Тимур Түймешев болды. Оның айтуынша, Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Түрлі көтерме жұмыстар атқарып жүріпті. «Отбасында екі ұл, екі қызбыз. Ата-анам он үш жасымда өмірден өткен. Жасыратыны жоқ, ішкілікке салынып кеттім. Аталған орталыққа бірнеше рет келіп, кетіп жүрдім. Осы жолы аяғымды сындырып алып, облыстық ауруханаға түстім. Құрманғазы ауданынан алып келді. Барар жер, басар тауым болмағаннан кейін осы жерге орналастырды. Қазір дəрігерлер берген ем-домды қабылдап жатырмын. Бұл жердегі медициналық қызмкеткерлер жағдайымды жасауда. Жылы жер, тəтті тамақ, таза төсегім бар» дейді ол. Жалғызбасты жанның əңгімесінен əлдебір мұң мен үмітті байқадық. Біз есіктен шыға бергенде «Ер адам əлсіз келеді. Ағайындарымның көзіне түскім келмейді, олармен қазір араласпаймын да. Басыма іс түскенде алданышты арақтан іздедім, шекеме тиді. Енді ащы суға жақындамаймын, қалған ғұмырымда адам болып өтемін» деді кейіпкеріміз.

Иə, өмір солай. Қоғамда ішкілікке салынған жандарға түрпідей жиырылып, қырын қарайтын қасаң қағида бар. Мекеме ішін аралап жүріп Лида Демининаға кездесіп қалдық. Басқаларға қарағанда үстіндегі киімі таза, жинақы. Бізбен жылы амандасты.

screenshot 9 3

– Махамбет ауданындағы интернатта өстім. Ата-анам есімде жоқ, бала кезімде тастап кеткен екен, – деген оның жанарына жас үйірілді. Оның «ата-анам тастап кеткен» дегенін естіген соң ба, сұрағымның берекесі қаша бастады.

– Не үшін тастап кеткен? – дедім. Қисынсыз сұрақ қойғанымды өзім де сезіп отырмын.

– Неге дерің бар ма? Аурулы болып туғасын, денсаулығымдағы кінəратты естіген соң болар, – деді ол

Жанымызда жүрген Фариза Қабдолова есімді орталық қызметкері Лиданың 28 жасқа толғанын, ақыл-есінде ауытқушылық барын, ұмытшақтық ауруымен де ауыратынын айтып берді. Екінші топ мүгедектігі бар Лида үй кезегіне де тұрған. Жұмыс жасауға жарамсыз. «Лида жат қылық, жаман əдеттерден аулақ жүреді» дейді жанындағылар.

«Ата-анаңды іздеп, араласқыңыз келе ме?» деген сұрағыма иығын қиқаң еткізді. Орталық қызметкерінің айтуынша, алдымен, өз-өзіне келіп, сенімді болуы қажет екен.

Орталықты паналап , т ұ р ы п жатқандардың бірі – алғабастық Зəуре Баймұханова. Ол бейімдеу орталығына бірнеше жылдан бері келіп тұрады екен. Өзінің айтуынша, бұған дейін де бейімдеу орталығында болған. Сол жерден шыққан соң Наталья есімді татар келіншекпен танысады. Оның өзін бағып-қағатынын айтқанына сеніп, еріп кете барады. Дегенмен, сенген Натальясы оны көшеде қайыр сұрап, алақан жаюға көндіреді. Қыстың қара суығы мен жаздың аптап ыстығында ала таңнан күн батқанға дейін жүріп тапқан табысын ұрып-соғып тартып алыпты. Осылайша, 4 жылы өткен көрінеді.

«Демалыс та бермеді. Күйеуі екеуі тепкінің астына алып көрсетпегені жоқ» деп өткенге өкінгендей ұзақ ойланды. «Бас-сүйегім жарылған, жасанды медициналық материалмен қапталған. Көзім де көрмейді. Үшінші топ мүгедегімін. Күйеуім ертеректе қайтыс болды. Үш ұлым бар еді, оның екеуі өмірден озып кетті. Бір ұлым аманесен, енемнің тəрбиесінде болған соң ба, мені анасы ретінде жүрегіне жақын тартпайды» деді əңгімесін жалғаған ол. Жалғыз баласын көрмегеніне де біраз жыл болған секілді. Білгеніміздей, бүгінде елуді еңсерген Зəуре Баймұханова 16 жыл «горводоканалда» ГАЗ-53 автокөлігін жүргізген екен. Кейін жол апатына ұшырап, ауыр отадан шығып, одан соң ерінен, балаларынан айырылып, тағдыр теперішін көрген бейбақ жан тентек сумен «достасады». Сөйтіп жүріп қалай «бомж» болып шыққанын өзі де аңғармай қалғанын, қазір орталықта қалыпқа келіп жатқанын айтады. Орталық басшысы Зəуренің мүгедектігін екінші топқа ауыстырып, қарттар үйіне орналастыруға құжаттар жинақталып жатқанын жеткізді. Зəуре де ертеңінен үмітті. «Қазір ішімдік ішуді қойдым, қарттар үйіне орналасуға дайындалып жүрмін. Ол жерде өзім секілді жандар бар, ойым бөлінеді.Бастысы, мен өмірді сүйемін! Бəрі жақсы болатынына сенімдімін, – деді ол.

P.S. Бұл мекемеде Тимур, Зәуре, Лида секілді баспанасы жоқ, қамкөңіл жандар жетерлік. Олардың тағдырлары бір-біріне ұқсамайды. Бірақ бәрінің бір мұңы сол – барар жер, басар тауы жоқ. детте, «әр адам з мірінің қожасы» деп жатады. мірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықты толтырған Зәурелердің кінішті міріне кім кінәлі?

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз