КӨРГЕННІҢ КӨРГЕНДІ ҰРПАҚТАРЫ

Шынында да, әр  өңірде үлгі тұтып, үлкен мақтаныш білдіре айта алатын отбасылар бірнеше мыңдап саналатын шығар. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  «Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді» деген болатын.

Сол ретпен біз де салмақтап, саралағанда  ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ұрпағын ұйытып отырған облысқа танымал Көргеновтер әулетінің үлкені,еңбекпен есейген  Жарсуат ауылында тұрып жатқан «Қазақ КСР-інің еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері», ауданның Құрметті азаматы Мұхамбет Бақтығалиевтың отбасы сондай мерейлілер қатарында деп зор сеніммен айта аламыз. 

Жақында белгілі тарихшы-ұстаз, өлкетанушы, «Атырау» газетінің белсенді тілші-авторы Бисен Аталықтың құрастыруымен осы әулет туралы «Қызылқоғадан шыққан қайраткер» атты кітабы шығып, осы сенімімізді бұрынғыдан да бекіте түсті. Бұл шығарманы Жарсуаттағы Жамбыл атындағы кеңшар еңбеккерлерінің еңбек шежіресі десе де болады. Өйткені, мұнда осы ауылда тұратын адамдардың барлығының есімі мен еңбегі зор құрметпен атап өтілген.

Жалпы, Көргеновтер әулеті туралы қалам тартқанда өлкемізге таныс көптеген Алаштың аяулы ұлдарының да есімдері мен еңбектерін еске алмай өту мүмкін емес. Көрші жатқан Қызылқоға жерінде қазақ халқының аяулы ұлы Халел Досмұхамедов ашқан мектеп (ставка да атайды) оқытушы болған Көрген Бақтығалиұлы туралы арқалы ақын Ығылман Шөрековтің:

«Осы жылғы мұғалім,

Бақтығалиұлы Көрген-ді,

Осы жолдас келді де

Мектебіміз гүлденді», – деген өлең жолдарын жазып қалдырыпты.

 Әрине, ол кездегілер адамды тегіннен-тегін мақтамайды. Яғни оның елге сіңген еңбегі болғаны ғой. Сонау 30-ыншы жылдардың басында Қазақстан бойынша жүргізілген сауатсыздықты жою шарасының қақ ортасында болып, белсенді жұмыстар атқарған әкесі хақында  Мұхамбет Көргенұлы бірнеше таңдар бойына әңгімелеуге бар. 

Сөз жоқ, бұл – перзенттің әкеге деген сағынышы, оның алдындағы пәк парызды адал өтесем деген талпыныстан туған игі қадам. Мұндай игі ишараны 2008 жылы аяулы әкенің екінші ұлы, бүгінде Өрлік ауылында тұрып жатқан тәлімгер әрі орденді ұстаз, қай газеттің де белсенді оқырманы ретінде танымал Махамбет Көргенұлы бәдел қажылыққа барып, перзенттік  ықыласын танытты. Ол туралы «Қазақстан қажылары» атты кітапта жазылған екен. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегеннің айна-қатесіз шындық екендігіне осыдан-ақ көз жеткізуге болады. 

Отыз жыл бір шаңырақтың астында күн кешкен Көрген қарт пен Жұмаш ананың бауырынан өрген тоғыз құрсақтан тараған ұрпақ Дәмелі, Мәрия, Мұхамбет, Мәрзия, Майра, Роза, Махамбет, Махмуд, Рая болып жалғасты. Олардың арасынан төртеуі өмірден ертерек өтті. Ал басқалары 83 жасында дүниеден өткен аналарына әрдайым мейірімін төкті, перзенттік пейілдерінің шуағын аямады. Ең бастысы, еңбекқорлық дәстүрді жалғастырды.

Отбасының сәнін келтіріп, шырайын ашып отыратын аяулы анасына деген үлкен  ұлының пейілі тіпті өзгеше болды. Анасы Жұмаш Бекешқызының  өмірлік санасына түйген бай тәжірибесін  келіндері мен қыздарына үнемі айтып отырғаны  далаға  кетпей, құнарлы топыраққа еккен дәндей әулеттің ырысын арттырып, ынтымағын бекіте түсті. Сол өзі мәпелеген жас шыбықтардан, алты ұл-қызынан 33 немере-жиен сүйіп, ұл-қыздарының әрқайсысының бір-бір отбасының мәуелі бәйтерегіне айналғанын көріп кетті. Ана бақыты деген де, сірә, осы шығар!

– Мұхаңның анасы – қарапайым, өмірден көргені мен түйгені мол, жан дүниесі бай қазақ әйелдерінің бірі. Рухы мығым, ел, халқына жағымды, сыйлы, көп сөйлемейтін, айтқаны келетін аузы дуалы адам, – деген болатын осы шаңырақтың күйеу баласы, өлкетанушы, ҚР білім беру ісінің үздігі, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері  Аталық Бисен ағамыз.

Шынында да, бүгінгі жарасымды  әулеттің жалғасы, Бақтығалиевтар отбасының алып бәйтеректері Мұхамбет аға мен жұбайы Қараша немересі Сәуле Қазмұхамедқызы арқылы ұл-қыздарына, немере-жиен, шөберелерге жеткен тағылым жолы өз алдына, бір ұлағат мектебі сияқты көрінеді көпшілікке.

Ағамыздың жары Сәуле апай да облысқа танымал ұстаз Ленин орденді Қазмұхамед Қарашин әулетінен тарағандығын ерекше бөле атағанды дұрыс көреміз. Ұл-қыздары да ұстаз-әке өсиетін адал орындап, ата баласы емес, адам баласы болып, облыстағы өнегелі әулеттің бірі ретінде кеңінен  танымал.

Өмірдің өзі тәрбие мектебі ғой. Басқасын айтпағанда, Индер ауданындағы іргелі шаруашылық Жамбыл атындағы кеңшарды әуелі бас зоотехник, одан соң директоры болып 20 жылдан астам уақыт басқарып, «Халықтар достығы» орденімен марапатталып, «Қазақ КСР-інің еңбегі сіңген ауылшаруашылық  қызметкері» атанған Мұхамбет Бақтығалиев өзінің осы саланың білікті маманына айналуына дем берген Қазақстан Компартиясын басқарған Д.А.Қонаев екендігін ұдайы үлкен ілтипатпен еске алып отырады.

Мұхаң әр кез «Сауатты директор болғалы тұр екенсің, жолың болсын. Бұл күнде ауыл шаруашылығы алдында үш міндет тұр. Ол – қой санын өз төлі есебінен көбейтіп, 50 млн.-ға жеткізу, екіншісі – шопандардың әл-ауқатын арттыру, үшіншісі – ауыл мәдениетін көтеру» деп нақты тапсырма берген Дінмұхамед Қонаевтың рухтандырған сөздерін жадынан еш шығарған емес.

Мұның өзі азаматтың бітім-болмысы мен биік адамгершілігінің шынайы көрінісі. Сонау елуінші жылдардың басында студенттік шақтарды әкесінің бөлесі, атақты академик Зейнолла Қабдоловтың үйінде жатып оқып, тәрбиесін көргені, балаң жігіттің ой-өрісінің кеңіп, елге қызмет ету сынды азаматтық жолға түсуіне де септігі тигенін де бүгіп қалмай, үнемі айтып жүреді.

Академик-жазушы З.Қабдоловтың ақыл-кеңестері мен бата-тағылымдарын естен шығару Мұхаң үшін  арға сын болар еді. Сол кезде Алматыдағы З.Қабдоловтың  шаңырағына қазақтың небір ай маңдайлы азаматтары жиі бас қосады екен. Кейін  кемел тарихымыздан ойып тұрып орындарын алған З.Қабдолов алғашқы «Өмір ұшқыны»,  Қазақстанның Халық жазушысы Ә.Нұрпейісов «Курляндия» романдарын осы шаңырақта жүріп  дүниеге әкелген ғой.

Біздің кейіпкеріміз болса, сол кездегі жас студент отанасы Сәуле апаның бір қолын екі етіп, «Зейнеақаңның шаруашылығын», яки үй ішіне қолқабыс беріп жүріпті. Зейнеақаңның арқасында бірқатар жазушылар шығармаларының алғашқы оқырманы да өзі болғанын бүгінде 80 жастың сеңгірінде отырған ағамыз мақтан етеді.

Жалпы өзі қалаған мамандықты, өзі басқарған шаруашылық, оның жетістіктері мен жаңалықтары, бірге істеген азаматтар мен басшылары туралы Мұхамбет Көргенұлы бірнеше таңдар бойына жалықпастан әңгімелері сөзсіз.

Бірақ біздің бүгінгі әңгімеміз «Мерейлі отбасы», олардың еңбек дәстүрі туралы болғандықтан, оған егжей-тегжейлі тоқталуды жөн көрмедік. Әңгімемізді де осы арнаға бұрсақ, Мұхамбет пен Сәуле апайдың шаңырағынан өрген Ахмет, Айгүл, Мейрам, Амангелдінің де бүгінде бағындырған биіктеріне ата-анасы, ел-жұрты, ағайын-туыстың мақтан ететін жөні бар.

– Өзінің бар асыл қасиетінің баласының бойынан табылғанын қалайтын, барынша ақыл-кеңес беруге ұмтылып, сәбиі үшін от пен суға түсетін ата-ананың өмірдегі атқарар жүгі ауыр деп ойлаймын. Біз отбасымызда алты бала болып тудық. Олар Ахмет, Айгүл, Мейрам, Амангелді, Гүлшат және Айбарша,соңғы екеуі арамызда жоқ. Әке-шешеміз бізге деген қамқорлығын аяған жоқ. Халық мәтелінде: «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» дегендей, бәріміз де оқып, білім алып, балалы-шағалы ел қатарлы азамат болғанда ғана білгендейміз.

Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған әкеміз бен анамыз төрт баладан тараған 15 немере, 8 шөберенің қызықтарын көріп отырған жандар, біз олар салып берген сара, дәстүрлі жолдармен келе жатырмыз деп есептеймін, – деген кенже ұлы  темір  жол саласының бүгінде ардагері Амангелді Мұхамбетұлының тілегін басқалары да айтары анық. 

Оның өзі де Махамбет атындағы орта мектептің қабырғасында үздік оқуымен көзге түсіп, алғаш болып «Алтын медаль» иеленген шәкірт. Ата-ана берген тәлімді бойларына дарытып, бәрі де қалаған мамандықтары бойынша жоғары білім алып, өз салаларының біліктілері танылып, отбасын  қуанышқа бөлеп келеді.

Еңбеккер династияның үлкені Ахмет – инженер-құрылысшы, оның жұбайы Ләйла Құбашқызы – салық басқармасының бас маманы, экономист, Айгүлі мұғалім, оның жолдасы Азамат – стоматолог, Мейрамы мен оның жолдасы Сәнім – мұғалімдер, Амангелдісін жоғарыда айттық, оның жолдасы Гүләй есепші болып жалғаса береді. Ал олардан тараған ұрапқтары да осы жолдарды жалғап, жоғары білім алып, жемісті еңбек етіп жүр.

Жарасымды әулеттің берекесін асырған келіндердің де барлығы көргенді шаңырақтан тәрбие көріп, қалаған мамандықтары бойынша ел қатарлы жоғары білім алып, еңбек етіп жүрген, сыйлы, инабатты жандар. Шаңырақтың иелері үлкен ұлы Ахмет пен Ләйлә Құбашқызынан – Гүлвира, Нұргүл, Ләззат, Дархан, Айгүл мен жолдасы Азаматтан – Әсем, Римма, Азат, Мейрамы мен Сәнімнен –  Эльвира, Асылхан, Нұрхан, Илияс, Айнұр, Исмаил, Амангелдісі мен Гүләйдан – Мейірхан, Мирас, Дамир немере-жиендерінің қызықтарына тоймауда.

Шүкір, бүгінде Жарсуаттағы өз шаңырағында тұратын үлкендердің орта мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін ортаншы ұл-келіні Мейрам мен Сәнімнің мол дастарқанының шетінде отырып-ақ жан-жақтағы ұрпақтарына жиі хабарласып, аман-саулық сұрасып отырмаса  астары батпайды. 

Көп арыға кетпей, санауымызды бүгінгі дәстүрмен ХХ ғасырдың басында дүниеге келген Көрген Бақтығалиұлынан бастасақ, бүгінде Ахмет пен Ләйләның өздері бауыр еттері балаларын құтты орындарына қондырып, өздері құда-құдағиға айналып отыр. Мұның өзі Көрген ұрпақтарының төртінші толқыны ата-баба жолының сабақтастығын алға бастырды деген сөз.

Осы мақаланы дайындарда «Қазақтың түсіндірме сөздіктеріне» үңіліп, «Мерейлі» деген сөздің арғы мағынасын біле түспек болғанбыз. Олардың бәрінде де  «мерейлі-мәртебелі, абыройлы» деген ұғымдарды білдіреді деген екен. Расында, бір адам үшін мерейлі, абыройлы болу тек өзіне ғана байланысты болмақ. Ал, тұтас бір әулет, не отбасының осындай мәртебелі атаққа ие болуы ешқашан да жеңіл болмастығы белгілі.

Соған қарағанда ата-ана ұлағатын бойына дарытып, қазақылығы мықты, ұят пен абыройлы, тәрбиелі ұрпақ өсіруді мақсат тұтқан отбасылар лайым да арамызда, тіпті елімізде  көбейе бергей дегің келеді. Мұның бәрін де көргенді әкенің тәртібі, инабатты ананың тәрбиесі арқылы дарыған қасиеттер деп көпшілік бағалап жатса, қандай ғанибет!..

Сүйеу  ХАЛЫҚОВ,

Жарсуат ауылы,

Индер ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз