
Ақжайықтағы алапат өрт: Жауапты кім береді?
Атырау қаласын тұтастай түтінге тұншықтырған қамыс өрті неден пайда болды? «Тілсіз жаудың» алдын алу үшін қандай шаралар жүзеге асырылуы тиіс? Қазір қоғамда шешімін күткен осынау өзекті мәселе облыстық қоғамдық кеңесте қызу талқыланды.

«Ақжайық» мемлекеттік резерваты директорының орынбасары Әлімғали Дауылбаевтың айтуынша, қамыс өртінің ұзаққа созылуы – резерваттың сулы, батпақты жерде болуында. Яғни, техникалар дер кезінде кіре алмай өртті ауыздықтау ұзаққа созылған. Бүгінде «тілсіз жаудың» шығу салдары анықталып, комиссия тексеріс жүргізуде.

Облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың айтуынша, қазір осы мәселе Төтенше жағдайлар, Экология министрліктерімен бірлесіп шешімін табуда.
–Халықтың көкейінде сұрақ көп. Былтыр резерватқа 511 млн. теңге қаражат бөлінген. Облыстық қоғамдық кеңеске резерваттың бірінші басшысының қатыспауының өзі дұрыс емес. Мәселені жан-жақты зерделеуіміз қажет, -деді Дарын Шамұратов.
Облыстық экология департаментінің мәліметінше, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватындағы 1510 гектар аумақтағы ашық өрт толық оқшауланған.
Жедел штабтың тапсырмасына сай, Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты, орман шаруашылығы және мердігер мекемелер 13 маусымнан бастап «тілсіз жаумен» күреске күш жұмылдырған. Қаладағы қамыстың өртенуіне байланысты облыстық экология департаменті шаһардың атмосфералық ауа сапасын бақылау бекеттеріне зерделеу жұмыстарын жүргізген.
Сынама алу жұмыстары «АМӨЗ» ЖШС санитариялық қорғау аймағынан тыс жерден шығыс беткейден, Алғабас елді мекені, «Тухлая балка» булану алаңының СҚА тыс жерлерде, тағы да басқа қала аумақтарында өткен.
Сондай-ақ «Қазгидромет» РМК АФ-ң лаборатория мамандары «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-не қарасты «Тухлая балка» булану алаңынан сарқынды судың түсі өзгеруіне байланысты сарқынды судан сынамалар алынған. Нәтижесінде, нормадан бірнеше есе асу фактілері анықталған.
Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан экология департаментіне 500-ден астам шағым түскен. Олардың басым бөлігі резерват басшылығын лауазымынан босату туралы болған.
Алайда, резерват министрлікке қарайтын мекеме болғандықтан мұндай өтінішті орындау мүмкін емес. Өзекті мәселеге қатысты облыстық қоғамдық кеңес мүшелері Арман Жайық, Салтанат Рахимова, Гүлзейнеп Дүсіпова, Дидар Хамзин сыни пікірлерін айтып, орынды сауалдарын жолдады.
Ал жасөспірімдер арасындағы қылмысқтың алдын алу бағытындағы іс-шаралар, жалпы облыстық қоғамдық кеңесте көтерілген мәселелер газетіміздің алдағы санында толығырақ жарияланады.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ