«Ақтөбе-Атырау-Астрахан» жолының кейбір бөлігі қайта жөнделеді
«Ақтөбе-Атырау- РФ шекарасы /Астрахан бағыты/» тасжолынан анықталған ақау мердігер мекеме қаржысына қайта жасалады.
А-27 тас жолынан анықталған ақауды қайта қалпына келтіру жұмыстары тексерілді.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Нұрлан Жантуриннің айтуынша, филиал инженерлері сәуір айындағы жоспарлы тексеріс кезінде аталған жолдың «Атырау-Доссор» бөлігіндегі 120 500 шаршы метрден қара қиыршықтастың ұшуын анықтаған. Нысан қазіргі кезде кепілдік мерзімінде тұрғандықтан, сонымен қатар, ауа райының қолайлы кезінде ақауларды толығымен жою үшін тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау облысы бойынша филиалына және жұмыстар уақытылы басталмағасын Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хат жолдаған.
Нәтижесінде бүгін 553-589 шақырым аралығында жолдың беткі қабатын қайта төсеу жұмыстары басталды. Ақауды жою жұмыстары «Маңғыстау құрылыс комбинаты» АҚ мердігер мекемесі қаражысына жасалады. Айта кетейік, бұл жолға 2021 жылы қыркүйекте орташа жөндеу басталып, 2022 жылдың желтоқсан айында тапсырылған.
«Бұл жолдың екі жыл кепілдік мерзімі бар. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» АОФ тексеріс кезінде ақауларды анықтады. Кемшіліктерді жою үшін Маңғыстаудан келіп, кеше жол полициясынан ордер алып, жол белгілерін орнатып, бүгін жұмысқа кірісіп кеттік. Қазір жол үстіндегі таңбаларды қырып, тазалау жұмыстары жасалып жатыр. Содан соң 12 шақырымға түгелдей қара қиыршықтас және кей жерлеріне көлеміне қарай төселеді. 2 апта ішінде жұмыстарды аяқтаймыз. Кешігіп бастауымыздың себебі, көрші облыстан келдік, техникамыз бос болмады. 10 күндей уақыт өтіп кетті, менің ойымша кешіккен жоқпыз, нағыз уақытында келдік. Бұл жерге 1500 тоннадай қиыршықтас жұмсалады» — деді учаске бастығы Наурыз Сүйінғара.
Н.Насыр