«Ақсақ қой өрісін бір күнде тауысады»…
Облыстағы Қызылқоға ауданының аумағынан көмірсутегі шикізатын өндіруге бағытталған іргелі кәсіпорынның әрекетіне жергілікті халықтың наразылық білдіруі аяқ астынан туындаған мәселе емес. Бұдан бірнеше жыл бұрын басталған әңгіме былтырдан бері қайта жанданып, тіпті өз ойының жүзеге асатынына әбден сенімді компания жүйелі жұмысқа да кірісіп кеткендей. Оған айғақ ретінде «Миялы-Тайсойған» бағытында тасжолдың салынуын айтқан жөн. Бірақ жергілікті жұрт оны місе тұтар емес, керісінше наразылық ушығып бара жатыр. Халықтың келіспеушілігі әлеуметтік желі арқылы құзырлы орындар мен белсенді азаматтарға да жетіп жатыр.
Жә, әңгімені басынан бастайық!..
Тайсойған құмының қойнауынан мұнай табылды деген әңгіме сонау 2000-жылдардың бастапқы кезінде айтылған еді. Сол кезде «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы құрылымдық өзгерістерге ұшырады да, оған бағынышты «Ембімұнайгаз» ашық акционерлік қоғамы 2004 жылдың сәуір айынан бастап «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ «ЕмбіМұнайГаз» өндірістік филиалы болып қайта құрылған. Сол кезде «Ембімұнайгаздың» басшысы белгілі қайраткер, техника ғылымдарының кандидаты Нұрпейіс Мақашев болатын. Өндірістік филиалдың директоры қызметінде жүріп, мамандығы бойынша құрылыс инженері Нұрекең республика Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат болып тіркелгенде, оның сайлаушылармен кездесулеріне қатысқанымыз бар. Атырау облысындағы №21 сайлау округі бойынша депутаттыққа үміткер кезекті кездесулердің бірінде «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының балансына жататын Тайсойған учаскесінде мол мұнай қоры барын, оның болжамдық қоры кемінде 50 жылға жеткілікті екенін айтқаны әлі күнге дейін есімізде.
Содан бері тұп-тура 20 жыл өтіп, кейбір әңгімелер санадан өше бастағанымен, «ҚазМұнайГаз» сол болжамды ұмытпаған екен. Ал, 2004 жылдың қыркүйегінен 2007 жылғы 20 маусымда таратылғанға дейін ІІІ сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі болған Нұрпейіс Мақашұлы көмірсутегі шикізатын іздестіру жөніндегі тиісті талаптарға сәйкес түптің түбінде мұнай алынатынына сенімі кәміл екенін айтқан.
Жуырда осы тақырыпта хабарласқанымызда Нұрпейіс Мақашұлы 2003 жылы басталған бұл әңгіменің кейінгі жылдары қаншалықты деңгейде екенінен хабарсыз екенін айтты.
– Одан бері де 20 жылдан астам уақыт өтті ғой. Дәл қазір ол жөнінде хабарым жоқ деуге болады. Себебі, геология талаптары бойынша болжамдық зерттеулер ешқашан бір көлемде болмайды. Кезінде кемінде 50 жылға жетерлік қор бар дегенімізбен, жер қабатының тектоникалық қозғалысына сай әрбір 5-6 жылда, әрілегенде 10 жылда барланған қордың көлемі өзгеруі мүмкін. «Ембімұнайгаз» ол кезде Тайсойған учаскесіндегі Уаз, Қондыбай және Мәтен кен орындарының көзін тапқаны рас. Қазір сол кеніштерді игеруге әрекет жасалып отыр. Бұл аумақта Кеңес Одағы кезінде әскери сынақ алаңы болған еді, кейін Қазақстанның қарамағына түгелге жуық қайтарылды, — дейді Нұрпейіс Мақашұлы.
Осыған байланысты «Ембімұнайгаз» АҚ Тайсойған учаскесінен мұнай өндіру үшін Қызылқоға ауданында бірнеше рет қоғамдық тыңдау өткізді. Бірақ жергілікті халық пен қоғам белсенділері бұған наразылығын білдіріп, өз талаптарын айтты. Қойылған талапқа аса ден қоймағандықтан, аудан жұртшылығы жоғары инстанцияларға шығып, өндіріске тосқауыл болуды сұрап отыр. Соған сәйкес республика Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаты, атап айтқанда «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Әділ Жұбанов, Дүйсенбай Тұрғанов, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы фракциясының мүшесі Анас Баққожаев, «Ақ жол» партиясы мүшесі Серік Ерубаевтар 13 қараша күнгі Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.
Депутаттардың пікірінше, Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ең ірі құрылым – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының құрамына кіретін «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы Қызылқоға ауданындағы Тайсойған учаскесінде мұнай өндіру үшін іздеу-барлау жұмыстарына және мұнай өндіру жөніндегі келісім-шартта жергілікті халықтың мүддесі мен құқықтарын ескеріп, әлеуметтік міндеттемелерді өз жауапкершілігіне алуы қажет.
Әлбетте, көмірсутегі шикізатын өндіретін кез-келген компанияның болашағы жаңа кеніштердің ашылуына байланысты. «Ембімұнайгаздың» 20 жылдан бері ұмыт болған Тайсойған учаскесінен іздеу-барлау жұмыстарын жоспарлауы да сондықтан.
Алайда, Қызылқоға ауданындағы құмды жиектей қоныстанған Миялы, Жангелдин, Ойыл, Жаңашаруа, Тасшағыл, Жамбыл, Қызылқоға, Тайсойған – барлығы 8 ауылдық округінің 20 мыңға жуық тұрғыны Тайсойған құмының жерасты тұщы су қорын ауыз суға пайдаланып отыр.
Айта кеткен жөн, Сағыз өзені бойындағы Сағыз және Мұқыр ауылдық округтерінің халқы ауыз суды Ақтөбе облысындағы Кереген су кенішінен алады.
Бірақ ауданның төрт түлік малына қажетті пішенді дайындауға негізінен Тайсойған құмы – таптырмас құнарлы шабындық алқабы. Қырлықтан шабылған шөпті қыс кезінде мал азығына аудан шаруашылықтарынан басқа, көршілес Мақат, Жылыой аудандары мен Атырау қаласының шаруа қожалықтары алып отырғанын ескерген жөн. Тіпті, Тайсойғанның шөбін сонау Үстірттің қырындағы маңғыстаулық шаруалар да алтынға балап сатып алатыны шын.
Демек Қызылқоға ауданы – облыстың мал шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған құйқалы өңір. Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысына жолдаған өз сауалдарында осыны атап көрсеткен. Одан әрі сауалда жергілікті халықтың мұң-зарын былай деп көрсетеді:
«Тайсойған учас-кесінен мұнай өндіруді бастағанда, Қызылқоға ауданындағы Тайсойған құмының жерасты тұщы су қорынан ауыз су ішіп отырған 20 мыңның үстіндегі халықтың тұщы су қоры тартылса және күнелтіс көзі – төрт түлік малының жайылысы мұнайшылардың ауыр техникаларымен тапталып, жерінің беткі құнары азып, қысқа шөп дайындайтын шүйгін шабындығы жойылса, аудан халқының болашағы не болмақ?
Алыстан дәлел іздемей-ақ, Атырау облысының Жылыой ауданына қарасты мұнай өндіру басталған соң экологиясы бүлініп, туған жерінен үдере көшкен Қаратон, Сарқамыс, т.б. елді мекендердің күйін кешпейтінімізге компания кепілдік бере ала ма? Болмаса Доссор кенішінің мұнайын өнеркәсіптік игеру 1911 жылдан басталатынын ескерсек, Мақат ауданының бүгінгі жағдайы, тозығы жеткен әлеуметтік нысандар, апаттық жағдайдағы тұрғын үйлер, Мақат, Доссор кенттерінің архитектуралық келбеті – ғасырдан астам тарихы бар «Ембімұнайгаз» компаниясының әлеуметтік қызметіне үлкен сын.»
Шынында да атағы әлемге әйгілі «Ембімұнайгаздың» қызметіндегі басты проблема – өндіріс ошақтары орналасқан елді мекендерді әлеуметтік тұрғыда жеткілікті қамтамасыз ете алмағандығы. Компанияның тауыққа шашқан тарыдай немесе сәбиді кәмпит беріп алдағандай іс-әрекеті кейінгі буынға да, әлемдік мұнай нарығында да ұятқа баланатыны айдай ақиқат. Егер соны мойындайтын болса, компания басшылығы өзі табыс тауып отырған аймақтардың тұрғындарына барлық жағдайды жасап қоятын уақыт әлдеқашан болған еді.
Әйтпесе түз тағысы – қасқыр да өз апанының айналасындағы ауылдардың малына тиіспейтіні табиғи заңдылық қой!..
Осыны меңзеген депутаттар «қақпақты қара қазан» атанған киелі мекеннен мұнай өндірілген жағдайда бірінші кезекте жергілікті халықтың мүддесі мен талабы сөзсіз ескерілуі қажет деп есептейді. Соған сәйкес Үкімет басшысы Олжас Бектеновке төмендегідей ұсыныс-талаптарын жолдапты:
– Тайсойған учаскесінде мұнай өндіру іздеу-барлау жұмыстарын жүргізу бойынша Қызылқоға ауданы тұрғындарымен ашық қоғамдық тыңдау өтуі қажет және ол әділ өтуі тиіс. Халық тарапынан оң қолдау болғаннан кейін ғана іздеу-барлау жұмыстарына рұқсат етілуі тиіс деп есептейміз;
– Егер ашық қоғамдық тыңдауда халық тарапынан Тайсойғаннан мұнай өндіруге келісім берілген жағдайда ең алдымен, Тайсойған учаскесіндегі жерасты тұщы су қоры орналасқан жерлерді, ондағы су қорының көлемін, мұнай өндірісінің жерасты тұщы су қорына әсері және оның болашақта қандай салдары болуына жаңадан ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуі қажет;
– Тайсойғанда мұнай өндірісі басталған жағдайда Қызылқоға ауданының тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту мәселесі басымдыққа ие болуы тиіс;
– «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы мен Атырау облыстық әкімдігі арасында екіжақты кепілдендірілген меморандум болуы талап етілуі керек. Яғни, мұнай өндірілетін 30 жыл уақытта «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Қызылқоға ауданына қажетті білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет нысандарын, тұрғын үй, инженерлік инфрақұрылым желілерін, автокөлік жолдарын салу және ауыз сумен қамтуға қомақты қаржы салуы талап етілгені жөн.
Әрине, талап орынды. Дейтұрғанмен, мұның астарында «Тайсойғанның мұнайын алу үшін әуелі осы талаптарды орындасаңдар, мұрттарыңды балта шаппайды» деген пікір де менмұндалап тұрғандай. Қалай дегенмен, өндіріс болған жерде экологиялық зардаптың болатыны күмәнсіз.
Сонда Атырау облысындағы ең құнарлы, ең шүйгін деп саналатын Қызылқоға ауданының аумағын да бүгінгі толқын қарақан бастың қамына бола ту-талақай еткісі келіп тұр ма екен?! Мұндайды қазақ «Ақсақ қой өрісін бір күнде тауысады» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген. Жалпақ тілмен айтқанда, қазақ жерінің жеті қат қойнауындағы қазынаны бүгінгі ұрпақ түгел тауысып кетер болса, «Ембімұнайгаз» компаниясы келер ұрпаққа не қалдырар екен?! Сол жағы түсініксіз.
Назарбек ҚОСШИЕВ
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА