Жарнама
Қоғам

Ақпаратқа зәру аудитория

Қазір үлкеннің де, кішінің де қолынан телефон түспейтін болды. Жатса да, тұрса да ішіне түсіп кетердей үңіледі. Мәселен, Youtube арнасын Қазақстан халқының 12 млн-ға жуығы тұрақты көреді екен. Соның 8 млн-ы – қазақтілді континент. Дегенмен, проблема – осыншалық аудиторияның сұранысы толық қанағаттандырылмауында болып отыр.

Сұраныс бар. Ұсыныс жоқ

275 мың жазылушысы бар «Сұрауы бар» жобасының авторы Ербол Сейілхан «қазақтілді аудитория әлі де ақпаратқа зәру» деген пікірде. Оның сөзінше, сұранысты қамту үшін журналистика саласында жүрген мамандар өз-өздерін жетілдіріп, біліктіліктерін арттыруы қажет. Бұл әсіресе, дәстүрлі басылымдарда еңбек ететін тілшілерге қатысты.

– Қазақстанның ақпарат кеңістігінде, оның ішінде Youtube арнасында саяси-әлеуметтік бағыттағы жобалар дамып жатыр. Ел аузында жүрген ерекше тұлғалармен сұхбаттарға да көпшіліктің қызығушылығы жоғары екендігі байқалады. Алайда, қазақтілді көрермен ынта қойып қарайтындай көптеген бағыттар қолға алына қойған жоқ,-деді ол жуырда «Атырау» газетіне берген сұхбатында.

Ербол Сейілхан соның бір мысалы ретінде қарапайым тұрмыстық сұраныстың қанағаттандырылмағандығына назар аударды. Мәселен, үй салатын, пәтер жөндейтін бесаспап мамандардың өздері Youtube арнасына жазылып, білікті мамандардың ақыл-кеңестерін тыңдап, тұрақты қарап отырады екен. Ал, олардың бәрі орыс тілінде, негізінен көршілес Ресейдің жобалары. Сонда оны өзіміздің мамандар дайындай алмай ма? 

– Әрине, дайындай алады. Ол үшін мақсат пен ынта болса жеткілікті,-деген «Сұрауы бар» жобасының авторы қазіргі медиа кеңістіктегі қалыптасқан жағдайға байланысты өзінің ой-пікірін білдірді.

– Бүгінде елімізде жаңа медиа қарқынды дамып келеді. Дәстүрлі медиа да өзінің жұмысын атқарып жатыр. Осыған дейін оқырман қажеттісін дәстүрлі медиадан тауып келген еді. Әлеуметтік желілер пайда болғаннан кейін халық альтернативті жаңалық оқуға, басқа форматтағы материалдарды көруге мүмкіндік алды.

Жаңа медиа Қазақстанда азаматтық журналистиканың қалыптасуына әсер етуде. Осы арқылы адамдар дәстүрлі медиа көрсете бермейтін, көпшілігінің тісі батпайтын тақырыптарды көтере бастады. Әлеуметтік желі арқылы тұрғындар жергілікті жерлерде «су жоқ, жол жоқ» деп бейнероликтерді жолдап отырады. Жаңа медиа халыққа етене жақынырақ бола түскендей. Соған қарамастан, бұл жаңа бағытқа бой түзегендер журналистік этиканы сақтап отыр. Себебі, жаңа медиадағы адамдардың көпшілігі – дәстүрлі медиадан шыққандар,-деді Ербол Сейілхан. 

Таптаурын жол, ескі әдіс…

Мерзімді басылымдардың жұмысын ілгерілетудің, бәсекеге қабілетті етудің жолы қандай? Медиа мамандар осы мақсатта «әлеуметтік желілердің, мессенджерлердің, танымал бейнехостингтердің мүмкіндігін пайдалану керек» деген пікірлерін айтады. «Газет редакциялары өздерінің YouTube арнасын ашуы, дамытуы өмірдің қажеттілігіне айналды» дейді олар.

– Кейбір аймақтық басылымдар өздерінің YouTube-арналарын аша бастады. Мәселен, «Alatau-Aqparat» медиахолдингінде арнайы студия дайындалып жатыр. Өзге өңірлерде де осындай бастамалар қолға алынуда. Шындығында, YouTube-арнасын ашу соншалықты қиын шаруа емес. Ол көп қаражатты қажет етпейді де,-деді Ербол Сейілхан.

Оның айтуынша, дәстүрлі басылымдар таптаурын жол, ескі әдістен бас тартып, жұмысты жаңаша ұйымдастыруға ұмтылуы тиіс. Көз ілеспес шапшаңдықпен дамып келе жатқан қазіргі заманның цифрлық жүйесі осы тұста көмекке келе алады. Яғни, оның мүмкіндігін пайдалану арқылы газеттің қоғамдық маңызы бар бастамаларын, жаңа жобаларын көпшілікке жеткізуге мүмкіндік бар. Соның бір мысалы ретінде блогер екі жылдың ішінде он мыңдаған жазылушы жинағанын, қай басылым да осыншалық аудиторияны еселей алатынын айтты.

– Біз басылымның тынысы тарылмасын, тілшілердің жазғандары оқылымды болсын десек, тың әдістерді қолдануымыз керек. Мәселен, мақаладағы ең бір шиеліністі, жұрттың назарын аударатын тұстарды минуттық бейнеролик ретінде дайындап, түрлі әлеуметтік желілерге жүктеу қажет. Бұл жұмыс күнделікті, мақсатты түрде жүзеге асып отырса, аудиторияның сұранысы, жасы, қажеттілігі осының бәрі ескерілсе, ол сөз жоқ, өзінің жемісін береді,-деді сұхбаттасушымыз.

Youtube арнасын тиімді қолданып, одан табыс тауып отырғандар бар. Мысал ретінде шведциялық блогер (видеоблогер) 25 жастағы Феликс Арвид Ульф Youtube арнасының көмегімен бір жылда 12 млн. доллар табыс тапқан.

Ол видеоойын ойнап, оған комментаторлық жасап, видеоны Youtube-ке жүктеп отырыпты. Соның нәтижесінде 40 млн. жазылушы жинаған көрінеді. Оның бір жылдық табысы голливудтық киноактриса – Камерон Диаздың табысынан да көп болып шыққан.

Ербол Сейілхан еліміздің әр өңірінде сол жердің тарихын, құнды жәдігерлерін, ерекше тұлғаларын баяндайтын ақпараттық арналардың қажеттілігін айтады. Бүгінгі заманда «журналистердің – кабинеттен шықпай» жұмыс жасайтын кезеңі өтті» дейді ол. Бәрін қойғанда YouTube арнасы қомақты табыс табуға берілген мүмкіндік екен. «Ендеше, журналистер оны тиімді пайдаланғаны жөн» деді сұхбаттасушымыз.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Коллажды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button