АПАТПЕН КҮРЕСКЕНДЕР ДЕМАЛУДЫ БІЛМЕЙДІ
Біздің тілшіміз Азаматтық қорғаныс қызметінің 20 жылдығы қарсаңында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, өрт сөндіру қызметінің полковнигі Сағынбек Сиратұлы ӨМІРЗАҚОВ мырзаға жолығып, кәсіби мереке иелерінің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы сұхбаттасқан болатын.
— Сағынбек Сиратұлы, алдымен Сізді және Сіз арқылы департамент құрамындағы басқармалар мен бөлімдердің ұжымдарын алда келе жатқан құтқарушылардың кәсіби мерекесімен құттықтаймыз. «Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – болашақ жоқ» демекші, әңгімемізді өңіріміздегі аталмыш құрылымның тарихына сәл шегініс жасаумен бастасақ дұрыс болар еді.
— Біздің бүгінгі департаменттің тарихы бұрынғы Гурьев облысының азаматтық қорғаныс штабы құрылуы негізінде өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан басталады. Ол кезде аталған штаб облыстық кеңес атқару комитетінің бір бөлімі ретінде жұмыс жасады. 1961 жылы шілде айында құрылған азаматтық қорғаныс штабын әр жылдарда подполковник А.Буданов, полковниктер Е.Постовойтов, С.Халықов, В.Бессмертный, 1-ші рангілі капитан В.Царенко, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары полковник Ғ.Жұмағалиев басқарды.
1996 жылы қаңтарда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік төтенше жағдайлар комитетінің құрылуына байланысты азаматтық қорғаныс штабы Атырау облысының төтенше жағдайлар басқармасы, кейін департамент болып қайта құрылды.
Департаменттің қазіргі қарамағында ведомстволық бағынысты «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі», Батыс өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» ММ, Медициналық апаттар орталығы, «Өрт сөндіруші» АҚ Атырау филиалы, «ҚазАвиаҚұтқару» авиа компаниясы, темір жол ауруханасы, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы және жеті аудандық төтенше жағдай бөлімдері бар.
— Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының бүгінгі таңдағы басты міндеттерінен де хабардар ете отырсаңыз?
— Төтенше жағдайлар департаментінің негізгі міндеттеріне азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, өрт қауіпсіздігін мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, өрттің алдын алуды және сөндіруді ұйымдастыру жатады.
— Жақында Каспий теңізі жағалауын жалмаған жалынды ауыздықтауға өзіңіз басшылық жасап, күзгі ауа райының салқындығына қарамастан құтқарушылар жанқиярлықпен кәсіби біліктілік танытыпты. Соның нәтижесінде теңіз жағалауындағы батпақты жерлерді шарпыған өртті екі тәулікке жеткізбей толық сөндіріп қайттыңыздар. Бұндай мысалдарды әріптестеріңіздің өмірінен жиі кездестіруге болады ғой. Үздік қызметкерлердің есімдерін біле отырайық.
— Шынында да солай. Каспий теңізі жағалауындағы құрғақ қамыстың өртену фактісінің жылда тіркелетіндігі көпшілікке мәлім. Қазанның бесі күнгі аумақты ұшып байқау кезінде Құрманғазы ауданының «Ленкоса», «Нива» және «Барсучи» учаскелерінде қамыс өртеніп жатқаны анықталды. Каспий маңы жағалауының солтүстік бөлігінде өртті ауыздықтауға өрт сөндіруші-құтқарушылар және «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-8 тікұшағы тартылды. Отты сөндіруге жалпы көлемі 357 тонна су төгілді. Сөйтіп, Қиғаш және Шарон өзендері сағасындағы өрт толық өшірілді. Өрттің шығуына себепкер болғандар — қамыс арасынан қабан атуға келген аңшылар деген жорамал бар.
Құтқарушылардың кәсіби шеберлігі, жедел әрекет етуі, өткірлігі, қызметіне адалдығы қашан да мыңдаған адамның өмірін сақтауға негіз болады. Олардың жұмысы өз өміріне қауіпті екендігі де рас. Өз мамандығына шын берілген, кәсіби біліктілігі жоғары, өзге әріптестеріне үлгі-өнеге көрсетіп жүргендердің қатарында өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық басқармасының бастығы, ӨҚҚ полковнигі Сәлімғали Салықбаев, бас мамандары Ләззат Юсупова, Жанболат Бержанов, Радмилла Өтеулиева, басқарманың бөлім бастығы Саламат Қайыров, «Үздік төтенше жағдайлар қызметкері» номинациясының иегері, №1 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Аслан Өтенов, «Жыл адамы» атағына ие болған бөлімше командирі Руслан Боранбаев, ӨҚҚ прапорщигі Ақылбек Оразбаев және басқалар бар.
— Төтенше жағдайлар департаменті құрылымдарының материалдық-техникалық базасы, заманауи үлгідегі техникалармен, құтқару құрылғыларымен жабдықталу жайы қалай шешілуде?
— Жыл өткен сайын біз облыстық әкімдіктің тарапынан көрсетілетін қамқорлықты айқын сезініп отырамыз. Осыдан төрт-бес жылғы жағдайымызбен салыстырғанда едәуір алға бастық. Жаңадан құтқару, өрт сөндіру техникалары алынды. Батыс өңірлік аэроұтқырлық құтқару жасағы жасақталып, түрлі құтқару құралдарымен жабдықталдық. Дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсету мүмкіндігі артты.
Қазір аймақтағы жеті ауданға жол талғамайтын «УАЗ-Патриот» автокөлігі алынып берілді. Былтыр төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдық бөлімшелеріне аймақ басшысы тапсырған 18 жаңа көліктің арасында өрт сөндіруге пайдаланатын, газ түтінінен қорғайтын, өрт себептерін зерттейтін зертханалық және табиғаттың кез келген сәтінде жол талғамай жүретін «Трэкол» көлігі де бар. Бұрын өрт кезінде қаладағы тоғыз қабатты үйлерге 30 метрлік көпсатылы басқышты пайдаланып келсек, қазір 16 қабатты үйде болатын «тілсіз жауды» 56 метрлік көп сатылы басқышпен ауыздықтауға мүмкіндік алдық. Өзімізге қарасты ғимараттарды ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаражат бөлінеді.
— Сағынбек Сиратұлы, қызметкерлердің кәсіби шеберліктерін шыңдау, оқыту, білімін жетілдіру жайы туралы не айтар едіңіз?
— Бүгінде Көкшетау техникалық институтының күндізгі және сырттай оқыту бөлімдерінде департаменттің 43 қызметкері жоғары білім алуда. Мәскеу мен Санкт-Петербургтің, Минск мен Екатеринбургтің жоғары техникалық оқу орындарында өрт қауіпсіздігі жөніндегі инженер, азаматтық қорғаныс саласының маманы болу үшін білім алып жатқан болашақ кадрларымыз да бар. Сондай-ақ, департамент жанында жас мамандар алғашқы дайындық мектебінен дәріс алады. Құтқарушылар бекітілген кестеге сәйкес, әр аптаның жұмасында «Алау» спорттық кешенінде физикалық дайындығын жетілдіру мақсатында дене шынықтыру жаттығуларына қатысады. Облыс, қала өміріндегі түрлі спорттық сайыстарға қатысуға уақыт тауып жатады. Жас мамандарды тәрбиелеуде, олардың кәсіби шыңдалуына Сейтжан Дүйсекенов басқаратын ардагерлер кеңесінің және сала ардагерлерінің қосып отырған үлестері де аз емес.
— Мағыналы әңгімеңіз үшін көп рахмет.
Бақытжан ЖҰМАТ.