АНАНЫҢ АЯЛЫ АЛАҚАНЫ
Өмірдің қаншама сүйініші мен күйінішін көрсе де өзінің сүйегі асыл бекзаттық болмысымен, ақылман парасатымен, бой-сойымен бүгілмей келе жатқан ардақты ана Қапиза шешеміздің өзіндік орны ерекше екендігі кәміл. Бұл күндері өткен ғасырға айналған, түпсіз тарих аясында қалғандай көрінетін 1924 жылы Елтай ауылының Теректі аталған жерінде дүниеге келген. Оның әкесі Қабдол да, анасы Қатира да адалдығымен, еңбекқорлығымен өз ортасына сіңімді болған сергек көңілді адамдар болатын. Олар қашанда адамдарға жақсылық жасауға, қолдан келгенінше көмектесіп тұруға, өздері қамқорлық көрсе оны еселеп қайтаруға бейім тұратын жандар еді.
Қапиза анамыз ата-анадан өрген жетеудің тұңғышы болды. Бірге туған бауырлары: Бәдел-құрылысшы, ал, Тарих-зоотехник, Сайполла – тау-кен инженері, Шаймерден – геолог, Шамұрат тракторшы болып, ұзақ жылдар еңбек етіп, тер төкті. Бақытты жанұялардың берік діңгегі болып, ұл-қыздарын өсіріп қатарға қосты. Ал, Қапиза анамыз өмірдің сан тарау жолдарынан өзіне тән соқпағын тауып алып, оның даңғылына адаспай түсуі үшін талмай талаптанды. Бар өнерден хабары бар, жасынан білімге құштар жас қыз Елтай орта мектебін өте жақсы бітіріп шықты.
Оның жолдастары да бірінен-бірі қалмай, өздерінің армандарына қол созды. Бұлардың дәл осылай тиянақты білім алуына Еңбек Қызыл Ту орденді Мұқанғазы Сирановтың сабақ беруі де, ұйымдастырушылығы да молынан әсер етті. Біріне-бірі үлгі болып қапталдаса, қанаттаса өрлеу олардың ізгі мақсаты болды. 1941 жылы ауылдық Кеңестің төрағасы болып жүрген әкесі Қабдол Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты шұғыл әскер қатарына шақырылды.
Жан-жүрегі қайғыға тұнған анасы мен бауырлары әкелерімен қимай қоштасып, қан майданға шығарып салды. Ауылдағы жағдай тым ауыр бола бастады, бас көтерген ер азаматтар бірінен кейін бірі соғысқа аттанып жатты. Елде қалған жесірлері мен аналары оларды ұзақ жолға барарда тым өксітпей, қайта қайрат-қажырын шыңдап, жеңіспен оралуына жүрекжарды тілектерін айтып шығарып салып, өздері де көңіл-күйлерін бекіте түсті. Бірақ, ауылдағы тіршілік тоқтаған жоқ, мектепте сабақ болып жатты.
Ол жұртпен бірге егісте жұмыс істеді, қол орақпен шөп шапты. Ол кезде жер құнарлы ма, ауыл маңында шөп қалың өсетін, жатқан түйе көрінбейтін нулы жері көп еді.
Ардақты анамыз бауырларын жетілдіруге бар күшін жұмсады. Соғыс кезінде әр адамға беретін өлшеулі тағамды талғажау етті, малдың сүті негізгі қорек болды. Тамыр тартқан тарықпас деген де осы еді ғой.
Орта мектепті бітірген Қапиза анамыз Атыраудағы мұғалімдер дайындайтын институтты ойдағыдай тәмамдады. Жас маман зор қуанышпен өзі оқыған мектепке оралып сабақ берді. Білім ұясындағы қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты.
Сол кезде де үгіт-насихат жұмысына мұғалімдер кеңінен тартылатын, оның жауапкершілігі де қатаң болатын. Көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болды. 1944 жылы Индербор қалашығындағы мектепке ауысып, сабақ беруін жалғастыра берді. Мұнда да ол қоғамдық қызметтің нағыз бел ортасында жүріп еді.
Сол кезде Машаев Батыр ағамыздың көзіне түсті. Сүйген жүрек өз дегенін істетпей тына ма, ақыры екеуі тіл табысып, терең ұғынысып, 1945 жылы көктемде шаңырақтарын шаттана көтерді. Тойлары да көңілді өтті, ауыл адамдары жоқтан бар, бардан нар жасап дегендей, ортақ қуаныштан шеттемей игі тілектерін арнады.
Екі жастың махаббат дәнекеріндей өмірге тұңғышы Еркін келді. Ол – республикамызға танымал қайраткер. Өкінішке орай, тетелес өскен бауырлары, аяулы ананың бауыр еті Еріс, Талап, Талғат, Ғайни, Әділ мәңгілік сапарға аттанып кетті.
Мұның бәрі сүйікті аналарының жүрегін ауыртты, жылады, сықтады, бірақ келмеске кеткен жанның енді оралмайтынын біліп, буынын бекітті. Енді қалғаны тірі өссін деп тіледі, келіндерін де қызындай көріп аялады. Есмұрат, Ахмет ұлдары да, аудандық деңгейдегі біраз белсенді қызметтер атқарды.
Дәметкені, Әпуасы мен Сәния, Сая мен кенжесі Қаныбек те анасының ойлағанынан шықты. Қазір анамыз Тоғай баласының қолында Аққала ауылында тұрады. Келіні Тұрсын анасының бетіне келмей, бар ынта-шынтасымен аялап, қабағына кірбің ұялатпай бағып-қағып отыр. Екеуінен өрбіген Нона мен Дана, Мираттар өмір қияларына ұмтылып, Батыр әулетінің абыройын көтеріп келеді. Ғайни қызынан жастай қалған Тілектес пен Аманқосты жетілдіріп жіберуге ұмтылады, солар жасымасыншы дейді.
Келіндері Рысты, Ажар, Күләш, қос Гүлнәр, Қалифа енелеріне үнемі сыйластықпен қарайды, енелерін туған анасындай көреді. Күйеу балалары Абай, Болат та өз баласы сияқты ешқайсысын шет көрмей бауырға тартады. 12 ұл-қызынан өрбіген 42 немере-жиені, 70 шөбересі, үш шөпшегі үлкен әулеттің бақыты мен шаттығын тасытып, ырысын кенелтіп, тынысын кеңейтіп тұрғандай.
Олар түгел келетін болса кең үйге сыймай кететіндей. Қапиза анамыз егіз босанғаннан кейін ауру-сырқаулы болады, ақыры мектептегі мұғалімдік қызметінен қол үзуге тура келеді. Сөйтіп, кейіннен мектеп кітапханасында қызмет істейді. Ақыры, бәрін қойып үйде бала тәрбиесімен отыруға тура келеді. Аққалалықтар Қапиза анамызды ауыл анасы деп зор құрмет тұтады.
Батыр қарт алдындағы аздаған жылдарды қоспағанда өмір бойы орманшы болып істеді деуге болады. Бір баласының атын Тоғай қоюы да осыдан. Ал, ол Жайық бойындағы «Батыр» атындағы тоғайдың жайқалып өсіп тұруына үлкен күш жұмсап келеді.
Батыр қарт өмірден озғанымен ол туралы айтылар жақсы естеліктер көп. Ол туралы ақын Қойшығұл Жылқышиев арнайы өлең жазып, «Тарпаң» атты жинағына енгізген. Бұл күндері тіршіліктің арқасында бақытты да бақуатты, парасатты да пайымды ғұмыр сүріп келе жатқан Қапиза анамыздың әлі де бір ғасырға толуына игі тілегімізді арнаймыз.
Сансызбай БАЗАРБАЕВ,
Индер ауданының
Құрметті азаматы.