Ана тілінің Абыз Анасы
Мектепке дер кезінде бара алмаған (көкжөтел ауруынан) Рәбиғаның үйде хат танып, 1935 жылы бірден 4-сыныптан бастап оқып кетуі – Алланың берген зеректігінің арқасы. 1939 жылы 7-сыныпты бітіргесін Темірдегі педагогикалық училищеге түсіп, 1942 жылы үздік бітіреді және сонда қазақ тілінен мұғалім болып сабақ бере бастады. Ал, 1945 жылы Рәбиға апа Ақтөбе мұғалімдер институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін мерзімінен бұрын бітіріп, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына түсіп, оны 1947 жылы үздік бітіріп шығады.
Апайымыздың тағдыры ауыр болғанмен, ғылымдағы ерен еңбегінің, қайсарлығының арқасында ғылыми ортадан лайықты бағасын алды. 1957 жылдан бері Қазақстан Ғылым академиясында табан аудармай еңбек етіп келе жатқан ол «Абай қара сөздерінің негізгі морфологиялық ерекшеліктері» атты кандидаттық диссертациясын 1959 жылы қорғаса, 1971 жылы «Абай шығармаларының тілі» атты докторлық жұмысын жемісті аяқтады.
Туған ағасы Хамит Құтқожин 1940 жылы Темір педучилищесін бітіріп, Ақтөбе мұғалімдер институтында оқып жүргенде, 1941 жылы әскерге алынды. Соғыстан оң қолынан айырылып оралып, 1943 жылдан Темір аудандық оқу бөлімінің меңгеруші қызметін көп жылдар бойы жемісті атқарды. Соңынан Алматыға шақырылып жоғарылатады. Әуелі Оқу министрлігінде бөлім меңгерушісі, кейін Қазақ КСР Кеңесі министрлігінде ғылым және оқу бөлімін басқарып, Үкімет мүшесі болған, елімізге белгілі азамат болған. Ал, сіңлісі Роза 1945 жылы педучилищені бітіріп, Алматыдағы Қазақ қыздар институтына түсті, оны ойдағыдай тәмамдап, ұлағатты ұстаз болды.
Рәбиға Сыздықова әке ізін кесуде белгілі тарихшы, алаштанушы Мәмбет Қойгелдиевпен бірге Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрағатына барып, Батыс Алашорда Үкіметі мүшелерінің ішінде әкесінің тізімде оныншы болып Сәтіғали Құтқожин деп тіркелгенін айтады. Тұсында «г.Уил, Министр почта-тел.» деген жазу бар.
1919 жылы Алашорда Үкіметі оған Ойыл мен Қызылқоға арасында байланыс торабын тартуды жүктеген. Алайда, түрлі себептермен ол бұл шаруаны толық аяқтай алмаған. Әкесі туралы Рәбиға апа тебірене еске алып әңгімеледі:
«Әкем Сәтқали (Сәтіғали) Құтқожин қазақ даласының Батыс өлкесіндегі Тайпақ деген ауданның 4-ауылында (Қызылқоға ауданы, Қаракөл елді мекені) орта дәулетті шаруа адам Құтқожаның алты ұлының екіншісі болып дүниеге келген. …Әкем туралы айтылар сөз көп болуға тиіс еді. Бірақ, әкемнен он үш жасымда көз жазып қалдым. Бұған дейін әкеміздің әңгімесін көп ести алған да жоқпыз, өйткені, ол кісі күнұзақ жұмыста болатын. Демалыс күні, демалыс уақыты дегендерді де білмеді-ау деймін. Әйтеуір, балаларымен бір жерлерге барғанын, не отырып әңгіме айтқанын, не курорттарға демалуға барып жатқанын білмей, көрмей өстік. Тек бала кезден есімде сақталғаны – бір жерден екінші жерге қоныс аударып, көше беретініміз ғана, көбінесе ат арбаның үстіне жасалған күркеде анамызбен бірге отыратынбыз. Көшіп жүретін себебіміз, 1920-30 жылдарда Ақтөбе облысында қай жерде жаңа аудан құрылса, әкемізді сонда аудандық байланыс бөлімін (пошта-телеграф, тіпті телефон, радиоға қатысты жұмыстар атқаратын) басқаруға жіберіп жүрген, Ақтөбе қаласының өзінде де осы салада жұмыс істеді. Сөйтіп, өзі ұзағырақ қызмет еткен Ойыл қалашығынан Ақтөбеге, одан Табын (қазіргі Байғанин) ауданына, одан Арал ауданына, одан Темір ауданына көшіп жүргеніміз есімде. 1933 жылдан бастап Темір қаласында тұрдық. Әкем аудандық байланыс бөлімін басқарды. Әкем туралы әңгіме анамыз Жеміс Қалуқызының аузынан бала кезден естігендерім бойынша жазылып отыр. Анам ешбір қоғамдық қызметке араласпаған, балаларын тәрбиелеп отырған жай ғана ошақ иесі, отанасы болатын.
Әңгімені жақсы айтатын, осы әңгімелерге сүйенсем, әкеміз, сірә, 1915-1916 жылдар мен 1917-1920 жылдары жерлесі Халел Досмұхамедовпен (ол «Қызыл үй» мектебінде бірге, әкемнен үш-төрт сынып жоғары) оқыған. Дәрігер Иса Қашқынбаевпен, заңгер Жанша (Жаһанша) Досмұхамедовпен, төре әулетінен Шынтас Қаратаевпен сыйлас, жолдас болып бірге жүріп-тұрды. Олар әкеміздің үйінде жиі болып, әңгімелесіп, Шынтастың әнін тыңдап жүреді екен. Жерлесі, кейін Алашорда үкіметінде жауапты қызмет атқарған күйеу баласы Рахметолла Қаржаубаевпен де араласқан.
Алаш партиясының, Алашорда үкіметінің бұл аталған көрнекті, жетекші қайраткерлерімен бірнеше жыл бірге жүріп-тұрғандықтан, олармен пікірлес, идеялас болмауы мүмкін емес. Өйткені, әкеміз де оқыған, елде, саясатта не болып жатқанынан хабардар, сол кездегі қазақ зиялыларының көпшілігі сияқты, озық ойлы, демократшыл пиғылды адамдардың бірі болған секілді. Бірақ, «Алаш партиясының мүшесі болды ма, Алашорда үкіметіне қатысы болды ма?» деген сауалдарға жауап бере алмаймын. Өйткені, бұл жөнінде анамыз еш нәрсе айтпайтын. Себебі, біздер ес білген кезде, отызыншы жылдардан кейін «алашордашылар» қорқынышты сөзге айналды ғой. Оның үстіне анамыз, саясатқа, әлеуметтік әңгімелерге қатысы жоқ, тіпті нақты түсінігі жоқ, үй шаруасындағы әйел болатын, сондықтан бұл жөнінде әңгімелей алмауы әбден мүмкін.
Әкеміз Сәтқалидың Қарабаудағы орыс-қазақ училищесінде оқығаны, оны бітірген соң көп жылдар туған үйінен жырақ жерлерде, Текеде (Орал қаласында), Қаратөбеде, тіпті Астрахан жақта жұмыс істеп, содан кейін барып отбасын құрғаны жөнінде көбірек еститінбіз. Бұл, сірә, XX ғасырдың 10-жылдарының басы болар. Әкеміздің Орынбордағы мұғалімдер мектебінде оқығанын анамыздың аузынан емес, Ақтөбе облыстық прокуратурасы берген құжаттан білдім. Бірақ мұғалімдік қызметте көп болмаған тәрізді. Ол Морзе әліппесін жақсы меңгерген алғашқы қазақтардың бірі болғандықтан, қызметті пошта, телеграф саласында істеуден бастаған. 1937 жылы әкеміз, алдымен, жұмысынан босатылды, отбасымен тұрған қазынаның үйінен қуылды. Қаланың ең шетіндегі қолдан салған жер үйге көштік. Бұдан есімде қалғаны– киім салатын шкафымыз жер үйдің есігіне сыймай, далада тұрғаны…
Әкеміз ұсталған күнгі көрініс көз алдымда: 1937 жылғы тамыздың 8-і не 9-ы болуы керек. Анамыз сіңлім Роза екеумізді дүкенге, нанға жіберді. Нан алып үйге жақындай бергенде, жанымыздан бір ат жеккен арба өтіп кетті. Үстінде әкеміз, екі жағында екі адам отыр екен. Үйге кірсек, үй тас-талқан. Киім-кешек, қағаз – бәрі шашылып жатыр, байқасам, тінту жүргізілген екен. Анам болса жылап, есік жақта тұр. Бөлменің ортасында қабағы түюлі, 16-ға толмаған Хамит тұр. Бала болсақ та, түсіндік. Анамызды құшақтап, бірге жыладық.
Кейін білсек, сол 1937 жылы 23 қарашада «үштіктің» шешімімен Ақтөбе қаласының түрмесінде атылған екен. Жоғарыда аталған құжатта «сүйегі Ақтөбе қаласының маңындағы «Пригородный» деп аталған совхоздың екінші бөліміндегі шұңқырларға тасталған» депті. Бұл күнде ол жерде 1930-1950 жылдарда репрессияға ұшыраған құрбандарға белгі тас қойылған. Әкемізге «Темір ауданындағы контрреволюциялық-ұлтшыл, террорист-көтерілісші, шпиондық-диверсанттық ұйымның жетекшісі» деп айып тағылыпты. Әрине, бұл айыптың қисынсыздығы, сорақылығы айдан анық. Әкеміз Темір ауданына келіп жұмыс істеген үш-төрт жылдың (1934-1937) ішінде мұндай ұйым болып па екен, болды деген күннің өзінде ол қалай жетекші болып шыға келді?
Демек, басты себеп басқада жатса керек. 1917-1920-жылдарда Алаш партиясының, Алашорданың батыс үкіметінің көшбасшыларымен бірге жүріп-тұрғаны, бұл үкіметтің орталығы деп жарияланған Ойыл қалашығында жұмыс істегені, коммунист партиясына кірмегендігі, аса сауатты, беделді, іскер қызметкер болғандығы себеп болғаны белгілі. Ал, «халық жауының» ұрпағы атанып, қара күйе жағылғаннан кейін, балаң кезден бастап көріп келген құқай – өз алдына бөлек әңгіме.
Заманымыздың әділетсіздігі бізді ерте есейтті, намысқор етіп жетілтті. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» деп кемеңгер Абай айтқандай, ешкімге көз сүзбей, жалтаңдамай, еңбек етіп, айналаның қадір-құрметіне ие болып өстік-ау. Қысқасы, мен де намысты қолдан бермей, еңбек жолында, ғылым әлемінде аз-көп нәрсеге қол жеткіздім, ғалымға сай атақ-дәрежелерге ие болдым. Бұған, сірә, табиғат берген талап пен таланттан гөрі, намыс, әкемнің атын ақтау үшін күрес себепкер болған».
Қажырлы еңбегімен уақыт тезіне төтеп беріп, аузынан уәлі сөзі, қолынан құнарлы қаламы түспеген Рәбиға апай Кеңес үкіметі кезінің жақсылығын да, жамандығын да бір адамдай көрді. Әкесі сонау 1937-нің қанды жылдарының құрбаны болды. Сол кезеңнің салқын көзқарасы өне бойын аяздай қарыса да, ғалым аға ұрпақ алдындағы парызын адал атқарып келеді. Оның Ахмет Байтұрсынов пен Құдайберген Жұбанов туралы кітаптары, Х.Досмұхамедов еңбегін құрастыруы, олардың мұрасын әрдайым насихаттап жүруге уақыт табуы да – біз үшін тағылымды өнеге.
Лесқали БЕРДІҒОЖИН,
Х.Досмұхамедов атындағы АтМУ-нің Зейнолла Қабдолов атындағы
гуманитарлық ғылымдар орталығының директоры,
тарих ғылымдарының докторы.