Жарнама
Қоғам

Анаға қарап, қыз өсер

   Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Алтын шаңырақ» аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өтті.

   Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанайдың қатынасуымен өткен шараға облыстағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ардагер-аналар, қала және аудандардағы қоғамдық бірлестіктер жетекшілері мен БАҚ өкілдері шақырылды. Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев төрағалық еткен отырыста «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бір-лестігінің жетекшісі Гүлсина Байкенова, Индер аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиева жастарды отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, ұлттар арасындағы ынтымақ пен татулық, отбасы бірлігін нығайту, ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді сақтап, дамыту мәселелеріне тоқталды. Басқосуда сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанай кеңес мүшелерінің назарын бұрынғы замандағыдай жаттандылықтан, таптауырын болған қызылсөз бен атқарылған істерді тізбектегеннен гөрі нақты, нәтижелі істі, көпке үлгі боларлықтай тәжірибе төңірегінде ойлар мен ұсыныс-пікірлерді айту қажеттігіне аударды. — Аналар кеңесінің негізгі мақсаты тәрбие ғой, дүниеге көзқарастың отбасында қалыптасатыны белгілі. Барлығы ананың айтуымен, сүтімен бала бойына дариды. Олай болса, ананың тәрбие жұмысындағы рөлін көтеру, әйелдердің назарын тәрбиеге аудару – аса маңызды міндет. Бүгінгі таңда аналарымыздың көбі бала тәрбиелеуші емес, нәпақа табушы болып кетті. Бұл мәселе біздің қоғам үшін аса өзекті, — деді Нәзипа Ыдырысқызы. Астаналық қонақтың ойынша, қазір медиация мәселесі ерекше маңызға ие. Қазақтың бұрынғы тарихында түрме болмаған. Атам заманнан келе жатқан билер институтының мақсаты – жазалау емес, елді біріктіру, араздасқан ағайынды татуластыру. Сызат түскен шаңырақтың бірлігін ақсақалдар алқасымен, батагөй қарттардың көмегімен, медиация арқылы шешудің маңызды екендігін айтты. — Бүгінде қала мен ауылдарда қыз балалардың ерте жүктілікке тап болуы, өз баласынан өзі жеруі, қыздардың хиджап киюі, ұлдарымыздың сақал өсіріп, келте балақ шалбармен жат діннің жетегінде жүруі қоғамымыздың айықпас дертіне айналып барады. Бұл мәселелер кім-кімді де ойлантуы тиіс. Қадірлі аналар, апалар, замандастарым, бүгінгі кеңес отырысына жиналғанда біз осындай жанымызды ауыртатын жайттарды неге еркін талқыламаймыз? Отбасы тірлігіндегі тыныштықты барынша сақтауға мүдделі болайық. Ұлттың тағдырына, ұрпақ болашағына, тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарымызды сақтауға бейжай қарамайық! – деді, Нәзипа Ыдырысқызы. Бұдан кейін кеңес мүшелері өзара пікір алмасты.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button