ӘНҰРАНДЫ ҚОСЫЛЫП ШЫРҚАДЫ

«Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер ретінде партия жетекшісі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасын ұсыну туралы шешім қабылданған болатын. Осыған орай «Қазақстан–2050» жалпыұлттық қозғалысының өкілдері Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы Атырау музыка колледжі жастарымен бірігіп қолдау білдірді.

«Өз елінің патриотымын» деп есептейтін белсенді жастардың біразы бұл күні «Рамстор» супермаркетінің қасынан табылды. Мемлекеттік Әнұранды бір мезетте шырқаған алпыстан аса колледж студенттеріне сауда орнында жүрген жұртшылық та қосылды. Қаздай тізілген оркестр халық мұрасынан алынған шығармаларды орындады.

– Біз Елбасымен бірге екенімізді көрсету үшін осындай халық көп жиналатын қоғамдық орынды таңдадық. Екінші жағынан, қала тұрғындарының патриоттық рухын көтере отырып, алдағы сәуір айында өтетін еліміздің басты саяси науқанынан тыс қалмауға шақырамыз, – дейді «Қазақстан–2050» жалпыұлттық қозғалысының өкілі Жайна Жеткергенқызы.

Ұлтымыздың Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының  сарабдал саясаты арқасында жастар саясаты жүйелі жүргізіліп келеді. Соның айғағындай, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы, «Қазақстан–2020: болашаққа жол» атты мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Сондай-ақ, «Жастар іс-тәжірибесі», «Жасыл ел», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Дипломмен – ауылға!», «Болашақ», «Серпін», «Қолжетімді баспана» бағдарламалары да бүгінде өз жемісін беруде. «Мәңгілік Ел» тізгінін ұстаған кемеңгер басшының биылғы сайлауға қатысуға келісімін бергені – халық үмітін ақтағанмен бірдей емес пе?! Осыны саналарына түйген атыраулық жастар елдегі береке-бірлік пен ынтымақ-ырысты, жақсылықтар мен жетістіктерді, татулық пен тыныштықты Елбасы есімімен байланыстыратындарын айқын аңғартты.

Амандық АБДОЛОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз