
“AMANAT” өкілдері қарияларға көрісті
«Қарты бар елдің қазынасы бар» деген халқымыз қашан да қариясын сыйлап, Амалдағы алғашқы көрісуді қарашаңырақтан, елге сыйлы әулет иелерінен бастаған.

Осы игі дәстүр бойынша «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы атқарушы хатшының орынбасары Қуантай Бисалиев бастаған партияластар, «Жастар рухы» жастар қанаты «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы және Наурызнама онкүндігі аясында аймаққа белгілі азамат, еңбек ардагері Қамза Ғабдолла мен ҚР Білім беру ісінің үздігі Натажан Амировалардың шаңырағына арнайы барып көрісті.
Саналы ғұмырын білім саласына арнап, басшылық қызметтерді атқара жүріп партияның саяси өміріне де белсене араласқан Қамза Мұхамедьиярұлы өмір тарихынан сыр шертіп, жастарды партияның жұмыстарына белсенді араласуға, адал еңбек етуге шақырды, ақыл-кеңесін айтып, ақ батасын берді.
Өз шәкірттерінің жүрегінен орын алған ардақты ұстаз Натажан Сұлтанғалиқызы зейнеткерлікке шықса да, үнемі құрметтеп жүретін жастарға ризашылығын білдірді.