АЛЫС АУЫЛДАРҒА – ТАЗА СУ
Екі елді мекенде де – Май-көмгенде су тазарту және су айдау стансасын, ал, Ақкиізтоғайда іргесіне әуелден тұшытылып келіп тұрған ауыз суды құбырлармен айдау құрылғы-қондырғысын пайдалануға беруге арналған салтанатты жиын болды. Оған ауылдық округтердің ақсақалдары мен жастар, ғимараттарды салуға ұйтқы болған мамандар, аудандық әкімдіктің басшылары мен осы игілікті іске қатысты бөлімдерінің жетекшілері қатысты.
Аудан басшысы Мақсым Ізбасовтың айтуынша, ауылдық округтерге «Ақбұлақ» бағдарламасы шеңберінде ауыз су құбырларын жүргізу жобасы 2012 жылы бас-талып, оған жалпы сомасы Майкөмген бойынша 211 млн. 446 мың теңге, ал, Ақкиізтоғай бойынша 139 млн. теңге қаражат бөлінген. Тапсырысшы – Жылыой аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі. Бас мердігер – «МұнайҚұрылысСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мердігер мекеме жұмыстың сапалы орындалуына баса назар аударып, өздеріне жүктелген міндетті ойдағыдай аяқтауға қол жеткізген.
Бұл күннің тағы бір ерекше оқиғасы – Майкөмгенде ауылға тұрақтаған жас маман дәрігерлерге арналып салынған екі пәтерлік тұрғын үйдің пайдалануға берілгендігі. Жиналған ауыл жұртшылығы алдында аудан басшысы Мақсым Ізбасов құттықтау сөз сөйлеп, ауылдық округ әкімі Нұржарық Сауы-товқа тұрғын үйдің символикалық кілтін салтанатты жағдайда тапсырды.
Қаржау ОРАЗБАЕВ, меншікті тілші, Жылыой ауданы.