ҒАЛЫМНЫҢ ҚҰНДЫ ЕҢБЕГІ
Аталған ғылыми еңбекте жоғары оқу орнының білім беру үдерісінде студенттердің ақпараттық мәдениетін қалыптастырудың теориялық негіздері қарастырылып, теориялық заңдылықтары мен қағидалары негізделген. Сол секілді студенттердің ақпараттық мәдениетін қалыптастырудың педагогикалық шарттары, әдістемелік жүйесі мен технологиясы жан-жақты қарастырылған.
Автор өз еңбегінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіндегі оқытушы мен студенттердің өзара байланысы арқылы жүзеге асып жатқан ақпараттық жүйеге кеңінен тоқталады. Нақтырақ айтқанда, студенттердің білім деңгейін анықтау мақсатында университеттегі бақылаудың балдық-рейтингтік жүйесі енгізілгені жазылған. Рейтинг – студенттің оқу жылы мерзімінде әртүрлі жұмыстарға қатысуы нәтижесінде алынған балл мөлшерімен анықталатын оқу сапасының жалпылама көрсеткіші. Сондай-ақ, университеттегі студентті курстан курсқа көшірудің балдық жүйесін еске салып өтеді. Аталған ғылыми еңбекте оқу үдерісінің қорытындысын студенттің білуі үшін Платонус, Tomas University Suite бағдарламалары арқылы анықтай алатындығын атап көрсетеді.
Қорыта келгенде, Саламат Нұрмұханұлының ғылыми еңбегімен кредиттік оқыту жүйесін ұйымдастыруда оқу үрдісін ақпараттандыру және коммуникация құралдарымен қамтамасыз ету жағдайында студенттің ақпараттық мәдениетін қалыптастырудың өзектілігі одан әрі арта түскенін аңғарасыз. Сондай-ақ, ғылыми еңбектің ақпараттық білім беруге көшу жағдайында болашақ мамандардың көзқарасын жаңаша қалыптастыру үшін қажеттілігі, оларды кәсіби даярлауды ғылыми-әдістемелік тұрғыдан жетілдіруге мүмкіндік береді.
Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты.