Алтын тұғырымыз – Ата заң!
– Конституцияға соңғы рет енгізілген өзгерістер Ата заңды жетілдіре түсті ме? Бұл ерекшеліктер жаңа Қазақстанның дамуына қаншалықты серпін береді?
– Қазақстан Конституциясының өзге өркениетті елдердің Ата Заңынан қандай ерекшеліктері барын атап айтар едіңіз?
– Азаттығымызды айшықтайтын басты құжатқа тағы қандай толықтырулар қажет деп ойлайсыз?
Ғизатолла ОТАРҰЛЫ, Ұлытау облыстық сотының судьясы:
Конституцияның жөні бөлек
– Ата заңымыздың тарихы көпшілікке мәлім. 1995 жылы жалпыхалықтық реферерендум нәтижесінде қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай келеді. Бүгінде біз Конституцияға сүйене отырып, заңдарды қабылдауға, заңнамалық базаларды жетілдіруге, еркін демократиялық мемлекет жолында қоғамды дамытуға болатынын анық айта аламыз.
Кез-келген құқықтық актіні қабылдаудан бұрын, оны құрастыру, шарықтау шегіне жеткізіп дайындау үлкен білім мен терең талдауды қажет етеді. Ал Конституцияның авторларына бұл талаптар мен жауапкершіліктің ауыр жүгі еселеп артса керек. Жыл сайын Конституция мерекесінде басты құжаттың әлеуеті, үстемдігі және тарихы ғана аталып өтіледі. Ел тағдырын жазумен пара-пар іске атсалысқандардың есімі көп жағдайда назардан тыс қалып жатады. Әрине, жанкешті еңбекке араласқандардың еңбегі мен есімі келешекке мәлім болғаны абзал.
Былтыр 5 маусымдағы референдум нәтижесінде енгізілген өзгерістер бойынша Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар президенттік формаға көшті. «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деп анық жазылды. Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ. Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіну құқығын алды. Өлім жазасына тыйым салынды. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ. Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады. Сенаттағы президенттік квота қысқарды, Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы жойылды. Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді. Тұңғыш Президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алынып тасталды.
Қазақстанда республикалық референдум 5 маусымда өтті. Дауыс беру құқығы бар 11 734 642 сайлаушының 7 985 769-ы саяси маңызды іс-шараға қатысты. Оның 77,18 пайызы Конституцияға өзгерістер енгізуге дауыс берді. Түзетулерге қарсы болғандар 18,66 пайызды құраса, бюллетеньдердің 2,58 пайызы жарамсыз деп танылды. Бюллетеньдердің 1,58 пайызы дауыстарды санау кезінде ескерілмеген.
– Жасыратыны жоқ, Ата Заңымыз – 30 жылдық тарихымызда көп өзгеріске ұшыраған Конституциялардың бірі. Оның себептері де көп. Тоқсаныншы жылдары не экономика, не саяси дағды жоқ кезде жалған плюролизм соңында ел тұтастығына сына қағуға болмайтын еді. Еліміз жас мемлекет ретінде даму жолында тар жол, тайғақ кешулерді бастан кешірді, сондықтан, заманына қарай амал жасау керек те болған болар. Мемлекеттік мүдде бағытында өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп отырды.
Былтырғы қаңтар оқиғасынан кейін мемлекет халық үніне құлақ түрді. Соның ең бастысы, Президенттің бір мәрте жеті жылдық мерзімге сайлану тәртібінің енгізілуі ең ұтымды жері деп айта аламыз.
– Еліміздегі мемлекеттік қызметтегілер үшін бірінші кезекте қазақ тілін білу талабын енгізуді ұсынар едім. Одан кейін «А» корпусындағылардың бір лауазымда екі мәртеден артық иемденуді шектеу керек. Яғни, министр, комитет төрағасы, департамент директорлары, облыс әкімдері мен олардың орынбасалары екі мерзім немесе екі жерде қызмет атқарғаннан кейін қайталап министр, әкім, төраға лауазымына тағайындалмайтындай тәртіп енгізілуі керек.
Мұндай тәртіп еліміз үшін таңсық емес. Соттар төрағалары екі мәрте төраға, алқа төрағасы болғаннан кейін қайталап төраға бола алмайды, қарапайым судья болып қызметін жалғастыра береді. Сонда өмір бойына ана министрліктен мына министрлікке, ана облыстан мына облысқа әкім болып жүретін «суперспособный» мемлекеттік қызметшілер азаяр еді. Жастарға жол ашылады.
Биыл 28 жылдығы тойланғалы отырған Конституция күні қарсаңында отандастарды осы атаулы мереке күнімен құттықтай отырып, барлықтарыңызға отбасы амандығын, еңбек абыройын тілеймін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Екінші Республика – Жаңа Қазақстан орнату жолында аянбай еңбек етуге шақырамыз. Қазақстанның қанаттыға қағылып, тұмсықтыға шұқылып кетпеуі үшін ең алдымен қазағымның өз ішіндегі татулығымызды нығайтуымыз қажет. Құдайға шүкір, тәуелсіздік алған жылдардағы азшылықтан қазір қазақ халқы өз отанымызда басымдыққа ие болдық. Біле білсек, мұның өзі үлкен жеңіс.
Әділ ЖҰБАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бас құжаттың үстемділігі артса игі…
– Конституцияға енгізілген соңғы өзгерістер қазіргі заман талабына сай деп есептеймін. Жалпы бір кішігірім мекеменің өзінде билік бір қолда болатын болса, бұл мұнда бәрі дұрыс дегенді білдірмейді. Сондықтан Ата заңға соңғы енгізілген өзгерістер өте құптарлық. Мұндай толықтырулардың Тәуелсіздік алғаннан кейін отыз жылдан соң уақытынан кешіктіріліп енгізілсе де, дейтұрғанмен оң өзгеріс екені рас. Өйткені жаңа Қазақстан құру үшін басшылар уақытында ауысуы керек. Халықтың қолында билік болуы қажет. Сайлау науқандары өз уақытында өткізіліп отырғаны жөн-ақ.
– Біздің Ата заң отыз жылдың ішінде сан мәрте өзгерістерге ұшырады.
Менің ойымша, өркениетті елдердің негізгі құжатымен салыстырғандағы ең басты ерекшелік осы шығар. Басқа өзгешеліктерді атап айта алмаймын. Себебі, өзге елдердің басты заңымен салыстырғанда аса алып-қосары жоқ деп ойлаймын.
– Қазіргі Ата заң халық игілігі үшін қызмет етсе екен деймін. Ең бастысы ұсынысым осы. Яғни, қазір қолда бар заңның үстемділігін арттыру – басты мақсат. Бұл ретте қарапайым халықтан басқа билік те Конституцияда көрсетілген заңдылықтармен еңбек етіп, тәртіппен жүріп-тұруы қажет.
Салтанат РАХИМОВА,
«Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ Атырау облыстық филиалының төрайымы, Атырау облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер:
Тіл мәртебесін күшейту маңызды
– Былтыр 5 маусымда өткен референдумда енгізілген өзгерістер Ата заңымызды жетілдіре түскені сөзсіз, әрине. Сол өзгерістермен еліміздің барлық аумағында Конституцияның сақталуын қамтамасыз ету үшін Конституциялық сот құрылып жұмыс істей бастады. Енді Конституцияға сай емес деп есептеген нормативтік құқықтық актілерге шағыммен кез-келген адам Конституциялық сотқа жүгіне алады. 2004 жылдан бастап мораторий жарияланып, қолданылмай тұрған өлім жазасы енді Қазақстанда мүлдем қолданылмайтын болды. Бұл да маңызды жаңалық. Себебі, біріншіден, тергеу, сот қателігі дегенді жоққа шығаруға болмайды, өлім жазасына кесілген қаншама адамның кейіннен ақталғанына тарих куә.
Екіншіден, Конституцияда ең жоғары құндылық – адам өмірі мен денсаулығы деп жариялаған мемлекетіміздің ресми түрде кісі өлтіруді қолдауы, өлім жазасына кесуі – өз құндылықтарын өзі жоққа шығарғанмен бірдей болар еді. Қылмыскерлердің барлығы да өзінің жасаған әрекетінің сипатына қарай тиісті жазасын алсын, тіптен өмір бойғыға бас бостандығынан айыру жазасы да қолданылсын. Бірақ, өлім жазасын қолдану дұрыс емес екенін құқық қорғаушылар көптен айтып келдік. Сайлау жүйесіндегі өзгерістер де еліміздің саяси дамуын жетілдіруге үлес қосатын болады деп есептейміз.
– Біздің еліміздің Конституциясы салыстырмалы түрде жаңа Заң ғой. Оның қабылдануына еліміздің танымал заңгерлері атсалысқан.
Конституциямыз демократиялық мемлекеттің барлық талаптарына жауап береді. Билік бөлінісінің тармақтары мен олардың әрқайсысының құзыреттілігі мен тепе-теңдік және тежегіштік принциптері айқындалған.
Ең бастысы, Конституция өзін демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жариялап, өзінің ең басты құндылығы ретінде адам мен оның өмірі, бостандықтары мен құқықтарын таныды. Бұл қағида Ата Заңымыздың 12-бабында көрініс тауып, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы адам құқықтары мен бостандықтарының үстемдігінен бастау алады делінген. Біздің мемлекетіміз өзін әлеуметтік мемлекет деп жариялаған санаулы елдің бірі екенін мақтанышпен айтуға болады. Қазақстан Конституциясы жүйелі түрде жазылған. Кейбір елдерде, мысалы Ұлыбритания мен Израильде Конституция жоқ, ал, Германия сияқты дамыған мемлекеттің Ата заңы жүйесіз жазылып, онда адам құқықтарын айқындайтын нормалар ретінде Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына сілтеме жасайтынын көргенде таң қалғанбыз.
Бірақ, біздің еліміздің негізгі заңы жақсы жазылған деп мақтанудың керегі жоқ. Ең бастысы – сол нормалардың орындалуы ғой. Әйтпесе, Конституциясының болмауы әлемде экономикасы жағынан 9-орынды алып тұрған Ұлыбритания сияқты державаның, Израиль сияқты ірі мемлекеттің дамуына кері әсерін тигізіп отыр деп айта алмас едік.
Ең бастысы, Конституциямен бекітілген барлық талаптар сақталып, заң үстемдігі орнағанда, әр адамның құқықтары мен бостандықтары іс жүзінде ең жоғары құндылыққа айналғанда ғана біздің еліміз дамыған, демократиялық, құқықтық мемлекет бола алады.
– Менің ұсынысым – көптің ұсынысы. Халқымызды соңғы кездері жиі алаңдатып жүрген мәселе – ол қазақ тілінің жойылып кету қаупі. Сондықтан, ұлт екеніміздің белгісі болып табылатын қазақ тілін дамыту мақсатында Конституцияның 7-бабындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген норманы алып тастау керек. Тек қана қазақ тілі – мемлекеттік тіл деген норманы қалдыру қажет. Ресми түрде орыс тілі қазақ тілімен бірге жүре бергенде қазақ тілінің мәртебесін көтеру де, оны білу үшін талапты күшейту де еш нәтиже бермейді. Сондықтан, бұл бір ұсыныс.
Екіншіден, Конституцияға қанша жерден демократиялық нормаларды жазып қойып, оның басты құндылығы адам өмірі мен құқықтары деп жариялағанмен, сайлау барысында адам құқықтары сақталмайтын болса, Ата Заңымыздың үстемдігін орнату мүмкін емес. Сондықтан, Конституцияға «сайлау электронды түрде жүргізіледі» деген норма енгізуді ұсынамын. Сонда ғана елімізде сайлаулар ашық, әділ өтетін болады. Ал, бұл, демократиялық және құқықтық мемлекеттің ең басты талабы және даму кепілі.
Сайполла САПАНОВ, тарих ғылымдарының докторы, саясаттанушы:
Саяси жүйе реформалануда
– Елдің қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда қабылданды, оған былтыр өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Оның ішінде маңызды өзгерістер бойынша жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Жергілікті өзін-өзі басқаруға байланысты, жаңа конституциялық реформа арқылы мәслихаттардың жергілікті өзін-өзі басқару деңгейі күшейтілді. Жалпы Президенттің конституциялық реформасы бюрократияны азайту, қоғамның саяси сауатын арттыруға бағытталып отыр. Әр азамат саналы түрде өз ісіне өзі жауап беруі керек. Заңда айқындалған қағидаттарға сәйкес, конституциялық бақылауды жүзеге асыру енді Конституциялық сотқа жүктеледі.
Конституцияға енгізілген өзгерістер мемлекеттің саяси жүйесінің реформалануына әсер етті. Бұл өзгерістерді іске асыру Конституцияға сәйкес құқықтық жүйенің дамуына, азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін және елдегі заңдылық режимін нығайтуға, халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға ықпал ететін болады.
– Еліміздің қолданыстағы Конституциясы терең экономикалық қана емес, саяси өзгерістер жасауға да мүмкіндік берді. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ, өлім жазасына тыйым салынды. Қазақстанның авторитарлық билікке ұласпауының кепілі ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ. Сонымен қатар, Ата заң Конституциялық заңдылықты қамтамасыз етеді. Мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде Қазақстан Республикасы Конституциясының нормалары мен ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету болып табылады. Конституциялық заңдылық нормативтік құқықтық актілерді шығару және барлық орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының нақты іс-әрекеттер жасауы кезінде Қазақстан Конституциясында тікелей қамтылған немесе одан туындайтын талаптар мен ережелердің қатаң сақталуын білдіреді.
Конституциялық нормалар Конституцияда қабылдау қажеттілігі туралы тікелей көрсетілген конституциялық заңдарда, сондай-ақ конституциялық ережелерді дамытуға қабылданған басқа да заңдарда одан әрі дамиды. Осылайша, конституциялық заңдылық барлық қоғамдық өмірдің жүйелік негізі деп айтуға болады. Өйткені, кез-келген саяси және экономикалық шешімдер барлық мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары, олардың шенеуніктері, азаматтары мен ұйымдары орындауы керек Нормативтік құқықтық актінің көмегімен жүзеге асырылады.
– Әлеуметтік мемлекет құруға бағытталған Ата заңымызға Индекстеу туралы өзгерістер керек деп санаймын. Яғни, бұл келісім-шарт сомасын, несиені, жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыларды, салымдарды және басқа да тұтыну бағаларының индексіне байланыстыру арқылы инфляциядан қорғау құралы болып табылады.
Дайындаған: Алтыншаш Құрмашева