Қоғам
АЛТЫ ҒАСЫРЛЫҚ АРМАН
Ағиба Қатешова, облыстық «Атырау» газетінің шолушысы:
— Қазақстан тәуелсіздік жолында талай қиындықты бастан кешті: 1916 жылғы көтеріліс, жиырмасыншы жылдардағы аштық, отызыншы жылдардағы тоталитарлық жүйе, Ұлы Отан соғысы, Желтоқсан оқиғасы. Ел басына қасірет әкелген нәубет жылдары тарыдай шашылып кеткен қандастарымыздың туған елге оралуға мүмкіндік алғаны да – тұғыры берік Тәуелсіздіктің арқасы. Ежелден еркіндік аңсаған қазақ атын, бүгінгі күні төрткүл дүние түгел біледі. Бүгінгі Қазақстан – сәулеті мен дәулеті астасқан, еңсесі биік, болашағы айқын іргелі мемлекет. Экономикалық даму қадамдары, әлеуметтік және рухани өмірдегі жетістіктері, ұлттар достастығының салтанат құруы – елдігіміздің алтын діңгегі. Әңгімемізді осы бағытта өрбітсек…
БАР БАҚЫТЫМЫЗДЫҢ БАСТАУЫ
Ерболат Бектеміров, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– «Халқымыздың қасиетті құндылығы – Тәуелсіздік. Қазақстанның барлық табыстарына Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізілді. Тәуелсіздік – бар бақытымыздың бастауы. Қалыптасқан мемлекеттің берік іргетасын орната отырып, біз алдағы кезде де халқымыздың бірлігі мен келісімін нығайта береміз»-деп көрсетілген партияның жаңа саяси Доктринасында.
«Нұр Отан» партиясы алдағы кезде де ел өміріндегі өзінің басым рөлін сақтауға бекінген. Партия жұртшылықты тарта отырып, халықтың нақты қажеттіліктерін шешуге негізделген тиімді жобаларды жүзеге асыруда, оның ішінде диалог пен ашықтық арқылы қоғамның өзекті мәселелерін алға тартып, жалпы азаматтық құқықтық мәдениетті қалыптастыруға екпін беріп отыр.
Сондай-ақ, партия жұмысы жаңа форматқа көшіріліп, негізгі акцент нақты сайлаушыларға бағытталуда. Ондағы мақсат – олардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында қолайлы жағдай жасау.
Партияның Сайлауалды тұғырнамасы аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыру мақсатында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары – «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері партиялық кураторлар ретінде бекітіліп, олардың жанынан сараптамалық топтар құрылды. Топ құрамына жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, жастар ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, сала қызметкерлерінің өкілдері енгізілді.
Сараптамалық топтар қызметінің мақсаты – тұғырнамада көрсетілген міндеттердің орындалысын талқылау, шешімі табылмай жүрген проблемаларды анықтап, нәтижесін жергілікті атқарушы органдар мен Парламент Мәжілісіне ұсыныстар беру. Бұған қоса, Партия Сайлауалды тұғырнамасын тиімді іске асыру мақсатында партия қызметіне жобалық-мақсаттық жұмыс форматы енгізілді. Осы орайда, «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық!», «Мықты бизнес – қуатты мемлекет», «Партияның жаңа 50 тұлғасы», «Жастар – Отанға!» жобалары арқылы сайлаушылармен жұмыс жүр-гізіліп келеді.
Сонымен қатар, жастарды толғандыратын басты мәселелерді шешуге мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстарды насихаттауға бағытталған көптеген жұмыстар жасалуда. Жастармен, соның ішінде ауыл жастарымен жұмыс жүргізуде «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты еліміз бойынша «Жастар – Отанға!», «Сәтті қадам», «Жастар кадрлық резерві» жобалары аясында жастармен тығыз байланыста жұмыс жасап келеді.
Партия халықтың мұң-мұқтажы мен өзекті мәселелерін көтеріп, оның шешілуіне бастайтын жұмыстарды белсенді түрде атқара беретін болады. Мемлекеттің, қоғамның және азаматтардың күш-жігері түгелдей Тәуелсіздікті нығайтуға бағытталуы тиіс. Осы орайда, барша халық пен күллі қоғам және әрбір азамат белсенді атсалысуы қажет. Біз бірігіп, ортақ күш-жігер біріктіргенде ғана алға қойған мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Ортақ игілікке қол жеткізу үшін біз барлық партиялар және бірлестіктермен белсенді үнқатысуға, сындарлы пікір алмасуға және ой бөлісуге дайынбыз.
Біз осы уақытқа дейін Елбасымыз атап өткендей, артық азап пен қиыншылықты, соғыс пен жанжалды көргеніміз жоқ. Ендігі біздің міндетіміз – еліміздегі тыныштық пен татулықтың, ұлтаралық бірлік пен берекенің шаңырағын шайқалтпай, Тәуелсіз мемлекетіміздегі әр азаматтың әлеуетін, жасампаздық күш-қуатын, болашаққа деген сенімі мен білімін өз Отанының игілігіне жұмсау. Елбасымыз «Тәуелсіздіктің әрбір жылының біз үшін мәні бөлек, маңызы айрықша» деп еді өз сөзінде. Осы бір қанатты сөздің түбіндегі ұлағатты ойды әр қазақстандық көкейлеріне тоқиды деп есептеймін.
САНАҒА СЕРПІЛІС ҚАЖЕТ
Аққали Ахмет, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Тәуелсіздік ұғымы – еліміздің әрбір азаматы үшін қасиетті ұғым. Болашаққа зор үмітпен қараған халықтардың бірі де болса, бірегейі – қазақтар екендігіне шүбә жоқ. Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман-сау қалған халықпыз. Ұлтымыздың әр дәуірде өмір сүрген тұлғалары ұлттық тәуелсіз мемлекет құру туралы ұлттық идеяны, бейбіт және бақытты өмір туралы арманы жүзеге асатын «Жерұйықты» қажымай-талмай іздегені ақиқат. Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күресте сындарлы да соқтықпалы жолдарында ұлтымыздың біртуар ұлдары мен қыздары жанкештілік ерлік пен өрліктің, қайсарлық пен қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Сондықтан да, бүгінгі ұрпақ оларға мәңгілік қарыздар екендігін ешуақытта ұмытпағаны абзал.
Қазақтың ұлт болып қалыптасқан дәуірі бір бөлек, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі тарихының өзі бүгінде бір төбе. Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан бастап, әр жыл сайынғы орын алған саяси маңызды оқиғалармен қатар, толайым табыстарға бүгінгі ұрпақ зор мақтанышпен көз жүгіртіп отырады. Ұлттық мемлекетіміздің берік іргетасы қаланып, келешекке деген сенім ұлғайды. Сондықтан да, болашақ жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың бірлігі үшін, әсіресе, жастарға, келешек ұрпақ үшін танымдық тағылымы мол көптеген игі іс шаралар жүзеге асырылды. Тәуелсіздіктің әр жылын ұлтты бірлікке шақыру және қоғамының көкейкесті мәселелеріне арнау – тәуелсіздігіміздің жемісі. Оның ел өмірінде зор саяси-қоғамдық маңызы бар екендігі белгілі.
Дегенмен, ой-санамызға әлі де серпіліс қажет-ақ. Өкінішке орай, біз үшін қасиетті Ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күні Жаңа жылдың «көлеңкесінде» қалып қоюы көңілге кірбің ұялатты. Елімізде Жаңа жыл жақындаған сайын алаулатып-жалаулатып Жаңа жылды жарнамалау жарысы басталады. Яғни, жаңа жылдық шыршалар мен құттықтаулар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптайды. Дегенмен, биылғы жылғы облыс әкімінің жаңа жылды қарсылау шараларын Тәуелсіздік күнінен кейін бастау туралы пікірін көпшілік қызу қолдады, ризашылықтарын білдірді.
Ағиба Қатешова: Дұрыс айтасыз. Әр мерекенің өзіндік орны бар екендігі рас. Бұл дер кезінде шешімін тапқан жанды іс болды. Әңгіме арнасына сәл бұрылыс жасасақ. Елбасы тарихты таныту арқылы ұрпақ ұғымын кеңейтуді көксейді. Осы орайда ұстаз ретінде жастардың отаншылдық рухта тәрбиеленулері туралы пікіріңізді айта кетсеңіз.
Аққали Ахмет: – Ия, тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр екені анық. Елбасымыз Ұлытау төріндегі ой-толғауында тарих туралы әңгімені тереңнен талдап өрбітті. Елбасының ел тарихы туралы ойларының негізгі арнасы өткенімізді, тамыры тереңде жатқан тарихымызды келешек ұрпаққа бояусыз, шынайы қалпында жеткізу болды. Бұны Тәуелсіздік деген киелі ұғымды жастар бойына сіңіру деп қабылдаймын. Адам өз тарихын білмей ұлт болып қалыптаса алмайды, ал тарихын білмеу надандықпен тең. Сондықтан, жастарға ерте жастан бастап тарихты оқытып, қазақтың қалай ел болғанын санасына сіңіріп отырса, біз рухы мықты ел боламыз. Ал Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясының астарында бақытты ел болуға қол жеткізудің ұлы мұраты жатыр.
Өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу үшін, алдымен ұстаздар қауымы өз бойымызда жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Жаңа қазақстандық патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойынұсынушылық – бұл ең аса маңызды құндылықтар бүгінгі тәуелсіз елдігіміз үшін аса қажет. Сондықтан да, мемлекетіміз әр тұлғаның өмір сүру сапасына, оның қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктері мен құқықтарына, болашағына кепілдік беретін болса, онда жас ұрпақ өз туған елін сүйіп, оны әрдайым да мақтаныш ететін болады.
ОТАНДЫ СҮЮ ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ
Мұхтар Ізғали, Атырау облысы Дін істері басқармасы басшысының орынбасары:
– Егеменді ел болу – алты Алаштың ғасырлар бойы аңсаған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы болса, бүгінгі қазақтың басына қонған бағына айналды. Азаттық – тілге тиек етер ұлы тақырып. Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауызбірлігі берік халық қана қол жеткізе алады. Желтоқсанда жарқылдап, күллі жаһанға қазақтың қайраты мен айбынын танытқан жалынды жастардың қазаққа сый қылып тартқан азаттығы – осыған дәлел.
Еліміз тыныш, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман деген тура осы. Артқа тастаған жиырма үш жылдың ішінде бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды. Экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз артты. Осының бәрі – азаттықтың, ата-баба мұрасымен қайта қауышқан қазақтықтың арқасы.
Қазақ дінін – атаға, тілін – анаға теңеген халық. Аллаға шүкір, тәуелсіздік бұл қос құндылығымызға да еркіндік алып берді. Адамзаттың дінсіз тарихы да, мәдениеті де болмаған. Дін қай қоғамда болса да адамшылық құндылықтарының қайнар көзі ретінде қабылданады. Ал, тілі жоқ қоғамды елестету әсте мүмкін емес. Дін мен тіл – тәуелсіздігіміздің түп тұғыры. Ал, тұғырлы тәуелсіздіктің туын түсірмеу – азат елдің асылдарына аманат. Егемендіктің ертеңі – бізге аманат. Өзімізден кейінгі ұрпаққа адалдықпен жеткізу жолында тер төгуіміз – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы. Ол барға – қанағат, бүгінімізге шүкіршілік арқылы жүзеге аспақ.
Бүгінде Дін істері басқармасы жастар мен жасөспірімдердің діни сауатын арттыру мақсатында орта арнаулы және жоғары оқу орындарында жиі-жиі іс-шаралар ұйымдастыруда. Оларды Имам Ағзам Әбу Ханифаның өмір тарихы, мәзһаб ұстанудың пайдасы және Ханафи мәзһабын ұстанудың дәстүрлі дінімізді сақтап қалудағы пайдасы түсіндіріліп отырылады.
Оқу орындарында, діни сабақтарда, тіпті тәрбие сағаттарында болсын мәзһаб жайында кеңінен айтылуы, теріс ағымдар жетегінде жүргендерді білікті теолог мамандармен кездестіріп, үгіт насихат жұмыстарын жандандырып, дамыта беру қажет деп ойлаймын. Бұл іске, имамдар, сонымен қатар, білікті теологтар мен дінтанушы мамандар жұмылдырылуда.
Дамып келе жатқан қай мемлекетті алсақ та, сырттан және іштен аяқтан шалушы топтар болатыны анық. Осындайлардан қазақ жастарының санасын қалай сақтап қаламыз деген сұраққа мен бұлай жауап берер едім. Бұл, ең алдымен ата-ананың өз балаларына бере алатын тәлім-тәрбиесіне, мектептегі мұғалімдер мен тәрбиешілердің қазақ жастарының санасына ұлттық және рухани құндылықтарымызды жеткізе білуіне байланысты. Қасиетті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадисінде «Отанды сүю – иманнан» деп, отансүйгіштік пен патриотизмді бекерден-бекер иманмен ұштастырмағаны белгілі. Олай болса, жүрегі «қазақ» деп соғатын, Қазақстанның бірлік пен ынтымақта өмір сүруін қалайтын осы елдің кез келген азаматы өз Отанын құрметтеуге, рухани байлықтарын бағалап, әдеп-ғұрпын білуге, ұлттық құндылықтарын қанына сіңіріп, оның келешек ұрпақ үшін сақталып қалуына үлесін қосуға міндетті.
Жастарды Отансүйгіш қасиетке тәрбиелеу – біздің де, баршаның да басты мақсаты болуы керек. Ендеше, тегеуріні теңдессіз тұлғалардың терімен жеткен Тәуелсіздігіміз баянды болсын!
ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛЫ МІНДЕТ
Сәрсенова Нұрзила Сәрсенқызы, «Өрлеу»БАҰО» АҚ филиалы «Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» «Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру» кафедрасының меңгерушісі, профессор, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі:
–Тәуелсіздік – кез-келген халықтың маңдайына жазылмаған, тағдыр-талайына бұйырмаған ғажап сый. Адамзат тарихының өзі – ұлттар мен ұлыстардың, халықтардың еркін ел құру жолындағы жан алып, жан беріскен күрестер тарихы. Жылнамаға түскен соңғы екі мың жылдың ішінде осы азаттық күресінен үстем шыққандардан гөрі, жеңіліс тапқандар мыңдап саналады. Біздің маңдайымызға жазылған, тағдыр-талайымызға бұйырған бағымызға қарай үстем шыққандардың ұлы көшінде Қазақстан да бар.
Ал, Тәуелсіздіктің тарихы оңай жазылған жоқ. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы әлем үшін «Қазақстан» ұғымы артта қалған қоғам сипатында ғана болғаны ақиқат. Бірақ, Елбасымыздың өз сөзінде: «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ. Біз кешегісі тұлдыр, болашағы бұлдыр халық емеспіз. Бабаларымыз тірі болу үшін бір болған, енді біз ірі болуымыз үшін бір болуымыз керек» — деп көрсеткеніндей, біздің мемлекетіміз тарих көшінен қалмау былай тұрсын, өзінің тынымсыз талпынысы, қажырлы қайраты, талмас ізденістерінің арқасында алдыңғы қатарға табан тіреді.
Еліміздің егемендік алған алғашқы жылдары бар күш-жігерімізді экономикалық, әлеуметтік жағдайларды көтеруге жұмсадық. Ендігі мақсат – сол экономикалық, әлеуметтік даму бағытымыздың әлем алдындағы бәсекелестікке төтеп беруі. Елбасымыздың сөзімен айтсақ, «Біздің стратегиялық міндетіміз – бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан лайықты орын алу. Ал, өмір сүріп отырған қоғамның әл-ауқатын жақсарту және әлем елдерімен терезесі тең дәрежеде дамыту, ондағы білім саясатының арқасында жүзеге асатыны белгілі» деген. Олай болса, ұлттың бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімдік деңгейімен айқындалатыны ақиқат.
Ағиба Қатешова: Бұл жолда білім саласы қызметкерлерінің қосқан үлесі де шексіз десек, артық айтқандық болмас.
Нұрзила Сәрсенова:
– Әрине.Себебі, ұстаз – өзінің ісімен де, сөзімен де Егемен еліміздің болашағын жасап, оның жасампаздығын ойлайтын, тәуелсіздігін қорғайтын білімді ұрпақтың тәлімгері. «Алты алаштың баласы бас қосқанда, төрдегі орын – мұғалімдікі» деп аяулы ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұрпақ тәрбиесі жолында қызмет етіп келе жатқан ұстаздар еңбегін қалай мадақтаса да артық емес.
Нарықтың қаңбағы болмай, халықтың қаймағы бола білген, адамның майдасы болмай, заманның айнасы бола білген, ұлтының ұлыларын ұлықтап, тектілерін ту ғып көтере білген Ұстаз атты ұлы есімге ие бола білген жандарға, олардың өлшеусіз еңбектеріне бүгінгі таңда Елбасымыздың өзі үлкен көңіл бөліп отыр. Педагог қызметкерлерге әлеуметтік жағынан қолдау жасап, жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы еңбегінің жемісті болуына назар аударуда. Елбасы саясатының нәтижесінде білім орындары мүмкіндігінше базасын жетілдіріп келеді. Әлемдік деңгейдегі 12 жылдық білім үрдісіне көшу де – атқарылар істің басында тұрған мәселе. Тек өз Отанымыздағы білім үрдісімен шектеліп қалмай, әлемдік білім кеңістігіне шығу жолындағы қадамдарымыздың өзі – нәтижелі еңбектің көрінісі.
Бұл қарқынды іс біздің облысымызда да жалғасын тауып, өз жемісін беруде. Алдағы уақытта да ұстаздар қауымы алаңсыз шығармашылықпен айналысып, кәсіби шеберлігін арттыра жұмыс жасай алады. Егер де әрбір педагогикалық ұжым ең жоғары талаптарға жауап беретін білім беру модельдері мен технологияларды қолданып, мақсатты түрде жұмыс істесе, онда біз дәуіріміздің ағымынан қалмайтын боламыз. Сонда ғана Қазақстандық білімді жоғары сапалық деңгейге көтереміз.
БҰЛ КҮНГЕ ОҢАЙ ЖЕТКЕН ЖОҚПЫЗ
Динара Қожасова, Атырау облысы «Азаматтық альянсы» Заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры:
– Сан ғасырлар бойы небір қасіретті бастан кешсе де, ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай, «мың өліп, мың тірілсе де» мойымаған қазақ халқы ұрпағының бас бостандығы, тәуелсіздігі үшін жан аямай күресті. Осы жолда ұлтымыздың аяулы тұлғалары, қайтпас қайсар батырлары жанын қиды. Әрине, олар бұл күнге жете алмаса да, өздерінің күрескерлік рухын, асқақ арманын болашақ ұрпақ жүрегіне жалғап, алғы күнге үміт артты.
Халқымызда «Өскен ел тарихын таспен жазады, өшкен ел тарихын жаспен жазады» деген мақал бар. Біздің халық тарихын ғасырлар бойы жаспен жазып келді. Міне, сол ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы көксеген арманына, аяулы мұратына ХХ ғасырдың соңына қарай қолымыз жетті десек, бүгін арманның жүзеге асқанына 23 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде еліміздің еңсесі көтеріліп, тарихымыз таспен жазылып келеді. Иә, небәрі 23 жыл ішінде қазақ халқы бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген жетістіктерге жетті. Әрине, оның бәрі бізге оп-оңай келе салған жоқ, бұл қазіргі халқымызға берілген таңғажайып сый – Тәуелсіздік. Бұл – өзіне тән тілі мен дәстүрі сақталған әрбір қазақ халқының біртұтас ұлт ретінде еркін сезіне алуы, байтақ жеріміздің осынша уақыт ішінде қанмен, жаспен жазылған тарихтың арқасында сақталып қалғандығы үшін қазақстандықтарды жарқын болашаққа ыждағаттандыруы. Сол себепті, Тәуелсіздік күні мерекесі бүкілхалықтық ұлы мереке, той. Жерлестерімді бүгінгі Тәуелсіздік күнімен құттықтап, армандарымыз бен мақсаттарымыз баянды болсын деймін.
Түйін:
Бұл – біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, өткенге салауат жасап, болашаққа сеніммен қарайтын үміттің мерекесі. Бұл – еліміздің тарихына, ата-баба рухына, олардың қаһармандық өмір жолына құрметпен бас иетін күн. Ендеше, мереке құтты болсын! Лайым, кең байтақ туған жеріміздің түкпір-түкпірінде жақсылықтар мол болып, халқымыз қуанышқа кенеле берсін!
Өз тілшіміз.