Әлсіздің әлегі
Әлемнің қай қиырында болмасын, құмар ойын өз құрбанын іздейді. Ойында жеңіп, төлемеген қарызды жапқысы келгендер, сол үшін қалтасындағы соңғы тиынын бәске тігетіндер, әйтеуір бір таңғажайып сәтті күтіп жүргендер көп-ақ. Ең өкініштісі, олар өздеріне қауіп-қатер төнгенін сезбейді. Тіпті бірнеше рет ұтылғанмен, олар ойнауын тоқтатпайды. Себебі ойын аяқталмайды – ол мәңгілікке созылады.
Жан жарасын емдейтін орталықтар
Құмар ойындарға тәуелді азаматтардың саны артып барады. Әсіресе, интернет арқылы ақша тігетіндер көп. Атыраудағы ресми статистика, яғни заңсыз ойын орындары мен букмекерлік кеңселердің көптігі қалада жастар арасында тәуелділіктің жоғары көрсеткішін аңғартады. Дегенмен, қоғамның жегі құртына айналған бұл проблемамен жеке-дара күресіп жүрген бірнеше орталықтың бірі – «Жаңа өмір» қолдау орталығы. Онда бүгінде емделіп жатқан 30 адам бар, олардың жас шамасы – 18 бен 45 жас аралығында. Бірі қиын жағдайдан шығып, жаңа әрекетті қолға алса, енді бірі өзіне деген сенімін қайта қалыптастыруға тырысып жүр.
– Орталық жұмысының негізгі бағыттарының бірі – топтық терапия. Мұнда адамдар бастан кешкен қиындығын бір-бірімен бөлісіп, қолдай алады. Әр топта адамдардың қиындықтары мен жекелеген мәселелері талқыланып, оларды шешудің тәсілдері іздестіріледі. Мұндай бірлескен жұмыс өзара түсіністік пен қолдауды қалыптастырып, адамдардың бір-біріне деген сенімін арттырады. Қолдау орталығына емделуге келгендердің 70%-ы дерлік ата-аналарының мәжбүрлеуімен келген. Тек 30%-ы ғана өз еркімен келеді, — дейді орталық басшысы Тимур Рамазанов.
«Ауруын жасырған өледі» деген халық даналығына сүйене отырып, Тимур Рамазанов бұл мәселенің құпия қалмауы керек екенін айтты. Құмар ойын – тек қаржылық емес, рухани дағдарыстың белгісі. Ол адамның ішкі күйзеліске ұшырауына, отбасылық қатынастар мен қоғам тыныштығының бұзылуына әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Егер бұл кеселдің жолын кесуге қалың бұқара болып жұмылмаса, оның салдары аса ауыр болатыны түсінікті.
Биыл шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі мен лотерея қызметіне қатысты арнайы заңға қол қойды. Заңға сәйкес енді борышкерлердің бірыңғай тізімінде тұрған азаматтарға құмар ойындар ойнауға, бәс тігуге тыйым салынады. Сондай-ақ адамның өмірін құмарлыққа тұсаулап қойған бұл ойынды жарнамалағандарға да заң қатаң. Одан бұрын, яғни наурыз айында өзін құмар ойындардан, бәс тігуден шектеу бойынша енгізілген онлайн қызмет алты айдан бір жылға дейін өз бетінше шектеуге мүмкіндік береді.
Қазақстанда құмар ойындармен кешенді күрес жүргізіліп, 2026 жылға дейінгі нақты жоспар әзірленген. Ал, биыл 9 қыркүйектен бастап елде мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындар ойнауына тыйым салатын заң күшіне енді. Заң аясында мемлекеттік, әскери, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен бюджеттік мекемелердің басшылары құмар ойын ойнап, бәс тіге алмайды. Оған бағынбағандар лауазымынан босатылады.
Ставка сайын үміт бар…
– Бір рет ұтсам, бәрін қайтадан бастар едім!..
Бұл – атыраулық Ерланның жиі айтатын сөзі, өйткені ол да бір кездері ойынға құмар болғандардың бірі. Жұпыны тұрмыстан ығыры шыққан ол оқуын бітірген соң жұмыс таппай біраз сенделді, бірақ жүрек түкпірінде болашаққа деген сенімі зор еді. Әлеуметтік желіден көрген жеңіс бейнелері мен букмекерлік кеңселердің жарнамалары оны біртіндеп өзіне тарта бастады. Алғашқы ойында тапқан-таянғанынан түгел ұтылды. Бірақ оған ештеңе болмағандай сезілді, себебі ойынның өзі – бір сәттік қуаныш.
– Бір күні ставка тігіп көрдім. Бастапқыда көп болмаса да біршама ұттым, бірақ ұтыс сайын үміт көкжиегі біртіндеп жақындай түсті. Сол кезде менен асқан бақытты жан болған жоқ, алдымнан барлық жол ашылып тұрғандай көрінді. Мақсатым – көп ақша тауып, өмірімді өзгерту еді. Біртіндеп ұтыстан ұтылу көбейе берді. Ең болмағанда ақша жасап, қарыздарымды жабуды армандадым. Қарыздың үстіне қарыз жамала берді. Соңғы ставканы тіккенде, өзімді жоғалтқанымды сезіндім. Ойын ешқандай сәттілік бермеді, тек бәрін тартып ала берді. Көп нәрсені жоғалттым. Қазір психологиялық қолдау орталықтарына барып, мамандардан қолдау көріп, құмар ойынға тәуелділігімді жеңіп жүрмін, — дейді Ерлан.
Ол әңгімесін аяқтай келе, бізге бір ғана кеңес берді…
«Егер ойында бір рет ұтсаңыз, сол сәттік жеңіс сізді ешқайда апармайтынын түсініңіз! Ал егер ұтылсаңыз, тіккен ақшаңызды ешқашан қайтара алмай қаласыз. Менің жолыммен жүрмеңіздер!.. Бақытты болу үшін құмар ойынға әуес болмай, қарапайым өмір сүру керек екен!..» — деді ол.
Өзін дер кезінде тоқтата білген Ерланның бұл кеңесінің жаны бар. Мұндай айналып қазығын табар жандар үшін мемлекет те арнайы тетік ойлап тауыпты. Республика Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, биыл қазан айына дейін eGov mobile электронды үкімет қосымшасы арқылы және жазбаша өтініш арқылы 165 мыңға жуық адам өзін құмар ойындардан шектеген. Бұл кез келген азаматты, әсіресе шамадан тыс ойнауға бейім адамдарды Қазақстанда лицензиясы бар барлық ресми ойын алаңдары мен онлайн букмекерлік платформаларға қолжетімділікті дереу шектейді.
Мемлекеттің лудоманиямен күреске айрықша ден қоюы елдегі құмар ойындарға тәуелділікті біршама төмендетуді мақсат ететіні түсінікті. Мысалы 2026 жылға дейінгі жоспарда ойынға тәуелді лудомандардың санын 42 пайызға азайту көзделген.
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы өз кезінде: «Құмар ойын – əлсіздің əлегі. Мықтының рухы биік, денесі шымыр», — деген екен. Бұл ойынның арбауына рухы әлсіреген, рухани байлық пен өмірлік мақсат-мұраттан ада адамдар түсетінін аңғаруға болады.
Әйтсе де біреу тойып, біреу тоңып секіретінін де естен шығармаған жөн. Кейбіреулер құмар ойынға оңай табыс табуды көздеп барса, енді бірі дүниесі асып-тасып, еріккеннен бет бұрады. Егер қызығушылық атты қу түлкі жетектесе, басқа дүние күйіп кетсе де алаңсыздық бойды билеп алады. Алайда құмар ойынға тіккен ақшаның да, уақыттың да қайтарымы жоқ. Оған көпшіліктің көзі жеткенмен, көңілі иланғысы келмейді. Сөйтіп, біреулер айрандай ұйып отырған отбасының шаңырағын өз қолымен ортасын түсіріп, бауыр еті – бала-шағасынан, жамандығын жасырып, жақсылығын асырып отырған туған-туысынан, тұрақты жұмысынан демде айрылып, адам танымастай халге түсетіні анық.
Құмар ойынның құрығына іліккендер психологиялық ауруға ұшырағанын өзі де байқамайды. Тек мемлекеттің тарапынан болатын шараға қарап қалмай, әр адам өзін-өзі тәрбиелеп, құмарлыққа елітпей, тек маңдай тер, адал еңбекпен табыс тапса қандай ғанибет!
Тоғжан ЕРМЕК
Коллажды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ