«АЛЛАҒА ДА СЕН, ҚОҒАМДЫ ДА СЫЙЛА!»
Брифингте айтылған басты жаңалық — «Е-Islam» ақпараттық-ағартушылық ғаламтор порталының ашылуы болды. «Портал қызметі Қазақстандағы дәстүрлі исламның рухани құндылықтарын, мемлекеттік құрылымның зайырлылық қағидаларын, сондай-ақ, діни экстремизм мен терроризмнің таралуының алдын алуға бағытталған» деп атап өтті Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Марат Әзілханов. Белгілі болғанындай, күнделікті жаңартылып отыратын жаңалықтарда ағартушылық ақпараттар, ислам білімі, ғылымы, мәдениеті туралы анықтамалар беріледі. Әрі порталдың көмегімен қасиетті Құран кітабының толық мазмұнымен танысуға, намаз оқу, ораза тұту, зекет төлеудің ережелері мен ерекшеліктерін оқып үйренуге болады.
Тағы бір жаңалық — «Қауырт желі – 114» жобасы іске қосылды. «Бұқара тарапынан көптеген қоңыраулар түсіп жатыр. Мұның өзі бұл жобаның елге керек екендігін көрсетеді» дейді ақпараттық-консультациялық орталық жетекшісі Юлия Денисенко.
Оның айтуынша, тәулік бойына жұмыс істейтін желі арқылы екі кәсіби дінтанушы, екі психолог және заңгер мамандар қызмет көрсетеді екен. Қоңырау шалу тегін. Әрі Қазақстанның кез келген нүктесінен хабарласуға болады.
Одан әрі журналистер сауалдарына жауап берген агенттік төрағасы Марат Әзілханов мектептегі қыз балалардың хиджаб киюіне байланысты пікірін білдірді. «Білім саласы – зайырлылығымен ерекшеленеді. Ал, хиджаб — ұлттық киім емес. Біз елімізде хиджабтың діндарлық белгісі ретінде қолданылуына қарсымыз. Ал, орамал басқа мәселе. Елімізде орамал тағуға тыйым жоқ. Қасиетті Құранда «еліңдегі заңдарды сыйлау керек» деген бар. Сол секілді Аллаға да сену керек, қоғамды да сыйлау керек. Шынайы мұсылман осының барлығынан тепе-теңдік таба алады» деп мәлімдеді ол.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.