ӘЛІҢЕ ҚАРА, АҒАЙЫН!
Той десе ішкен асын жерге қоятын да, бар жиғанын аямай шашатын да – осы біздің халық. Тойдың артықшылығын, ондағы орын алған олқылықтарды сынап-мінеп, керек жерінде асырыңқырап жіберетін де – осы біздің өзіміз. Тарыдай себеп табылса, обалымыз не керек, таудай етіп той жасауға қашанда әзір тұрамыз.
Әрине, той жасаған жақсы-ақ. Бірақ, «Аяз би, әліңді біл!» дегенді босқа даңғойланбай неге тыңдамайды, осыған таңмын. Қазір несие деген «жарылқаушы» шықты. Қит етсе, көрінген банктен қарыз алып жатқандарды көресің. Көпшілігі тілашар, мерейтой, шен алып, шекпен кию, үйленіп үй болу, қыз ұзату сияқты той-томалаққа несие алып, әйтеуір барынша дайындалып-ақ бағады. Кейбір отбасын жаңа құрғалы жүргендер өздері несие алып, дос-жаран, тума-туыстың алдында ата-аналарын жоқтатпай, өздерінің де жауапты іс атқаруда күштері жететіндерін дәлелдегілері келіп, тырбанып-ақ бағады. Әйтеуір, әупіріммен қарызданып-қауғаланып той өткізеді.
Кейінгі өмірлері қалай болады екен? Бір сәт үңіліп көрелікші. Жас шаңырақ құрылмай жатып-ақ, аршыған жаңғақтай дымсыз қалады. Жаңа қосылғандарға жамағат жылу жинап берсе жақсы, ол болмаса өздерінің жалақыларына сеніп отырған жас жұбайлар нәпақаларының жартысынан көбін несиеге төлеп, әбден тарығады. Ішінара болса да, өзгенің жыртығы көрінгенге күлетініміз тағы бар, жас жұбайлардың үйіне барып сынап-мінеп, өзімізше бір іс тындырғандай болып, миығымыздан күліп кете барамыз. Несиемен қоса коммуналдық қызмет, пәтерақысы әбден қысқан жас отбасында кикілжің, келіспеушілік дегендер басталады. Әсіресе, ашынған жас келіншек жолдасын сөзбен шағып, дүрсе қоя берсе, ері күйініп ащы суға салынып, тіпті кей жағдайда ажырасуға әкеліп соғып жатады.
«Кімнен кеммін, мен де ел қатарлы той жасаймын» деп шамасына қарамай қомақтылау несие алып, тойдан кейін әбден шатқаяқтап қалып жатқан кей ағайынның халі – осы.
Ботагөз ҚҰЛМАҒАМБЕТ.
Атырау қаласы.