Жарнама
Қоғам

Алғыс айту күнінің қысқаша тарихы

Алғыс айту күні 2016 жылдың 14 қаңтарында 1 наурыз елімізде Алғыс айту күні деп жарияланды. Бұл – Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған, еліміздің тарихына құрмет көрсетіп, барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын күн. Азаматтардың бір-біріне құрмет көрсетіп, алғыс айтатын мереке. Қазіргі таңда отанымыздың түкпір-түкпірінде әртүрлі ұлт өкілдері ел ертеңіне үлес қосып, еңбек етіп, бейбіт өмір сүріп жатыр. Бүгінгі мерекеге орай, бұл мейрамның тарихы мен тағылымына назар аударып шолу жасап көрейік.

Қазақстан халқы бұл мейрамды алғаш рет 2016 жылы атап өтті. Алғыс айту күнінің этносаралық өзара іс-қимылдың бірегей институты – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен сәйкес келуінің астарында терең мән бар. Өткен ғасыр ауыр нәубетпен сыналған ғасыр болды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес режимі батыс шекарадағы халықтарды «сатқындық жасауы мүмкін» деген жаламен күштеп көшіре бастады. Бұдан бөлек Қиыр Шығыстағы азғантай корей диаспорасын да айдауға салды. Осы кезде қазақ даласына түрлі ұлттарды жаппай күштеп көшіру басталды.

1946 жылы Кеңес одағында жер аударылған халықтардың жалпы саны 2,5 миллионға жеткен. Кейбір деректерде үш миллионға жуықтаған деп көрсетіледі. Ал осының ішінде Қазақстан аумағына жер аударылғандары 1 миллион 200 мың адам екен. Алайда құжаттарға сүйеніп елімізге көшірілген халықтың нақты санын айту өте қиын. Себебі қоныс аударушыларды әр ай сайын қайта тіркеу, оның ішінде жаңадан қосылғандармен араластырып тіркеу, бір отбасын басқа жерге қайта көшіріп жіберу, туыстардың бөлініп кетуі, кейбір отбасының қайта қосылуы секілді жағдайлар өте көп кездесетін еді. Әр жылдары 800 мыңдай неміс, 102 мың поляк, Солтүстік Кавказ халықтарының 550 мың өкілдері, Қиыр Шығыстан 18,5 мың корей отбасы жер аударып, көшіп келуге мәжбүр болған деген деректер бар. Жер аударылғандар қазақ даласында көбіне егін шаруашылығымен, мал өсірумен айналысты. Кейін барлық өнеркәсіп саласына атсалысты. Бұл өз кезегінде Қазақстан экономикасының дамуына мол үлес қосты.

Кейін 1957 жылы күштеп жер аударылған халықтардың өз отандарына қайтуына рұқсат берілді. Соған қарамастан, олардың көбі қазақ жерінде қалып қойды. Кавказ халықтары мен немістерге, түріктерге ғана өз жерлеріне қайтуға мүмкіндік берілмеді. Жер аударылғандар Сталиннің өлімінен кейінгі Хрущевтің «жылымығы» жылдарында жағдай түзеле бастады. Осы кезде күштеп қоныс аударылған халықтардың қазақ жерінде туып-өскен жаңа буыны өсіп, өркендеді, олар әр салада кәсіп етті. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де Қазақстанды өз отаны санайтын буын ел үшін қызмет етіп жатыр.

Міне, Алғыс айту күнінің тарихы әріде жатыр. Көктемнің алғашқы күнімен қатар келген бұл күннің басты мазмұны қазақ еліне кезіндегі қолғабысы мен қайырымды ісі үшін алғыс айтуды білдіреді. Түрі, діні, тілі, мәдениеті, салт-дәстүрлері басқа этнос өкілдерін бөтенсімей, өгейсітпей көкірегіне басқан қазақтың шексіз мейірімі мен жүрегінің кеңдігін, қазақтың өзі де осындай ұлы нөпірдің арасында жоғалып кетпей сақтап қалған қасиетін де ерекше атап өту керек.

Бүгінде Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарында «Қазақ еліне мың алғыс» атты монументтер бой көтерген. Бұл ескерткіштерді еліміздегі түрлі этностық топтар басына күн туған кезде бауырына басқан қазақтың жері мен еліне алғыс ретінде өз бастамаларымен тұрғызған болатын. Сонымен қатар елорда төрінде «Қазақ Елі» монументінің де бой көтеруі қазақ ұлтының айналасына топтасу идеясын күшейте түсті.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button