«БЕЙБАРЫС» ЕСЕ ҚАЙТАРДЫ

Атыраулық «Бейбарыс» командасы ең мықты қарсыластарымыздың бірі – көкшетаулық «Арланмен» өз айдынында кездесті. Екі кездесуде де қос команда өзінің мықтылығын көрсетті. Алғашқы күні көкшетаулықтар 1:2 есебімен басым түссе, екінші күні жерлестеріміз есе қайтарды.

Ойынның негізгі кезеңі мен овертайм бөлігі 3:3 есебімен аяқталды. «Бейбарыс» құрамынан Матис Краль мен Йоханн Лоррейн қарсылас қақпасын бағындырса, «Арланнан» Владимир Маркелов, Александр Долишня мен Мартин Кришка ерекшеленді. Ереже бойынша матчта тек буллит сериясы анықталды. Бұл жолы да Йоханн Лоррейн өз шеберлігін тағы танытып, жеңіс голын соқты. Ал,  қақпашымыз Матия Пинтарич буллитте «арландықтар» соққан үш шайбаны да кері қайтара білді. Есеп – 4:3.

Осы орайда, команда құрамында орын алып жатқан өзгерістер жайлы оқырмандарымызға хабарлауды жөн санап отырмыз. Шабуылшы Алексей Репкин елордалық «Астана» командасы құрамынан мұнайлы өлке ұжымына кері қосылды. «Кері» деп отырған себебіміз, бұған дейін Алексей үш маусым қатарынан Атырау өлкесінің намысын қорғап, екі рет ел чемпионы атанған еді. Сонымен қатар, Паси Салонен мен Роберт Крайчи де ортамызға кері оралды. Олар да бір кезде «Бейбарыс» құрамында ойнаған болатын. Бұған қоса, өскемендік «Торпедо» командасынан шабуылшылар Павел Каратаев пен Александр Вологодский, альметьевтік «Нефтяник» құрамында ойнаған Алексей Ложкин де командамыздың құрамын толықтырды. Бірақ, ұжымнан кеткен ойыншылар да бар. Команда капитаны болып келген Александр Победоносцев пен шабуылшы Виктор Захаров павлодарлық «Ертіс» командасына ауысты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген автор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз